1) Дәреттi құбылаға қарап отырып алу. Өйткенi құбыла ең қасиеттi орын, оған бағытталып отырып яки тұрып оқыған дұғаның қабыл болуы үмiт етiледi. Шафиғи және ханбали мазһабтарында сүннет пен әдеп бiрдей деп есептелетіндiктен дәрет алғанда құбылаға қарау сүннет деп саналады.
2) Дәретті намаз уақыты кiрмей тұрып алып, намазға дайын тұру. Ал, егер кімде-кімнің үзірі болса, онда мұндай кісі намаз уақыты кіргеннен кейін ғана дәрет алады.
3) Дәретті су шашырамау үшін биiктеу жерде тұрып алу. Сонда дәрет алып жатқан су киiмге шашырамайды.
4) Дәрет алған кезде біреуден орынсыз көмек сұрамау. Алайда бiр кісі өзі қатты құрметтейтін кісіге өз қалауымен дәрет суын құйып берсе әдепке теріс емес. Сапарда дәрет алған кезде Муғира ибн Шуғбаның (р.а.) Пайғамбарымызға (с.а.с.) су құйғандығы риуаят етiлген.[1]
5) Дәрет алып жатқанда басқа бiреумен қажетсіз әңгiмелеспеу. Өйткенi бұл дәрет алып жатқан адамның дұға оқуына кедергi болады.
6) Дәрет алғанда жүзiктiң астына су тигiзу. Жүзiк тар болса астына су тиюiн қадағалау керек. Әбу Рафиғи (р.а.) Алланың Елшісінің (с.а.с.) дәрет алып жатып жүзiгін қимылдатқанын риуаят еткен.
7) Ауызға және мұрынға оң қолмен су алып, сол қолмен сiңбiру.
8) Құлақтың iшiне ылғалды шынашақпен мәсих тарту.
9) Мойынға мәсих тарту. Әбу Ханифа мазһабы бойынша мойынға мәсих тарту мұстахаб. Өйткенi Талха ибн Мутарриф (р.а.) әкесiнен, оған оның атасынан риуаят етiлген хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мойнына мәсих тартқаны айтылады. Алайда бұл хадис даъиф (әлсiз) деп табылған. Сондықтан көптеген фиқһшылар мойынға мәсих тартуды мәкруһ дейдi.
10) Бет жуған кезде самайды көз шұңқырларына дейiн жуу, суды шынтақ пен тобыққа дейiн жеткiзу. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисіндегі:
“әл-ғуррату” сөзі маңдайдан жоғары, беттің тысындағы жерлерге айтылады. Ал, “тәхжиил” деген сөз қолдың шынтағынан жоғары қарай, аяқты тобықтан жоғары қарай жууды білдіреді.
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Шын мәнінде менің үмметім Қиямет күні дәрет алудың нәтижесінде аяқтарындағы білезіктерімен келеді»,- деген. Әбу Һурайра (р.а.) да: «Егер сендерден бір кісі ғуррасын ұзарта алса, оны берік ұстап жасасын»,- деген .[2]
Ал, мәликилер хадистегi «ғурра» сөзiн «дәрет» деген мағынада қолданады және оның екi мағынасы бар деп санайды: біріншісі – жуылатын мүшенi парыз делiнген шегiнен асырып жуу, екiншiсi – үнемі дәреттi болуға тырысу. Олардың көзқарасы бойынша алғашқысы шегiнен асып кеткенi үшiн мәкруһ, екiншiсi мұстахаб.
11) Мүшелердi жууға жететiндей су алу.
Бірақ өзен мен теңiздің жағасында болса да суды ысырап етуден сақтану қажет. Өйткенi суды ысырап ету мәкруһ.
Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.) Саъдтың суды ысырап етіп жатқанын көріп оған: «Ей, Саъд, бұл не деген ысырап?» – дейді. Саъд: «Судың да ысырабы бола ма?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Әрине, егер ағып тұрған өзеннің жағасында болсаң да», – деп жауап берген.[3] Негізінде кез-келген нәрсені қолданғанда шамадан тыс аз да, ысырап та етпей, үнемді пайдаланған жөн.
12) Дәрет алғаннан кейiн кәлима шаһадатты айту және дұға оқу. Ханбалилер ғұсылдан кейiн дұға оқу мәндуб екендiгiн айтады. Имам Мүслим өзінің сахихында Омар ибн Хаттабтан (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.):
«Сендердің араларыңнан бір кісі дәрет алып, сосын оны толықтағаннан кейін: «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухаммадан абдуллаһи уә расулуһу»-десе, яғни «Мен Алладан басқа ешбір Құдайдың жоқтығына куәлік етемін және расында Мұхаммед Алланың құлы әрі Оның елшісі екендігіне куәлік етемін»-десе, оған жәннаттың сегіз есігі бірдей ашылып, ол кісі қалаған есігінен кіреді»,- деген хадисін жеткізген.[4]
Кәлима шаһадат және дұға:
أشهد أن لا إله إلا الله وحده لا شريك له وأشهد أن محمدا عبدُ الله و رسوله …
Оқылуы: «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһу уахдәһу лә шәрикә ләһу уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уә расулуһ». Мағынасы: «Бір Алладан басқа ешбір Тәңiр жоқ екендiгiне, оның серiгi жоқтығына куәлiк етемiн және Мұхаммед Оның құлы әрі елшiсi екендiгiне куәлiк етемiн».
اللهم اجعلني من التوابين واجعلني من المتطهرين
Оқылуы: «Аллаһуммәжъални минәт-тәууабин уәжъални минәл-мутәтаһһирин». Мағынасы: «Ей, Алла! Менi көп тәубе етушілерден әрі тазарушылардан ете көр».
سبحانك اللهم و بحمدك، أشهد أن لا إله إلا أنت، أستغفرك و أتوب إليك
Оқылуы: «Субханәкәллаһумма уә бихамдик, әшһәду әллә иләһә иллә әнт, әстәғфирукә уә әтубу иләйк». Мағынасы: «Ей, Алла! Сен барлық кемшiлiк атаулыдан пәксiң және мақтау-мадақ Саған лайық. Сенен басқа ешбір Тәңiр жоқ екендiгiне куәлiк беремін. Сенен кешірім тілеймін, Саған тәубе етемiн».
13) Дәреттен артылып қалған судан құбылаға қарап тiк тұрып аздап iшу және «Ей, Алла! Мен күнә iстесем дереу тәубе ететiн және күнәдан қашып тап-таза болатын салихалы құлдарыңнан ете көр»,- деп дұға ету.
14) Дәреттен кейiн бiр, екi немесе үш рет Қадыр сүресiн оқу.
15) Дәреттен кейiн мәкруһ уақыт болмаса, екi рәкәғат нәпiл намаз оқу. Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) таң намазының уақытында Біләлға:
«Ей, Біләл! Сен қандай бір амал жасап едің, маған айтшы. Мен сенің екі аяғыңның даусын жәннаттан естідім»,- дейді. Сонда Біләл: «Шынында да мен түннің бір бөлігінде тұрып немесе күндіздің бір бөлігінде жақсылап тазаланып, сосын өзіме бұйырылған намазды оқығаннан басқа еш нәрсе жасай қойғаным жоқ», – деп жауап берген.[5]
Міне, дәреттiң осы жоғарыда баяндалған сүннеті мен әдептерiн орындаған кісі сауап алады, орындамаған адам жазаға тартылмайды. Ал, бұларға қайшы келетін іс-әрекеттер орындау тахримән немесе тәнзиһан макруһ болып есептеледі. Біздің мазһабта араб тіліндегі «мәндуб» сөзінің мағынасында «әдеп» терминiн қолданады. Әдеп немесе мәндуб дегеніміз – Пайғамбарымыздың(с.а.с.) бiр-екi рет iстеген, бірақ әрдайым iстемеген амалдары. Сондықтан кімде-кім дәреттің әдептерін орындаса, сауап алады. Ал, оны орындамаса жаза алмайды.[6] Мәликилерде бұл амалды мәндуб немесе адаб деп бөліп жатпай жай ғана «фадилат», «хаслат» немесе «мұстахаб» амалдар дей салады.
Шымкент қаласы орталық мешіті
[1] Нәйлул-Аутар,І, 175.
[2] Мүслим. Ат-Таһара 34, 35.
[3] Бұл әлсіз хадис. Ибн Мәжәһ Ат-Таһара кітабында 425, Ахмад 7025.
[4] Сахих хадис. Мүслим. Ат-Таһара,234; Әбу Дәуіт. Ат-Таһара,169; Тирмизи. Ат-Таһара, 55;Нәсәи.148; Ибн Мәжәһ. Ат-Таһара уә сунәниһә,470.
[5] Мүттәфәқун әлейһ.Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи,ибн Мәжәһ, Ахмадтар риуаят еткен хадис.
[6] Х. Алтай. Ғибадатул-Ислам. Алматы, 1994ж. 15-бет.