Алла Тағаланың немесе Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мұсылманның iстеп-iстемеуi өз еркiне қалдырылған iстi мубах дейдi. Сондай-ақ, фиқһ кітаптарында жиі кездесетін халал, жәйіз және мутлақ сөздерi де осы мубах терминімен бiрдей мағынада қолданыла береді.
Кез келген заттың әу бастағы сипаты – мубах. Яғни, бір заттың үкімі жайында Құран Кәрімде немесе Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде айтылмаған болса, онда ол әуелгі сипатына негізделіп халал деп есептеледі. Қасиетті Құран Кәрiмдегі:
«Алла сендерге көктердегi және жердегi нәрселердi бойұсындырды және сендерге ашық және жасырын нығметтерiн молымен бергенiн көрмейсiңдер ме?»,[1]– деген аяттарда жер мен көктегі нәрселердің адамдардың пайдалануы үшiн жаратылғандығы айқын айтылған. Iшiп-желiнуi немесе қолданылуы аят немесе хадистер арқылы тыйым салынбаған нәрселер халал болады. Бұлар – адам үшiн пайдалы нәрселер. Ал, Құран аятында немесе хадистерде тыйым салынғандар – адам баласы үшін зиянды нәрселер.
Бiр нәрсенiң мубах және халал болуы мына жолдардың бiреуiмен белгiлi болады:
1) Халал еместігіне байланысты аят не хадисте нақты ештеңе айтылмаса. Мысалы, таза нәрселердi iшiп-жеу сияқты. Аятта былай делінген:
«Бүгiн сендерге жақсы нәрсе халал етiлдi. Кiтап берiлгендердiң (христиан, яһуди) тамағы (бауыздағандары) халал етiлдi. Сендердiң тамақтарың оларға да халал етiлдi».[2]
Бiр нәрсенiң мубах болуы уақыт және түрiн белгiлеумен байланысты. Мысалы, тамақ уақыты мен түрiн таңдау мубах. Адам қалаған уақытында өзiне халал болған бiр әйелмен үйлене алады. Шектен шығып кетпейтiндей шамада көңiл көтере алады. Бiрақ барлық уақытын көңiл көтерумен өткiзуi дұрыс емес.
2) Күнә емес екендiгiнің бiлдiрiлуi. Аят пен хадистерде күнә үшiн қиыншылық пен қауiптiң жоқтығының бiлдiрiлуi ол iстiң халал екендігін көрсетедi. Аяттарда былай делінген:
«Шынайы түрде сендерге өлексенi, қанды, доңыз етiн және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды арам қылды. Бiрақ кiм қиыншылыққа түссе басқасының хақына қол сұқпай, зәрушiлiк шегiнен шықпай бұлардан жесе күнә жоқ».[3]
«Ал (бұндай иддат iшiндегi) әйелдерге үйленудi жабық түрде ескертулерiңде немесе iштерiңде сақтауларыңда бiр кiнә жоқ».[4]
«Соқырға кiнә жоқ, ақсаққа кiнә жоқ, ауруға да кiнә жоқ. Сондай–ақ, өз үйлерiңнен … тамақ жеулерiңде айып жоқ».[5]
3) Бұйрық райдың мiндеттiлiктi емес, мубахты бiлдiруi. Бұған мына аят мысал бола алады:
«Алланың несiбесiнен iшiп–жеңдер».[6]
Мубахтың үкiмi: мұндай топқа жататын іс-әрекеттердің орындалуында да, орындалмауында да сауап немесе күнә жоқ, екеуi бiрдей.[7]
[1] Лұқман сүресі, 20-аят.
[2] Мәида сүресі, 5-аят.
[3] Бақара сүресі, 173-аят.
[4] Бақара сүресі, 235-аят.
[5] Нұр сүресі, 61-аят.
[6] Бақара сүресі, 60-аят.
[7] Шатыби. Әл-Муафақат. Тижария уә Мунир. Димашық I,141, 142; Шәукани. Иршадул-Фухул. 6-бет. Каир.1347 ж.\
Шымкент қаласы орталық мешіті