Парыз амалдар «парыз айын» және «парыз кифая» болып екіге бөлінеді. Әрбір мұсылманның өзінің орындауы міндетті амалдар «парыз айын» деп аталады. Ал енді сіздің сұрағыңыздағы парыз кифаяға келер болсақ, әр мұсылманға жеке-жеке міндеттелмеген, мұсылмандардың арасынан бір топ атқарса басқалары жауапкершіліктен босатылатын амалдар «парыз кифая» деп аталады.
Парыз кифая амалдарды ешкім орындамаса, онда бүкіл қоғам жауапты әрі күнәһар болады. Мысалы, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю, ілім іздеу, өнермен айналысу, куәлік ету, жаназа намазы т.б. амалдар. Егер бір мұсылманның жаназа намазына бірнеше мұсылман ғана қатысса, ол міндет көпшіліктің мойнынан түседі.
Ал қайтыс болған мұсылманның жаназа намазына ешкім қатыспаса, онда мұсылмандардың бәрі күнәһар болады. Парыз-кифаяның сауабы орындаған адамдарға ғана тиесілі, ал оны тәрк етудің күнәсі бүкіл мұсылмандарға жүктеледі. Алайда, кейбір жағдайларда парыз-кифая, парыз-айынға өзгереді. Егер бір жерде бір ғана дәрігер болса, ауруға көмек көрсету оған парыз-айын болып саналады.
Алау ӘДІЛБАЕВ, теология ғылымының докторы