Сынған не жарасы бар мүшенi жуу зиянды болса, үстiне байланған тақтай, гипс, мата орағышқа, жiп не басқа затпен оралған мақтаға дәрет, ғұсыл кезiнде бiр рет мәсих тартылады. Егер бұл масих зиян келтiретiн болса, сол күйiнде қалдырылады.

Таңғышқа мәсих тартуға болатындығына Әзiретi Әли (р.а.) жеткiзген мына хадис дәлел: «Бiлегiм сынған едi. Алланың Елшісінен (с.а.с.) сұрағанымда ол таңғыштың үстiнен мәсих тартуымды бұйырды».[1] Басы жараланғаннан соң ғұсыл еткен, кейiн қайтыс болған кiсi жайлы Жәбир (р.а.) риуаят еткен хадис бойынша Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Оған тәйәммум етуi, жарасына мата байлап, сол жерге мәсих тартуы және денесiнiң қалған бөлiгiн жууы жеткiлiктi болатын едi».[2]

Ислам – ақыл мен бiлiмнің дiнi. Аса зәру жағдайларда тыйым салынған, нұқсанды нәрселер мубах етіледi. Астын жуу мақсатында жараның матасын не таңғышын ашу кейде қауiп тудырады. Тіпті жараға не таңғышқа ылғалды қолмен мәсих тартудың да микроб түсуiне себеп болуы мүмкiн, мұндай жағдайда мәсих та тартылмайды.

Таңғыштың көп бөлiгiне бiр рет масих тарту жеткiлiктi. Түгел мәсих тарту, қайталау немесе ниет ету шарт емес. Өйткенi басқа және мәсiге мәсих тартылғанда да ниет етiлмейдi. Жараның айналасын жуу жараға зиян келтiретін жағдайда бұл жерге де мәсих тартуға болады.[3]

Таңғышты дәреттi күйде орау шарт емес. Таңғыш дәреттi, дәретсiз немесе жүнiп болған күйде оралған болса да үстiне мәсих тартуға болады. Емделген соң намаздарын қайта оқуы шарт емес. Қиындық тудырмас үшiн осындай пәтуа берiлген. Бұл ақылға да қонымды нәрсе. Өйткенi адамның қашан жараланатыны, сыну не шығуға қашан ұшырайтыны белгiсiз. Оған мұндай кездерде дәреттi болуын шарт ету қиындық туғызады.

Таңғышқа мәсих тарту белгiлi бiр уақытқа байланысты емес. Үзiрi бiткенге дейiн мәсих тартуға болады. Егер орауыш үстiне мәсих тартылғаннан соң ауыстырылса, жаңадан мәсих тарту керек емес, сондай-ақ орауышқа мәсих тартылған соң үстiне тағы орауыш байланса, қайта мәсих қажет емес, үзiрлi бола тұрып орауыш ашылса мәсих бұзылмайды. Алайда жара жазылған соң орауыш шешiлiп кетсе, мәсих тартуға болады. Тiптi жарасы жақсарған адам намазда тұрғанда орауышы шешiлiп кетсе, толық дәрет алып намазын қайтадан оқиды.

Екi аяқтың бiреуiне үзiрге байланысты мәсих тартылса, екiншiсiн жуу қажет. Өйткенi мәсих – жуумен бiрдей.

Таңғышқа мәсих тартып дәрет алған адамның дәретi бұзылса, мәсихтың да бұзылатындығы жайлы бiрдей пiкiр бар.[4]

[1] Зайлаъи, Насбур-Райа, І, 186.

[2] Зайлаъи, І, 187;Шәукани, Нәйлул-Аутар, І, 258.

[3] Кәсәни, І, 12,ибн әл-Һумам; І, 109; Ибн Абидин. Раддул-Мухтар. І, 123; Зухәйли, І, 348.

[4] Ибн Абидин. І, 129;Зухәйли, I. 356; Кәсәни, 14; Ибн әл-Һумам, І, 109.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38