Шариғатта үйленіп шаңырақ көтеруден бұрын қыз бен жігіттің бірін-бірі көруі дұрыс саналады. Хз. Жәбирдің (р.а.) риуаят етуі бойынша Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Араларыңда кімде-кім  бір әйелге сөз салса, үйленуге итермелейтін жақтарын көре алса көрсін»,- деген.  Хз. Жәбир : «Мен бір әйелге сөз салған едім. Некелесуге итермелейтін жақтарын көргенімше одан жасырынатынмын, көргеннен кейін үйлендім»,[1] – дейді.

Үйленбей тұрып екі жақтың бір-бірлерін көріп ұнатулары маңызды. Өйткені ұнату әрі қарай тату-тәтті өмір сүрудің негізі болып табылады. Үйленудің мақсаты тек биологиялық қажеттілікті өтеу ғана емес, бір-біріне сүйеу, тірек, қамқор да болу. Бұл, әрине, іргесі сүйіспеншілік пен сыйластыққа қаланған отбасында ғана жүзеге асады. Сондықтан да Ислам екі жастың өмірде үлкен де маңызды қадам жасамай тұрып бірін-бірі көріп, танып-білуіне кеңес береді. Хз.Муғира (р.а.) бір әйелге оны көрместен сөз айтқан екен. Мұны естіген Пайғамбарымыз (с.а.с.) :«Сен оны бірінші көр. Өйткені бұл араларыңды жарастырады, байлайды»,[2] – деген.

Қалыңдықты белгілеу араб тілінде «хитба» деп аталады. Жалпы хадистерде де осы термин қолданылған. Мұның мағынасы – ердің әйелге онымен отау тіккісі келетіндігін ашық айтып, ниетін қызға және қыздың ата-анасына білдіруі.  Егер қыз немесе ата-анасы көнсе, қыз сөз айтқан жігіттің қалыңдығы болып саналып, араларында кейбір шариғат үкімдері туады.[3]

Үйленбестен бұрын қыз бен жігіттің осылай қалындық-жігіт болып шариғат жолынан ауытқымай жүруінің өзіндік пайдасы бар. Сол арқылы олар бір-бірін жақын таниды. Бір-бірінің мінез-құлқын, табиғатын, нені жақсы, нені жаман көретіндігін біледі. Екеуі бір-біріне лайық па, жоқ па, ары қарай шаңырақ көтеріп үй бола ала ма, жоқ па осы кезеңде анықталады.[4]

Көңіл білдірудің жолдары

Жігіттің қызға көңілін «Мен саған үйленгім келеді»,- деп ашық немесе  «Саған үйленген жігіттің арманы жоқ шығар», «Сен сияқты сұлуды қалаймын» т.б. деген сияқты астарлап айтуы мүмкін.

 Өзгенің қалыңдығына сөз айту

Қыз бен жігіт үйленуге сөз байласқаннан кейін қыз ол жігіттің қалыңдығы болып есептелетіндіктен, оған басқа біреудің келіп сөз айтуы шариғат бойынша харам. Мұның харамдығын бүкіл Ислам ғалымдары бірауыздан мақұлдаған. Егер бұған қарамастан сөз айтып үйленсе, күнәһар болып табылады. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.):«Сендерден біреу өзінің діндес бауырының сатып алайын деп тұрған затын сатып алмасын. Және өзі рұқсат бермейінше, діндес бауырының қалыңдығына сөз салмасын»,[5]– деген.

Бұхари (р.а.) риуаят еткен басқа бір хадисте былай делінген:«Пайғамбарымыз бауырының сатып алатын затын сатып алуға және жігіті жол етпейінше немесе рұқсат бермейінше қалыңдығына сөз айтуға тыйым салған».[6]

Хадистерде ашық айтылғандай, өзгенің қалыңдығына сөз салуға жол жоқ. Өйткені ол жігіттің жүрегіне батады. Осыдан келіп арада жанжал, ұрыс-керіс туады. Ал, егер жігітінің өзі рұқсат берсе немесе қыз бен жігіт өзара уағдаларын бұзса, басқаның сөз салуының оқасы жоқ.

