а) Жүнiп болу. Жыныстық қатынас, ыхтилам және қандай жағдайда болсын мәнидiң дененiң сыртына шығуы бой дәретiн қажет етедi.
Мәнидің еркек немесе әйелдiң жыныс мүшесiнен ләззат және қысыммен ұйқылы немесе ояу кезiнде, қарау және ойлау, болмаса жыныстық қатынас нәтижесiнде сыртқа шығуы жүнiптiкке себеп болады. Мәни – рахаттың (шаһуаттың) артқан кезiнде қысыммен сыртқа шыққан қою сұйықтық. Әйелдiң мәниi сұйық және сары болады. Мәзи және уәди себептi бой дәрет алу керек емес. Мәзи аққа жақын сұйықтық болып еркек пен әйелдiң сүйiсу кезiнде жыныс мүшесiнен сыртқа шығады. Уәди болса кiшi дәреттi бұзғаннан кейiн шығатын қою сұйықтық.
Талып қалған адам немесе мас адам есiн жинаған соң мәни сияқты ылғалдық байқаса, бой дәрет алу керек. Бiрақ бой дәретiнен кейiн адамнан мәнидiң шығуы жалғасса жаңадан бой дәрет алу уәжiп болады.
Егер ләззат және қысыммен емес, ауыр нәрсенi көтеру немесе биiктен секiру нәтижесiнде мәни шықса бой дәрет керек емес. Өйткенi «Егер жүнiп болсаңыз жақсылап жуыныңыз»,[1] – деген аяттағы жүнiптiк мәнидiң ләззатпен шығу мағынасын бiлдiредi.
Әбу Ханифа және Имам Мұхаммедтiң көзқарасы бойынша, ләззатпен бөлiнiп, ләззат тоқтаған соң сыртқа шыққан мәни үшiн ғұсыл ету қажет. Әбу Юсуфтың көзқарасы бойынша ғұсыл алу керек емес. Бұл көзқарастардың әсерi мына сияқты жағдайларда қаралады. Әбу Юсуфтың көзқарасы бойынша түсiнде ләззатпен жыныс мүше ұсталып, ләззат басылған соң сыртқа шыққан мәниге байланысты бой дәретiн алу қажет емес. Бұл көзқарасты ұстану, әсiресе сапарда немесе қыс маусымында жеңiлдiк туғызады. Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммедтiң көзқарасы бойынша, жыныстық қатынастан кейiн, ұйықтаудан, кiшi дәреттi бұзудан және бiраз жүруден бұрын ғұсыл етiп, кейiн ләззатсыз мәни келсе, қайтадан бой дәретiн алу шарт, ал Әбу Юсуфтың көзқарасы бойынша қайталау шарт емес.
Мәнидiң шығуына байланысты бой дәретiн алу керектiгiне мына хадистер дәлел. Әли (р.а.) былай деген: «Мен мәзиi көп келетiн адам едiм. Пайғамбардан(с.а.с.) сұрағанымда былай дедi: «Мәзиге дәрет, мәниге бой дәретiн алу керек».[2] Умму Саламаның (р.а.) былай дегенi риуаят етiлген. Әнәстың анасы Умму Сулайм: «Ей, Алланың елшiсi! Шындығында Алла шындықты айтуға ешкiмнен қорықпайды. Ихтилам болған әйел ғұсыл ала ма?» – деп сұрайды. Пайғамбар(с.а.с.): «Иә, ылғалдық байқаса алады», – деп жауап бередi. Сонда Умму Салама да: «Әйел де ихтилам бола ма?» – деп сұрайды. Пайғамбар(с.а.с.)былай дейдi: «Алла жақсылығын берсiн! Онда баласы оған қалай ұқсайды?».[3]
Мәзи және уәдиде тек жыныстық мүше жуылып, дәрет алынады. Өйткенi Алланың елшiсi(с.а.с.): «Әр ер адамнан мәзи шығады, соған байланысты дәрет алуы керек»,[4]– деген.
