Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте өтіп жатқан ІІ Халықаралық Құран жарысының алғашқы күні өз мәресіне жетті.

Республика күні мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына арналған бұл рухани додаға 21 елден 22 қари қатысуда.

Бірінші күнгі сайыста 16 қари бақ сынап, халықаралық әділқазылар алқасының бағалауынан өтті. Құран оқыған қарилар қатарында Иордания, Өзбекстан, Малайзия, Бахрейн, Шешенстан, Қазақстан, Иран, Татарстан, Түркия, Палестина, Пәкістан, Марокко, БАӘ, Сауд Арабиясы және Тәжікстаннан келген қатысушылар бар.

Жарыстың ресми ашылуында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасап, Құранның қоғамдағы рухани рөліне және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құранға құрмет көрсетуге қатысты халықаралық үндеуіне тоқталды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев халықаралық жарысқа қатысушыларға арнайы құттықтау хатын жолдады. Құттықтау сөзді Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі оқып берді.

Қасиетті Құранды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқау ҚМДБ-ның «Munara TV» телеарнасынан және «Мүфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан тікелей эфирде көрсетілді. 9 сағат 11 минутқа созылған YouTube-тағы эфирді 46112 көрермен тамашалады.

Тікелей эфир көрермендері бойынша алғашқы бестікте Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Түркия және Қырғызстан елдері көш бастады.










































By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38