Егер де қыз алғашқы адамның сөзіне бірден келіспей, ойланбақшы болса,  онда көпшілік ғалымдарымыздың көзқарасы бойынша оған басқа біреудің сөз салуына болады. Себебі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кезіңде Қайыстың қызы Фатимаға Әбу Амр бин Хафспен ажырасқаннан кейін үш кісі бірден сөз айтқан. Олар – Муғауия, Әбу Жәһм бин Хузафа және Усама бин Зайд. Фатима мән-жайды Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп айтқанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) : «Әбу Жәһмнің таяғы иығынан түспейді. Муғауия малы жоқ пақыр. Сен Усама бин Зайдқа тұрмысқа шық»,- деп кеңес берген.[7]  Хадиске қарағанда егер қыз ешкіммен сөз байласпаса, оған бірнеше кісінің сөз айтуына рұқсат.

Бірақ та мына мәселенің де назарда болғаны жөн. Ислам – достық пен бауырмалдық діні. Ол осы қасиеттің қоғамда орнығуын қалайды. Сондықтан да бірнеше кісінің бір қызға бірден сөз айтпай, бір-бірін күткендері абзал. Себебі арада реніш тумауы керек. Ал, егер бірі екіншісінің әрекетінен хабарсыз болса, оның жөні басқа.[8]

 Қалындыққа таңдалатын қыздың сипаты

Жігіт өз өмірлік серігін таңдар алдында қыз бойынан кейбір сипаттарды іздегені дұрыс. Өйткені бұл араларында сүйіспеншілік пен сыйластық туына негіз болады. Ол сипаттар төмендегідей:

Имандылығы.  Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді:«Бір әйелге төрт нәрсеге қарап үйленеді. Мал-дүниесі, тектілігі, әдемілігі және имандылығы үшін. Сен имандысын таңда, қолың берекеге толады».[9]  Қыздың иманды болғаны дұрыс. Иманды қыз тәрбиелі де, ибалы да болады. Хадисте айтылған бұдан басқа үш сипатқа қарап үйленудің кейде нәтиже бермейтіндігін Пайғамбарымыз (с.а.с.) басқа бір хадисінде былай  білдірген:«Әйелдерге тек әдемілігіне қарап үйленбеңдер. Әдемілігі тәрбиесіздікке апарып соғуы мүмкін. Тек байлықтарына қарап та үйленбеңдер. Өйткені байлығы шектен шығуына себеп болуы ықтимал. Әйелдерге имандылығына қарап үйленіңдер. Өйткені киімі ескі болса да иманды күң  артық».[10]

Бала көтере алатын болуы. Хадисте былай делінген:«Ерін сүйе білетін, бала көтере алатын әйелге үйленіңдер. Себебі мен Қиямет күні басқа үмметтердің алдында сендердің көптіктеріңмен мақтанатын боламын».[11]

Себебі бейкүнә әйелге үйленіп, кейін бала көтермегені үшін қоя беріп обалына қалғанша, бұл мәселені үйленбей тұрып ойлаған дұрыс.

Пәктігі. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Үйленерде пәк қыздарды таңдаңдар. Өйткені олардың сөйлеген сөздері жағымды, ерін қуантады әрі азға қанағат етеді»,[12] – деген. Яғни, Ислам қыздың пәктігіне қатты мән береді.

Тәрбиелі, өнегелі отбасынан шығуы. «Шешеге қарап қызын ал» дегендей, қыздың тәрбиесі отбасына байланысты. Сол себепті қыздың мінез-құлқын білу үшін оның отбасына қараған да дұрыс.

Жігіттің қызды ұнатуы. Отбасының сүйіспеншілік пен махаббатқа құрылуы үшін жігіт үйленбекші қызын ұнатуы керек. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қызды әуелі көруді бұйыруының мәні осында жатыр.[13]

Қалыңдықтың шарттары

Бір қызды өзіне қалыңдық етудің екі шарты бар.

1.Шариғатта үйленуге харам деп табылғандардан болмауы.  Мұның өзі өмірлікке харам болғандар, уақытша харам болғандар деп бөлінеді. Өмірлікке харам болғандарға, әпке-қарындастары, нағашы әпкесі, жиен қарындасы т.б кіреді.

