ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігі мен «Шымкент медресе» колледжінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Жастардың рухани келбетіне дәстүрлі дініміздің ықпалы» атты республикалық семинар өтті.
Аталмыш семинарға ҚМДБ-ның найб мүфтиі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов, ОҚО Дін істер басқармасының басшысы Самат Сапарбаев, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы, «Шымкент медресе» колледжінің директоры Талғат Әсембай т.б. облыстағы 92 колледжі әкімшілігі мен Шымкент қаладағы 28 колледж оқушылары және елге белгілі азаматтар қатысты.
Семинарда алғашқы сөзді ҚМДБ-ның найб мүфтиі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов алып, алдымен Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің құттықтау сөзін жеткізді. Мұнымен қатар, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың рухани жаңғыру мақсатындағы рухани мәселелерге оның ішінде жастар тәрбиесіне жан-жақты тоқталды.
Осыдан кейін, облыстық Дін істер басқармасының басшысы С.Сапарбаевтың баяндамасы тыңдалды. Онда Елбасы саясатының жастарға зор қолдау жүргізіп жатқандығын, зайырлы мемлекет тұрғындарына руханиятқа мол мүмкіндігін жаратып бергенін айтып өтті. ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы дәстүрлі дініміздің берік болуы бабалардан келе жатқан мұра екенін жасөспірімдерге Абай, Шәкәрім, Ахмет сынды тұлғаларымыздың шығармаларынан мысалдар келтіріп, кеңінен баяндап берді. Мұнан соң, облыстық Дін істер басқармасына қарасты «Діни мәселелерді талдау» орталығының бөлім басшысы Ф.Тәйталиев теріс ағымдардың жастарға ықпал ету тетіктерін талдап түсіндірді.
Жалпы, жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара барысында барша қатысушылар өздеріне мол тағылым алып, көптеген сұрақтарына жауап алды деп санаймыз.
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі