Ziarat etu erejesi tartibi

Ziarat etu erejesi tartibiҚабыр сөзінің түбірі араб тіліндегі «қобр» – көр, мола ұғымдарын береді. Ал «стан» сөзі парсының мекен, жай ұғымдарын білдіретін қосымша сөз тіркесі. Ал қазақ халқында қабырстанды мазар, мола, қорым, бейіт, зират, көрхана деген сөздермен табиғы географиялық орналасуына қарай түрліше аталады.

Демек, қабырстан – қайтыс болған марқұмдарды қоятын мекен екені белгілі жайт. Алла Тағала айтты: «Әй, Адамдар! Сендерді және сендерден бұрынғыларды жаратқан Раббыларыңа құлшылық қылыңдар! Ол сондай Алла, сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әр түрлі өсімдіктен ризық шығарды. Сондықтан, біле тұра Аллаға серік қоспаңдар!» (Бақара сүресі, 21-22 аяттар).
Осы тұста, шариғат жолымен зиярат ету ережелері мен тәртіптеріне қысқаша тоқталып өтуді жөн санаймын.
– Әуелі зиярат етуші адам ниетті дұрыстау қажет. Яғни, ниет бір Алла тағаланың разылығы үшін болу;
– Зиярат кезінде дәрет немесе ғұсыл (бойдәрет) алып шығу;
– Үйден шығарда екі рәкағат сапар намазын оқу; (Бұл екі ракат намаз жол азабынан, қауіп-қатерден сақта деген мағынада оқылады)
– Зиярат етудің негізгі мақсаты – тарихи жерлермен танысу, және сол жерде жатқан марқұмдардың ақысына дұға ету болуы керек;
– Қабырстанға кірген кезде сәлем беру;
– Мазар ішінде орта жүріспен, жәй жүру;
– Қабырды сипаудан, сүюден, айналудан (тауаф етуден) сақтану; (Қабырды сүю, қолмен сипау, көзге сүрту, т.б. амалдар жасау өзге діндегілердің ұстанатын мәселесі болып табылады)
– Қабыр үстін баспау керек. Өйткені, қабыр үсті – мәйіттің ақысы. Екі қабырдың ортасынан өтерде тәкбир, тасбих, тахлил, дұға ету ләзім. Қабыр ішінде «Аллаһу акбар» немесе «Аллаһу Акбар, Аллаһу акбар, Ләә иләһә Иллаллаһу, Аллаһу акбар, Аллаһу Акбар уа лиллаһи-л-хамд» деп айту;
– Құран бағыштауда құбыла тарапқа қарап оқыған жөн;
– Дұға – тілекті тек бір Алла тағаладан тілеу; (Яғни, мазар басына барып, сол жерде жатқан әруақтардан тілеуге болмайды. Барлық тілек пен дұғаның өтеуін Алла тағала ғана береді)
– Қабырге қарап дәрет сындырудан, түкіруден, т.б. жағымсыз іс-әрекеттен аулақ болу; (пайғамбарамыз (с.а.с) қабырстандағыларды тірі кездегідей құрмет етуді бұйырған)
– Қабырстанның ішінде ғайбат сөз айтудан, боғауыз сөздерден тиылу;
– Зиярат орындарында темекі, насыбай, ішімдіктер ішуден сақ болу;
– Кесенелер мен мазарларға оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығу – марқұмға деген құрметтің бір түрі;
– Әулиелі жерлерде түнеу мәселесі – дінде көрсетілмеген;
– Мазарға қарап намаз оқудан мүмкіндігінше сақтанған жөн. Бұл жөнінде Пайғамбармыз Мұхаммед (с.а.с) былай деген: «Қабырлерге қарап намаз оқымаңдар және олардың үстіне отырмаңдар» (Имам Мүслим).
– Мазарға барып, қабыр жанында құрбандық шалуға болмайды;
– Қорым немесе кесене ішінде тамақ жемеу;
– Қабыр немесе кесенелердің төрт бұрышына шамшырақ жағу – діндегі тыйым салынған амалдардың бірі. Бұл амал бақсы-балгерлердің ойдан жасап алған амалдары. Бұл мәселеге байланысты пайғамбарымыз (с.а.с) былай деген: «Қабырді ғибадат орнына айналдырып, басына шырақ жағып қоятындар Алланың қарғысына ұшырайды» деп ескерткен (Имам Термизи, Әбу Дәуіт, Ибн Мажа, Имам Нәсәи риуаят еткен).
– Зиярат жасаушы әйел кісілер (қыз баласы) басына орамал, денесіне жабық киім кию;
– Зиярат ету барысында көпшілікке діни уағыз айту – жақсы амалдардың қатарынан саналады. Жалпы, адам баласы бір-бірін жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару;
– Мазар басына қымбат тастар, күмбез орнату – ысырап. Ең дұрысы, зиярат жасауға кететін қаражатты жетімдер үйіне немесе жоқ-жітіктерге берудің сауабы жоғары екенін түсінген жөн;
– Мазарларға мүсіндер орнату, тастарға марқұмның суретін салдыру – дінге қайшы;
– Мола жанындағы өсіп тұрған ағаштарға шүберек, мата байлау;
– Мазар басында жылап-сықтау – макруһ (макруһ –ұнамсыз деген).
– Мазар басында дауыс көтеруден, әзілдесуден сақтану;
– Мола үстiнде отыру немесе ұйықтау яки жүру – мәкрүһ. Қабiрдiң үстiне үлкен немесе кiшi дәретке отыру – мәкрүһ тахрими (харамға жақын мәкрүһ). Ата-анасы, бауыры, туысының қабiрiне барғысы келген адам басқа қабiрдi баспай, айналып өтуі ләзім. Пайғамбарамыз Мұхаммед (с.а.с) былай деген: «Мұсылман адамның моласын басудан, мазараттың және базарлардың ортасында дәрет сындырудан гөрі қызып тұрған шоқтың немесе қылыш жүзінің үстімен жүру абзалырақ» (Ибн Мажа риуаят еткен).
– Құран тіләуат ету, жақсы тілектермен дұға жасау, садақа беру сияқты қайырлы істердің сауабын мәйітке бағыштау;
– Молада жатқан марқұмдардың өмірдегі жақсылықтарын еске алу сауапты амал болып саналады. Дінімізде қайтыс болған адамның өмірдегі тек жақсы амалдары айтуға бұйырады. Ал, оның өмірдегі күнә істері мен теріс амалдарын айтудан сақтанған жөн.

Алла Тағала ниеттерімізді қабыл етсін, Әмин!

 

Мұхамеджан Естеміров,
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имам орынбасары

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38