Уақытша харам – алдыңғы ерінен ажырасқан әйелге иддет күту уақытында сөз салу. Ғалымдардың бірауыздан айтуы бойынша мұндай әйелдерге иддет уақыты біткенше ашық сөз салу Құран тыйым салғандықтан[14] харам. Ал, астарлап айтуға рұқсат. Мысалы, «Сен әдемісің, мен үйленсем бе деп жүрмін»,- деген сияқты.

Күйеуінің қайтыс болуына байланысты иддет күткен әйелге астарлы мағынада сөз салуға рұқсат болатын себебі ері қайтыс болғандықтан арадағы ерлі-зайыптылық байланыс жойылады. Ал, рижғи талақ себепті иддет күткендерге астарлы түрде айту да харам. Мұны барлық ғалымдар мақұлдаған. Өйткені мұндай ажырасу кезінде ерімен қайта татуласу мүмкіндігі болғандықтан, әйелге сөз салу ерінің құқығын бұзу болып табылады. Байын талақ себепті иддет күткен әйелге Ханафи мәзһабы бойынша астарлы түрде болса да сөз айту харам. Оны иддет уақыты біткенге дейін күту керек.

Әйел сөз салған кісімен иддет күту кезінде үйленсе, некелері теріс деп табылып, бұзылады. Алайда иддет күту уақыты біткеннен кейін қайта үйленулеріне рұқсат.[15]

2.Өзгенің қалыңдығы болмау. Өзгенің қалыңдығына біле тұра сөз салу күнә, харам әрекет. Бұған жоғарыда тоқталып өттік.  Егер де бұған қарамастан үйленсе, көпшілік ғалымдардың пікірі бойынша араларын айырмайды. Өйткені хадистегі тыйым тікелей некеге емес.

Қалыңдыққа таңдайтын қызды көру

Исламда  бөтен ер мен әйелдің бір-біріне көз салуына тыйым салынған. Өйткені бөгде ер мен әйелдің бір-біріне қарауы көңілдегі жаман ойларды оятуы мүмкін. Бұл жайында Құран Кәрімде былай делінген:«Мұсылмандарға айт. Көздерін сақтасын әрі ұятты жерлерін қорғасын. Бұл олар үшін тазарақ. Мұсылман әйелдерге де айт, көздерін сақтасын әрі ұятты жерлерін қорғасын».[16]  Пайғамбарымыз (с.а.с.) хз.Әлиге осы жайында берген кеңесінде:«Ей, Әли! (Бөгде әйелге) қайта-қайта көз салма. Алғашқы қарауың сенің қақың, екіншісі емес»,-[17] деп қараудың шегін білдірген.

Көзді бөгде әйелден тыюдың қоғамдық пайдасымен қатар рухани пайдасы да бар. Бір құдси хадисте Аллаһ Тағала:« (Бөгде әйелге) қарау-шайтанның жебелерінің бірі. Кім оны тастаса, менен қорыққандықтан тастағаны. Мен оны иманмен ауыстырамын. Ол кісі жүректе иманның ләззатын татады»,[18]-деген.

Бөгде ер мен әйелдің бір-бірінің жүзіне қажеттілік туған жағдайда ғана қарауларына рұқсат. Себебі мұнда зәрулік бар. Мысалы, сауда жасау кезінде, келіссөз жүргізгенде, оқу орындарында, ауруханаларда т.б.

Ислам бөгде ер мен әйелдің бір-біріне қарауына тыйым салғанмен,  қалыңдық іздеген жігітке көздеген қызын көруге рұқсат еткен. Қалыңдықты көру екі түрлі болуы мүмкін. Біріншісі – сенімді әйелді жіберу, сол арқылы қыздың жағдайын анықтау. Бұған Исламда рұқсат етілген. Әнәстың (р.а.) риуаят етуі бойынша Пайғамбарымыз (с.а.с.) Үмму Суләйм атты бір әйелді қалыңдықты көруге жіберген.[19]

Екіншісі – жігіттің қызды тікелей өзі барып көруі. Ислам бұған рұқсат берген. Әбу Хумәйданың риуаятына қарағанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл жайында былай деген:«Араларыңда кімде-кім біреуге сөз салса, қалыңдыққа алу үшін танымайтын қызын көруінде күнә жоқ».[20]

 Көрудің мөлшері

Қалыңдыққа таңдалған қыздың көруге болатын жерлері: беті-қолы, тобықтан төмен аяғы. Бет арқылы қыздың әлпетін білуге болса, қолдары мен аяғы арқылы оның дене құрлысын анықтауға болады (Ханбали мәзһабы бойынша күнделікті тіршіліктерді атқарарда байқалатын жерлерді көруге рұқсат).

