Иә, Құранда дұға аяттары көптеп кездеседі. Олардың Құранда зікір етілуінің ең басты хикметтерінің бірі – дұға етудің маңыздылығын көрсету болса керек. Себебі дұға жасау да өз алдына құлшылық. Дұға – пенденің өзінің Жаратушысының алдында әлсіздігі мен құл екенін мойындағандығының бірден-бір көрінісі. Дұға – құлды Раббысына жақындатып, Оның мейіріміне мұқтаж екенін көрсететін құлшылықтың түрі. Сондықтан Құран кәрімде бұрынғы үмбеттер мен пайғамбарлардың дұғаларынан үзінділер беріп, біздің де дұға жасауымыз қажет екенін есімізге түсіреді.
Құранда бұрынғы жасалған дұғалардың берілуінің тағы бір хикметі – Жаратушы иеміздің бізге дұғаны қалай жасау керектігін үйретуді мақсат етуі болса керек. Себебі Құран кәрімде «Бақара» сүресінің 186-аятында: «(Мұхаммед!) Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Өте жақынмын, қашан менен тілесе, тілеушінің тілегіне жауап берем. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді» делінген. Яғни, жоғарыда да айтылғандай, біздің дұға жасауымыз қажет және дұғаны қалай жасау қажет екендігі де Құранда көрсетілген. Мысалы Нұх пайғамбардың Құранда былай деп дұға еткені баяндалған: «Раббым! Мені, əке-шешемді, мүмін болып үйіме кірген кісіні жəне мүмін ерлер мен əйелдердікешір!» (Нұх сүресі, 28-аят). Міне, осы секілді Құранда айтылған дұғаларды өзіміздің тілектеріміздің арасына қосып дұға жасасақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы