Әрине, ислам дінінде әрбір құлшылық жеке-жеке әмір етілген. «Бір құлшылықты орындамасаң, басқасын да орындауыңа болмайды» деген қағида жоқ. Себебі, пенде о дүниеде әр құлшылығы үшін жеке жауап береді. Дегенмен, осы аталған құлшылықтардың бәрін бізге әмір етуші бір ғана Жаратушы иеміз. Яғни, намаз да, ораза да, зекет те Раббымыз тарапынан әмір етілген. Сондықтан, олардың бәрін Раббымыздың әмірі деп біліп, орындауға бар құлшынысымызбен тырысуымыз керек.
Нәпсімізге жеңіл келгенін орындап (себебі парыз оразаның уақыты жылда бір мәрте ғана келетіндіктен күнде бес уақыт орындалатын намазға қарағанда нәпсімізге жеңілдеу келуі мүмкін. Сондай-ақ зекет беру кезінде де адамның дәрет алу, намаздағы секілді қимылдарды орындауы қажет болмағандықтан әрі ол да жылына бір мәрте ғана орындалатындықтан нәпсіге жеңілдеу келуі мүмкін) қиынынан қашқақтасақ, бұл иманымыздың әлсіздігін көрсетеді. Сондай-ақ, «намаз оқуға әлі дайын емеспін» деп сылтаурататындар немесе намаз оқуды әлі ниет етпегендердің бұл әрекеті олардың намаздың маңыздылығынан хабарсыз екендігін көрсетеді. Себебі, олар намаздың қаншалықты керемет құлшылық әрі ең басты құлшылық екенін білсе бұлай сылтауратып, уақытты созбас еді. Құранда Алла тағала: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етуден басқа нәрсе үшін жаратпадым» (Зарият сүресі, 56-аят) деп шын мәнінде, адамның дүниеге келгендегі жалғыз мақсаты – құлшылық жасау екенін баяндайды. Ал бұл құлшылықтардың басында намаз тұратыны күллі мұсылманға белгілі.
Намаз туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммед Алланың Елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, шамасы келсе қажылыққа бару және Рамазан оразасын ұстау» (Бухари). Пайғамбарымыз (с.а.с.) жоғарыдағы хадисінде намаздың иманнан кейінгі орында екенін көрсеткен. Әрі ислам тарихында да намаз ораза, зекет, қажылық секілді құлшылықтардан бұрын әмір етілген.
Ғалымдардың бәрі намаздың Миғраж оқиғасы кезінде, яғни Мәдина кезеңінен бұрын әмір етілгеніне бірауыздан келіскен. Бұл да намаз құлшылығының артықшылығын көрсетеді. Сондай-ақ ақыретте де адам баласы есепке тартылғанда, ең алдымен намазы сұралады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы былай деп айтқан: «Адамдардың қиямет күнінде алғаш есепке тартылатын амалы мен іс-әрекеті – намаз», «Ұлы Раббымыз хабардар бола тұра періштелеріне былай дейді: «Құлымның парыз намазына қараңдар.Оны толық орындап па, кемістігі бар ма»? Егер оның парыз намаздары толық болса, намаз сауабы толықтай жазылады. Егер парыз намаздарында нұқсандық болса, Алла Тағала былай дейді: «Құлым нәпіл (сүннет) намаздарын толық оқыған ба екен?» Егер ол сүннет намаздарын толық оқыған болса, Алла Тағала «Құлымның нұқсан парыз намаздарын нәпілдермен толтырыңдар» дейді. Одан кейін парыз болған басқа амалдар да осылайша есепке тартылады» (Тирмизи). Яғни, ақыретте де басқа құлшылықтарға қарағанда намаздың бірінші сұралуы оның Алла тағала құзырында маңызды құлшылық екенін көрсетсе керек.
Дегенмен, намазды орындамаса басқа құлшылықтар қабыл болмайды немесе оларды орындауға болмайды деп айта алмаймыз. Әр құлшылықтың орны жеке дара. Дей тұрғанмен, Абай атамыздың: «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» дегеніндей, адами борыштарымызды, міндеттерімізді дұрыс саралай біліп, бұл өмірдегі негізгі міндеттерімізді атқаруға барынша талпынуымыз қажет. Себебі, ажал айтып келмейді.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы