Фиқһшы ғалымдардың басым көпшiлiгi ешқайда шықпаған адам үшiн мәсiсiне мәсих тартқан кезде бiр күн, бiр түн, яғни жиырма төрт сағат, ал жолаушы (яғни, 18 сағаттық алыс жерге кеткен адам) үшiн үш күн, үш түн, яғни 72 сағат жарамды дейдi.[1] Бұл мерзiм дәреттi жағдайда мәсi кигеннен кейiн алғаш дәреттi бұзғаннан бастап есептеледi. Мысалы, бiреу сағат бiрде аяқтарын жуып, дәрет алып мәсiсiн кисе, сосын сағат бесте дәретiн бұзса, мәсих тарту мерзiмi сол сағат бестен басталады, яғни мәсiнi киген кезден басталмайды.

Мәсих тарту мерзiмiне әзiретi Әли (р.а.) риуаят еткен мына хадис дәлел болады: «Алланың Елшісі (с.а.с.) мәсiге мәсих тарту мерзiмiн жолаушы үшiн үш күн, үш түн, ал тұрақты өмiр сүретiн адам үшiн бiр күн, бiр түн екенiн айтты».[2]

Тұрақты өмiр сүретiн адам сапар шексе жолаушы болып есептелiп, үш күн, үш түн мәсих тартады. Керiсiнше жолаушы адам бiр күн, бiр түн мәсих тартқаннан соң тұрғылықтыға айналса, мерзiмi аяқталады, яғни аяқтарын жуу керек болады.

Мәсiге мәсих тартумен бiрге дәреттi болған адам мәсiлерiн шешсе, тек аяқтарын жуады, толық дәрет алу қажет емес. Алайда аяқтарын жуып дәрет алып мәсiсiн киген адам дәретiн бұзбай тұрып мәсiсiн шешсе, дәретi бұзылмайды, сондықтан аяқтарын да жумайды.

Мәликилерде мәсих тартудың мерзiмi жоқ. Мәсiні шешпесе және жүнiп болмаса мәсiнiң үстiне мәсих тартуға болады. Алайда жұма намазын оқушылардың әр жұма сайын мәсiлерiн шешiп, аяқтарын жууы мәндуб. Шафиғи және ханбалилерде мубах жолаушылықта болған адамға үш күн, үш түн мәсих тартып жүруге болады. Ал, күнәлі іс үшінгі болып сапарда мәсих тарту мерзiмi бiр күн, бiр түннен тұрады.[3]

МӘСИХТЫ БҰЗАТЫН ЖАҒДАЙЛАР

1) Дәреттi бұзатын нәрсе мәсихты да бұзады. Сондықтан егер мерзiмi аяқталмаған болса, жаңадан дәрет алып жатқанда мәсiге және орауыштарға мәсих тартылады.

2) Жүнiптiк, етеккiр, босану және нифаста болу секiл-дi жағдайлар мәсихты бұзатындықтан аяқты жуу керек болады. Өйткенi Алланың Елшісінің(с.а.с.)сапарда болған адамға егер жүнiп болмаса үш күн, үш түнге дейiн мәсiсiн шешпеуге бұйырғандығы риуаят етiлген.

3) Үстiне мәсих тартылған мәсiнi шешу немесе мәсінің қандай жолмен болса да шешiлуi. Мұндай жағдайда егер дәреттi болса, тек аяқтар ғана жуылады. Аяқтың мәсiнiң қонышына дейiн, яғни көп бөлiгiнiң шығуы түгел шыққанмен бiрдей болып табылады. Ханафилерде аяқтың үш саусағы, мәликилерде аяқтың үштен бiр бөлiгi мәсiнiң тесiгiнен не сөгiлген жерiнен сыртқа шығуы дәреттi бұзады. Ханбалилерден басқа ғалымдар бiр мәсi шешiлсе екi аяқты бiрдей жуу керек дейдi, өйткенi мәсих және дәреттi бiрге орындау керек.

4) Мәсих мерзiмiнiң аяқталуы. Егер дәрет бар болса тек аяқтар ғана жуылады, жаңадан толық дәрет алу керек емес. Мерзiм аяқталып, мәсi шешiлсе, бiрақ аяқтардың суықтан қату қаупi болса жалғастырып мәсих тартуға болады.[4]

[1] Кәсәни. І, 8; Ибн әл-Һумам; І, 102-107; Ибн Қудама. І, 282-287; 291.

[2] Әбу Дәуіт. Ат-Таһара, 63;Ибн Ханбал. IҮ, 247, 254.

[3] Ибн Рушд, Бидаятул-Мужтаһид, І, 20; Зухәйли, І, 334; Шәукани, І, 182.

[4] Кәсәни, І, 12; Ибн әл-Һумам, І, 105; Ибн Абидин. І, 254; Ибн Қудама, әл-Муғни, І, 287.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38