Алла Тағала періштелерге басқа кейіпке ену қабілетін берген. Мәселен, Жәбірейіл періштенің кейпін өзгертіп Мәриям анамызға келгені Құранда былай баяндалған:
«Кітапта айтылған Мәриямның оқиғасын еске ал! Ол тұған үйінің шығысындағы мекенге барып, (ғибадат үшін) шымылдық ішінде оңашаланды. Сонда оған Рухымызды[1] жібердік. Ол оған тұлғасы келісті адам бейнесінде көрінді».[2]
Сол сияқты, Ибраһим пайғамбарға да (ғ.с.) періштелер адам бейнесінде келген. Бұл туралы жоғарыда айтып өттік.
Ал, Лұт пайғамбарға (ғ.с.) періштелер өте сұлу жас жігіттер бейнесінде келген. Олар үшін Лұт (ғ.с.) қатты уайымдады. Себебі, оның қауымы азғындыққа салынғаны соншалық, әйелдерді қойып, еркектермен көңіл қосуды бастаған еді:
«Елшілеріміз Лұтқа келгенде, оларды (қауымының бұзықтығынан) қорғап қала алмасын білген (Лұт) уайым кешіп, «Бұл бір ауыр күн болды!» – деді».[3]
Періштелердің азғындыққа салынған тап осы қауымға сұлу жігіттер кейпіне еніп келуінің өзіндік сыры бар еді. Сол арқылы Алла Тағала Лұт пайғамбардың қауымын сынады. Бірақ, олар пасық пиғылдарынан қайтпайтынын, азғын істерін тоқтатпайтынын ашық айтты. Сонда Алла оларды күйзелтуші азаппен жазалады.[4]
Жәбірейіл періште пайғамбарымызға (с.ғ.с.) әртүрлі кейіпте келетін. Бірде сұлулығымен белгілі сахаба Дахи ибн Халифа әл-Кәлбидің кейпіне енсе, енді бірде бәдәуи бейнесінде келетін. Сахабалардың көпшілігі оны бәдәуи қалпында көрген.
Ақиқат пен жалғанды айырушы, мүміндердің әміршісі Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) мынадай оқиғаны әңгімелеген:
«Бір күні пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) сұхбаттасып отыр едік. Күтпеген жерден бір кісі үстімізге кіріп келді. Оның киімдері көз шағылтардай аппақ, шаштары мойылдай қап-қара екен. Түріне қарасаң, сапар кешкен жолаушыға ұқсамайды. Біздің арамызда оны ешкім танымайтын болып шықты. Ол пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) тізе түйістіріп отырды да, Иман, Ислам, Ихсан туралы сұрай бастады».[5]
Ол қойған сұрақтарына жауап алып кеткеннен соң, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның Жәбірейіл періште екенін баяндайды.
Енді бірде Айша анамыз (Алла оған разы болсын) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Дахи әл-Кәлбидің атының жалын сипап онымен сөйлесіп тұрғанын көреді. Мұның сырын сұрағанда, «Ол Жәбірейіл періште ғой. Саған сәлем айтты!» – деп мән-жайды түсіндіреді.[6]
Сол сияқты, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әңгімелеп берген тоқсан тоғыз адамды өлтіріп, тәубе келтірмек болған күнәһар туралы хикаяда да періштелердің адам кейпіне енгені айтылады. Бұл хикая мұсылмандар арасында кеңінен мәлім.[7] Міне, осы хикаяда да періштелердің кейіпке ене алуы анық көрсетілген.
Періштелердің жылдамдығы
Періштелер өте жылдам қозғалу қабілетіне ие. Мәселен, сахабалар пайғамбарымызға (с.ғ.с.) әлдебір мәселе туралы сұрақ қойғанда, оған жауап ретінде сол сәтте уахи келетін. Яғни, Жәбірейіл періште (ғ.с.) сол заматта жеті қат көктің үстіндегі Раббысынан хабар жеткізетін. Бұл періштелердің қаншалықты жылдам қозғалатынын аңғартады.