Жыныстық қатынас кезiнде балиғат жасына жеткендердiң сүннет жерi немесе сол жерге дейiнгi бөлiгi кiрсе, екi жақ та ғұсыл алуы қажет. Бұл мәнидiң келiп- келмеуiне байланысты емес. Екеуiнен тек бiреуi балиғат жасына жеткен болса, сол адам бой дәретiн алады. Балиғат жасына жақындаған адамға (мураһиқ) бой дәретiн алмайынша намаз оқуға рұқсат етiлмейдi, он жасар болса да тәрбиелеу мақсатымен ғұсыл алуға бұйырылады.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Екi сүннет жерi қосылғанда ләззат алынбаса да бой дәретiн алу уәжiп болады».[5]
Ұйқыдан оянған адам ихтилам болғанын есiне алса не жыныс мүшесiнде ылғалдық байқаса ғұсыл алады. Тұрған немесе отырған күйде ұйықтаған адам оянғанда мүшесiнде ылғалдық байқаса, мұның мәни екенiне сенсе және ұйықтаудан бұрын мүшесi әрекетсiз болған болса, бой дәретiн алуы керек. Егер бұлай деп ойламаса және мүшесi босаң болса, ғұсыл етпейдi. Бұл ылғалдылық мәзи деп есептелiнедi. Өйткенi мүшенiң қатты болуы мәзидiң шығуын бiлдiредi. Кiшi дәретті шығарып жатқанда жыныс мүшесі мәни ажырататын жағдайда болса ғұсыл алу қажет, ал керiсiнше болса қажет емес, өйткенi оның қатты болуы онда шаһуаттың бар екенiн бiлдiредi.
ә) Етеккiр және нифас (босану). Етеккiр және нифас жағдайы аяқталса, ғұсыл парыз болады. Құран Кәрімде: «Етеккiр кезiнде әйелдерден аулақ болыңдар», [6]– делiнген.
Фатима бинт Әби Хубайш Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Мен үзiр қанын көрдiм, таза жүре алмай жатырмын, намазды оқымайын ба?», – деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: «Бұл қан етеккiр қаны емес, бiр тамырдан шыққан қан. Етеккiр мерзiмi келуiмен намаз оқыма. Етеккiр мерзiмi аяқталған соң жуынып, ғұсыл ал және намаз оқы»,[7] – деп жауап берген.
Етеккiр және нифас жағдайынан кейiн ғұсыл алу керектiгiне мына аят дәлел: «Қашан олар нақ тазарса, оларға Алланың өздерiңе бұйырған жерiнен жақын-дасыңдар».[8] Бұл аяттағы «тазалану» сөзi ғұсыл ету деген мағынаны бiлдiредi.
Ханафилердеғы таңдаулы көзқарас бойынша ешқандай ылғалдық байқалмаса да туу және түсіктен соң тағы ғұсыл алу қажет.
б) Жаназаға бой дәретiн алдыру. Шаһит болмаған немесе жүнiп болмаған мұсылман мәйiтке бой дәретiн алдыру – Ислам қоғамына жүктелген кифая парыз. Көлiгiнен құлап қайтыс болған адам жайлы Алланың Елшісі былай деген: «Оны су және лотос ағашының жапырақтарымен жуыңыз, кейiн екi бөлiк матамен кебiндеңiз».[9]
Шымкент қаласы орталық мешіті
[1] Мәида сүресі 6-аят.
[2] Шәукани, Нәйлул-Аутар, І, 218.
[3] Шәукани, І, 219.
[4] Зайлаъи, І, 93.
[5] Бұхари, әл-Ғусл, 28; Тирмизи. Ат-Таһара 80; Ибн Мәжәһ. Ат-Таһара, 111.
[6] Бақара сүресі, 222-аят.
[7] Бұхари, Ат-Таһара, 63, әл-Хайд, 24, Мүслим. әл-Хайд, 62, 63; Әбу Дәуіт, Ат-Таһара, 107; Тирмизи. Ат-Таһара 93, 95, 96.
[8] Бақара сүресі, 222-аят.
[9] Бұхари, әл-Жанәиз, 19, 20, 21, Сайд, 20, 21; Мүслим. әл-Хаж. 93, 94, 96, 98, 99.