Ислам діні бес парыздан, бес тіректен тұратынын көп мұсылман жақсы біледі. Тіпті жас балалардың өзінен бес парызды сұрасаң, мүдірмей санап береді:
1. Алладан өзге тәңір жоқ және Мұхаммед (с.ғ.с.) Оның құлы һәм елшісі екеніне куәлік ету;
2. Намаз оқу;
3. Зекет беру;
4. Рамазан айында ораза тұту;
5. Шамасы жетіп жатса қасиетті Қағбаға барып қажылық жасау.
Кезінде Мұхаммед Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Жәбірейіл періште адам бейнесінде келіп дін дегеннің не екенін үйреткенде, Исламды осы бес негізден тұратынын да білдірген болатын. Міне, бүгінгі әңгімемізде осы бес парыз жайлы, соның ішінде олардың біріншісі туралы біршама сөз қозғамақпыз.
Бұл парыздардың ең біріншісі адамның иманына, сеніміне байланысты болуы тегін емес. Себебі бұлардың ең біріншісі болмаса, қалған құлшылықтар өз орнына бармайды. Иманға толық мән бермей жасалған қандай құлшылық болса да баянды болмауы әбден ықтимал. Мысалы, кейде бір кісілер түрлі себептермен намаз оқи бастайды. Ол біреулердің айтқанымен немесе айналасындағы туыстарына, таныстарына еліктеумен я болмаса, «жолым ашылсын», «жұмыстарым жүріп кетсін» деген ойлармен намазға тұруы ықтимал. Ал, шындығында, намаз мұндай себептерге емес, бір Алланың разылығы деген халыс ниетке құрылуы керек. Сонда ғана намаз өле-өлгенше жалғасады. Намаз оқушының екі дүниесін жарық етеді. Болмаса, таңертең ерте түрғаннан шаршаған күні, жұмыстары көбейіп кеткен күні немесе өзгелерге өкпелеп, ренжіп қалған күні басталған намаз ортан жолда қалып кетуі ықтимал. Қасымызда жүрген талай адамның ерекше құлшыныспен намаз бастағанын көреміз де, сосын біраз уақыттан кейін оны тастап қойғанын байқамай да қаламыз. «Тастап кетті» дейміз-ау. Бірақ біз намазға қаласақ оқып, қаламасақ оқымайтын бір дүние секілді қарап жүргенде, кім біледі, сондай қастерлі де ұлы құлшылық бізді тастап кеткен шығар. Ол жағы бізге беймәлім.
Құлшылығын қойып қойған адам алғашында бұл қылығына ұялғандай болады. Сосын ұялуды да қояды. Баяғы жартас бір жартас болып таз қалпына қайта түседі. Тастаған темекі қолға қайта алынады, тоқтатылған былапыт, боқауыз сөздер қайта айтыла бастайды. Бұрын намаз оқимын ғой деп бермей жүрген, алмай жүрген параға да «оң» көзбен қарай бастайды. Сонда не болды? Кім ұтты? Бұрынғы намаздар не үшін оқылды? Неге жап-жақсы басталған құлшылық баянсыз болып қалды?
Ораза да кейде жұртпен бірге басталып, он-он бес күннен кейін «Ауызымды ашып жібердім» деген сөзбен аяқталып жатады. Міне, мұның бәрі алдымен иманға көп көңіл бөліп, сосын өзге құлшылықтарға бет қою керектігін анық көрсетеді.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мекке қаласында 13 жыл бойы «Лә иләһа иллаллаһ, Мухаммадур расулуллаһ» деген иман негізіне шақырумен айналысты. Халыққа Алла Тағаланы танытуға, оның жалғыз екеніне, басқа нәрсеге табынуға болмайтынын ұғынуға үндеумен болды. Өйткені адам жүрегінде иман негіздері толық орнықпайынша, өзге құлшылықтар айтарлықтай нәтиже бермейтін еді. Мысалы, намаз оқып жүріп, бұрынғы пұтына да табына берсе, ол мұсылмандық болмас еді.
Сондай-ақ, Алла елшісі (с.ғ.с.) Муаз деген сахабасын Йемен қаласына жіберіп жатқанда, оған «елді алдымен Алла Тағалаға иман келтіруге шақыр» деді. Сосын «осы ақиқатты мойындағандарға күніне бес уақыт намаз оқу парыз екенін бұйыр» деді. Содан соң ғана Пайғамбарымыз оған байлардан алынып кедейлерге берілетін зекеттің парыз екенін жеткізуді бұйырған болатын. Бұл да бекер айтыла салған сөздер емес еді. Әрине, құлшылықтарын тастап қойып жатқандар шетінен имансыз деп қалың жұртты кіналаудан аулақпыз. Олардың бәрі де «Бір Құдай» деп жүрген құлдар. Біздің айтпағымыз, иман шарттарына барынша ұқыпты болу керектігі. Аллаға деген иманыңызды күн сайын күшейтіп отыруға тырысуымыз қажет.
Мысалы, қазір жаз кезінде дастархан басында қарбыз жеп отырсақ та Алла Тағала туралы шамалы пікір етсеңіз, нұр үстіне нұр. Қарбыздың кішкентай ғана дәні Құдайдың шексіз Құдіретін көрсетпей ме? Сол дәннен үп-үлкен қарбыз қалай өсіп шықты? Ол қарбыздан шыққан дәндердің әрқайсысын «Бісміллә» деп топыраққа көмсеңіз, олардан да қаншама қарбыз шығады. Осының бәрін өлшеп, қалап, жаратып, бақылып тұрған кім? Әрине Құдіреті шексіз Алла Тағала. Біз намаз оқығанда, ораза ұстап, зекетімізді өтегенде өзге емес осы Алла Тағаланың бүйрығын, мойнымызға жүктеген міндетін орындаймыз.
Сондай-ақ, бір кемеде келе жатырсыз делік. Теңіздің шегі, қиыры көрінбейтін орта тұсына жеткенде қатты толқын басталып кетсе, кімнен көмек сұрайсыз? Құдіреті шексіз Алладан. Міне, құлшылықтарды бізге парыз ететін де сол Алла Тағала.
Өз жаратылысымыз туралы да біршама ойласақ, иманымызға қуат қосылмақ. Басқаны былай қойғанда, анамыздың құрсағында жатқанымызда небәрі тоғыз айдың ішінде жүріп жататын құбылыстар Алланың бар, бір һәм шексіз Хикмет иесі екенін анық байқатады.
Жинақтай айтқанда, жасап жүрген құлшылықтарымыз өміріміздің соңына дейін жетуі үшін иман қуатына көбірек көңіл бөлуге тиіспіз. Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық берсін!
ОҚО, Төле би ауданының бас имамы
Самат қажы Сапарханұлы