Шымкент қаласы орталық мешіті
[1] Яғни, Жәбірейіл періштені.
[2] «Мәриям» сүресі, 16-17.
[3] «Һуд» сүресі, 77.
[4] Толығырақ мәлімет үшін Ибн Касир тәпсіріне қарасаңыз болады.
[5] Имам Мүслим риуаяты.
[6] Имам Ахмед, Ибн Саад риуаяты.
[7] Хадисте айтылған оқиға барысы былайша өрбіген: «Сендерден бұрынғы өткен қауымның арасында тоқсан тоғыз адам өлтiрген қылмыскер болған едi. Күндердiң күнi ол соншалық iстеген күнәсiн шаюдың жолын iздейдi. Сөйтiп, өзi тұрған аймақтың ең бiлiмдi деген ғалымдарынан мұның жолын сұрастырады. Олар бiр монахты нұсқайды. Әлгi қылмыскер монахқа келiп: «Тоқсан тоғыз адам өлтiрген кiсiнiң тәубе келтiруiне бола ма?» – деп сұрайды. «Жоқ, болмайды», – деп жауап бередi оған монах.
Күнәдан тазарып, тура жол тапсам деген үмiтiн өшiрмек болған монахқа ашуланып, «Онда сен солардың жүзiншiсi бол!» – дейдi де, оны да өлтiредi. Сөйтiп өлтiрiлген адамдар саны жүзге жетедi.
Сонда да ол тура жолды iздеуiн жалғастырып, аймақтағы бiлiмдiлердi сұрастыра бастайды. Бiрақ, көкейiндегi сауалдарына жөндi жауап беретiн ешкiмдi таппайды. Ақыры, жұрт оған: «Пәлен жерде түгенше деген ғалым бар, сенiң сұрағыңа тек сол ғана жауап беруi мүмкiн», – деп жол нұсқайды. Күн жүрiп, түн жүрiп, ол ақыры айтылған ғалымға жетедi. «Тоқсан тоғыз адам өлтiрген кiсiнiң тәубе келтiруiне бола ма? – деп сұрайды одан. «Әрине болады», – деп жауап бередi ғалым мейiрлене. «Тәубе келтiруге не кедергi бола алмақ?! Сенiң iздегенiң тура жол болса, пәлен жерге бар, сол жерде бiр Аллаһқа құлшылық қылатын адамдар өмiр сүредi. Солармен бiрге Аллаһқа құлшылық жаса-дағы, өз жерiңе қайтып келме. Себебi, ол жамандық мекенi, – дейдi.
Сөйтiп ол жолға шығады. Жарым жолға келгенде оған ажал жетедi. Сонда рахым перiштелерi мен азап перiштелерi оның жанына таласады. Рахым перiштелерi: «Бұл пенде Аллаһқа шын жүрекпен тәубе етiп келдi, сондықтан, ол рахым етiлуге лайық», – дейдi. Ал, азап перiштелерi болса: «Бұл пенде ешқандай жақсы амал iстемеген, сондықтан, азапқа лайық», – дейдi. Сонда Аллаһтың қалауымен бір періште адам кейпіне еніп, олардың қасына келеді. Айтысып жатқан екі періште одан төрелік сұрайды. «Бұл пенде жүрiп келген аралықты – ол шыққан зұлым мекен мен бара жатқан тағат-ғибадатты мекеннiң арасын өлшеңдер, екеуiнiң қайсысына жақынырақ болса, ол соған тиесілі», – деп төрелік айтады ол.
Сөйтiп, рахым перiштесi мен азап перiштесi ол басып өткен жолды өлшеп қарағанда, оның тағат-ғибадатты мекенге жақын болғанын көредi. Сөйтiп, ол пенденiң жанын рахым перiштелерi алады».
Хадисті Имам Бұхари, Имам Мүслим риуаят еткен.