Қызды оған сөз айтпай тұрып білдірмей көрген абзалырақ. Бұл қыз ұнамай қалған жағдайда оның көңілін қалдырмау үшін қажетті шара.

 Қалыңдығымен жалғыз қалудың харамдығы

    Жоғарыда айтып кеткеніміздей, үйленуге сөз байласу некелеу деген сөз емес. Сондықтан ешкім жоқ жерде екеуінің оңаша қалуы, бірге тұруы деген сияқты нәрселер харам болып табылады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) көптеген хадистерінде заңды әйелі емес бөгде әйелмен бір жерде жалғыз қалуға тыйым салған. Соның бірі мына хадис: «Еркек әлі адал жары болмаған әйелмен жалғыз қала алмайды. Өйткені үшіншісі шайтан болады. Ал, әйелдің жақын туысы болса оның жөні бөлек».[21]

Жалғыз қалудан сақтану келешектегі кейбір ықтималдардың алдын алу болып табылады. Бір жағдайлармен екі жас уәделерін бұзып, айрылысар болса, бөтен әңгімелерден аулақ, арлары таза күйінде қалады.  Қазақ «Бойдақта ес жоқ» – дейді. Оңаша қалу арқылы келеңсіз іс болып қалғаннан кейін бір жағдайлармен уәделерін бұзса қызға да, жігітке де жақсы атақ емес.

Арадағы үйлену уәдесін бұзу және одан туатын үкімдер

   Әйел мен еркек үйленуге сөз байласса, олардың әрбірі сөздерін бұзуға құқылы. Өйткені арада әлі заңды неке жоқ. Бірақ қолдан келгенше уәделерін бұзбай, берген сөздерінде тұрғандары абзал. Өйткені Ислам уәдеде тұруды бұйырып, мұсылмандарға екі сөйлеуге тыйым салған.

Алда-жалда уәде бұзылған жағдайда ислами үкімдер туындамайды. Тек егер жігіт қызға мәһрді (үйленген әйелге берілетін ақы) алдын ала беріп қойған болса қайтарып алуға қақы бар (барлық Ислам ғалымдарының көзқарасы бойынша). Уәде кім тарапынан бұзылса да бәрібір. 

Сыйлықтарға қатысты әр мәзһаб иесі әркелкі пікір білдірген. Біздің Ханафи мәзһабы бойынша, егер берілген сыйлық сақтаулы болса, берген адам қайта талап етуге құқылы. Ал, егер  сыйлық сақталмай бұзылса немесе жоғалып кетсе, жоқтың орнын толтыруды талап ете алмайды.[22]

 

