Астана қаласында Республика күні мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ІІ Халықаралық Құран байқауының ашылуына орай Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев құттықтау хатын жолдады.

Сенат Төрағасының құттықтауын көпшілікке ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі оқып берді.

«Құрметті Құран жарысына қатысушылар!
Баршаңызды ІІ Халықаралық Құран жарысының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі Ислам істері және уағыз-насихат министрлігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған бұл игілікті іс-шара ізгілік пен имандылықты дәріптеу жолында айрықша мәнге ие.
Қазақ – ежелден дінге және рухани құндылықтарға ерекше құрметпен қараған халық.
Қазіргі таңда да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде қоғамдық келісімді нығайтуға үнемі баса мән беріліп келеді.
Осындай жүйелі қадамдардың нәтижесінде Қазақстан дүние жүзіне өркениетаралық және дінаралық диалог алаңы ретінде танылды. Тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі соның жарқын көрінісі. Бұл Съезд Қазақстанның әлемде діни толеранттылық, бейбітшілік және өзара құрмет қағидаттарын насихаттауға қосқан сүбелі үлесі екені анық.
Бүгінгі Құран жарысын сол халықаралық форумның нақты нәтижелерінің бірі деп қабылдаймыз.
Дәстүрлі діни құндылықтарды жаңғыртуды көздейтін мұндай бастамалар адамзаттың ырыс-ынтымағын арттырып, елдер мен өркениеттер арасындағы бірлікті және мәдени қарым-қатынасты нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз.
Осы ретте қасиетті Құранды жаттап, білімге құштарлықтың озық үлгісін көрсетіп жүрген барлық қатысушыға сәттілік тілеймін!
Ізгілік жолында жаңа жетістіктерге жете беріңіздер!»,— делінген Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатында.





  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38