Әлқисса

Жақсының шарапаты, жаманның кесапаты тиеді

 Бір заманда өзі ғалым әрі білгір, парасатты әрі сахаба көзін көрген Абдулла бин Мубарак есімді кісі өтіпті. Ол бірде қажылық парызын өтеуге Мекке қаласына аттанады. Қажылық парызын өтегеннен кейін Әл-Харам мешітінің бір бұрышында Алланы зікір етіп отырып көзі ілініп кетеді, бірақ көңілі әдетінше ояу болады. Сонда екі періште аспаннан түсіп біреуі екіншісіне: «Биыл алты жүз мың адам қажылық парызын өтеді. Бәрінің қажылығы Шамдағы Али бин Муаффақ есімді етікшінің ісі  үшін қабыл болды. Ол қажылыққа баруға ниет еткенімен бара алмай қалды. Оның істеген ісі үшін осыншама кісінің қажылығы қабыл болды», – деді.  Мұны естіген Абдулла бин Мубарак Шам қаласына баратын керуенге ілесіп, жаңағы періштелерден естіген кісіні іздеуге аттанады. Шамға келгеннен кейін Али есімді кісіні тауып алып сұраққа алады: «Сен қажылыққа бармасаң да бүкіл қажылардың қажылығы қабыл болатындай қандай іс жасадың?» – деп сұрайды. Жаңағы кісі атақты ғалымды көргенде таң болып, кейін есін жиып мән-жайды былай баяндайды: «Қажылыққа баруды отыз жыл бойы армандап келем. Ескі-құсқы киімдерді жөндеп сатып, 300 дирхам ақша жинадым. Осы ақшамен қажылыққа барам деп ниеттендім. Бір күні аяғы ауыр әйелім көршінің үйінен шыққан еттің мүңкіген исіне тамсанып, одан бір жапырақ ет сұрауымды өтінді. Көршіге барғанымда ол жылап: «Жеті күннен бері бала-шағам аш. Жолда өлген малға кезігіп, оның бір жілігін үйге алып келіп қазанға салған едім. Балаларымды сонымен алдандыра тұрмақшымын. Егер басқа адал ет таба алмасам, оларға осы еттен берем. Егер шынымен қалап тұрсаңыз одан сізге де берейін, бірақ аш бала-шағама жеуге болғанымен, сізге болмайды ғой», – деді. Мұны естігеннен кейін жүрегім елжіреп, балаларға жаным ашығаны соншалық, өмір бойы жинаған үш жүз дирхам ақшаны көршіме әкеліп бере салдым. Содан соң Аллаға: «Уа, Раббым, менім қажылыққа барам деген ниетімді қабыл ете көр», – деп жалбарынған едім».  Оның бұл сөзін естіген Абдулла бин Мубарак: «Түсім шынымен-ақ Алладан келген шынайы аян екен», -деп таңдай қағады.[23]

Шымкент қаласы орталық мешіті

[1] Әбу Дауд, Ахмед бин ХанбАл.

[2] Ахмед бин Ханбал т.б. риуаят еткен. Нилул Аутар:1/109.  У.Зухайли. Әл-Фиқһул Ислами уә Әдиллатуһу. 9 т. 6507 б. Дамаск сирия.

[3] У.Зухайли. Әл-Фиқһул Ислами уә Әдиллатуһу. 9 т. 6492 б. Дамаск сирия.  Prof. Dok. Hamdi Döndüren: Aıle İlmi Halı, 136 б. Стамбул.

[4] У.Зухайли. Әл-Фиқһул Ислами уә Әдиллатуһу. 9 т. 6492 б. Дамаск сирия.

[5] Субулус сәләм, 3/32.

[6] Ахмед бин Ханбал. Мүслім. (Нилул Аутар 5/167-168,  Субулус Салам, 3/22-23, 113.) У.Зухайли ат.әд. 6493 б.

[7] Муслим Фитен, 119, Ибн Ханбал 6, 373, 417.

[8] У.Зухайли. Әл-Фиқһул Ислами уә Әдиллатуһу. 9 т. 6494 б. Дамаск сирия.  Prof. Dok. Hamdi Döndüren: Aıle İlmi Halı, 142 б. Стамбул.

135 Бухари, Никах, 15.  Әбу Дәуіт, Никах, 2. Нисай, Никах, 13.

  1. Ибн Маже, Никах 6.

 

[11] Әбу Дәуіт, Никах 3.

[12] Ибн маже, Никах 7.

[13] Prof. Dok. Hamdi Döndüren: Aıle İlmi Halı, 137-139 б. Стамбул.

[14] Бақара сүресі: 235.

[15] Prof. Dok. Hamdi Döndüren: Aıle İlmi Halı, 141 б. Стамбул.

[16] Нұр сүресі: 30-31.

[17] Ахмад бин Ханбал.  Әбу Дауд.

[18] Табарани.

[19] Субулус Сәләм, 3/113: Ахмад бин Ханбал. Уһбату Зухайли, ат. әд. 9 том, 6504 б.

[20] Нилул Аутар, 6/110: Ахмад бин Ханбал. Уһбату Зухайли, ат. әд. 9 том, 6501-6506 б.

[21] Бухари. Никах, 111, 112. Муслим хаж, 424. (Prof. Dok. Hamdi Döndüren: Aıle İlmi Halı, 146 б. Стамбул.).

[22] Ухбату Зухайли, әл-Фиқһул Ислами уә әдилләтуһу, 9 том. 6510 б. Дамаск-Сирия

[23] Мәснәуи бақшасынан бір шоқ гүл. Осман Нури Топпаш. 95 б. Қазақ тіліне аударғандар: К.Тышқанұлы және Х.Өзтүрік.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38