Мұса қауымына Аллаға бойсұну жөнінде насихат етті. Ол сөзін аяқтаған кезде бір кісі: «Қай адам білімді?» – деп сұрады. Мұса: «Мен», – деді. Сол кезде Алла оған білімді адамды көргісі келсе жолға шығуды ұсынды. Ол адамды екі теңіздің қосылған жерінен табатынын айтты. Мұса: «Ей, Тәңірім, мен онымен қалай ұшырасамын?» – деп сұрады. Алла: «Өзіңмен бірге балық аласың. Ол балық қай жерде жоғалса, іздеген кісің сол жерде болады», – деді.
Мұса балықты алып жолға шықты. Оған бір жігіт ілесті. Екеуі екі теңіздің қосылған жеріне жеткен кезде демалмақ болды. Сол жерде оның көзі ілініп кетті. Осы уақытта жауын жауып, балық су ішіп жаны кірген соң теңізге кетіп қалды. Мұса оянғаннан кейін әрі қарай жүріп кетті. Бір кезде олардың қарны ашып, жігітке балықты әкелуді бұйырды. Жігіт оған балықтың жоғалғанын айтты. Мұны естіген Мұса қуанып кетті. Іздеген адамын балық жоғалған жерден жолықтыратыны туралы Алланың ескертуі есіне түсті. Сөйтіп, олар кері қайтып, өздері тоқтап демалған жерге жетті. Салих пендені нақ сол жерден тапты.
МҰСАНЫҢ ІЛІМ ТАЛАП ЕТУІ
Мұса салих пендеден білім алу үшін онымен серік болып бірге жүруге рұқсат сұрады. Ол кісі: «Менімен бірге жүруге сабырың жете ме? Кейбір жағдайларды көргенде шыдай аласың ба?» – деп сауал қойды. Мұса оған Алла қаласа сабырлы болатынын, оның ісіне араласпайтынын айтты. Сөйтіп, Мұса оның істері жайлы сұрамауға, ал салих кісі барлығын ең соңынан баяндап беруге шарттасып, екеуі теңіз жағалап жүріп кетті.
МҰСАНЫҢ САЛИХ ПЕНДЕГЕ ҚАРСЫЛЫҒЫ
Мұса мен салих пенде теңіз жағалап келе жатып бір кемеге кездесті. Кеме иесіне оларды кемесіне отырғызуды өтініш етті. Ол екеуінің өтінішін орындап, кемеге мінгізіп алды. Салих пенде кемедегілерге байқатпай оның қабырғасын тесе бастады. Мұны көрген Мұса шыдамай: «Бізге жасаған жақсылығын өтегенің осы ма? Немене, оларды суға батырмақсың ба?» – деп наразылық білдірді. Салих пенде оған ісіне араласпауды ескерткенін, бұлай жағаласа берсе бірге жүре алмайтынын айтты. Өзінің уәдесі Мұсаның есіне сонда ғана түсіп кешірім сұрап, енді мұны қайталамайтынын айтып бірге жүруге ризашылығын алды. Содан олар ел аралап келе жатып ойнап жүрген балаларға кез болды. Салих пенде баланың бірін жеке алып шығып, оңаша жерге апарып өлтіріп тастады. Мұны көрген Мұсаның жүрегі жарылып кетуге шақ қалды. «Жазықсыздан-жазықсыз баланы неге өлтіресің?» – деп ашу шақырды. Салих пенде: «Менімен жолдас болып жүруге сабырың жетпейді деп ескертпеп пе едім?» – деп араларындағы уәдені Мұсаның есіне салып, әрі қарай бірге жүре алмайтынын айтты. Мұса ісіне өкініп, енді ештеңе сұрамауға уәде етті. Екеуі одан әрі келе жатып қарындары ашып, бір ауылға жетті. Ауыл адамдарынан тамақ сұрады. Алайда олар мейман етпек тұрмақ ауылдан қуып жіберді. Сөйтіп келе жатқанда құлағалы тұрған бір үйді көріп, салих пенде оны жөндеп қойды. Мұса: «Дәм татырмай қуып шыққан қауымның үйін жөндеп не қылмақсың?» – деп тағы кейістік білдірді. Солайша екеуіне ажырасатын уақыт та жетті.
«Сөйтіп, екеуі бірге жүріп келіп бір кемеге шықты. Ол (Қызыр) кемені тесіп тастады. «Оу, мұның не?» – деді Мұса. – Кемедегілер суға набыт болсын дегенің бе? Жөнсіз іс істедің» (Кәһф сүресі, 71-аят).
«Менімен бірге жүруге төзімің жетпейді демеп пе едім?» – деді ол» (Кәһф сүресі, 72-аят).
«Уәдемді ұмытып барады екем, ғафу ет, – деді Мұса. – Бірге жүргенде мені қолайсыз жағдайға қалдырмашы» (Кәһф сүресі, 73-аят).
«Әрі кетті екеуі. Жолда бір бала жолықты. Әлгі баланы ол (Қызыр) өлтірді де тастады. «Бейкүнә бір жанды өлтіріп нағыз жауыздың ісін жасадың ғой», – деді Мұса» (Каһф сүресі, 74-аят).
«Менімен бірге жүруге төзбейсің деп айтып едім–ау», – деді ол» (Кәһф сүресі, 75-аят).
«Ендігәрі сенен бір нәрсе сұрасам жолдас етпей–ақ қой, олай етуіңе менен себеп табылады» – деді Мұса» (Кәһф сүресі, 76-аят).
«Екеуі тағы бірге жүріп бір қалаға жетті. Әркімнен тамақ сұрап еді, олар қонақжайлылық көрсете қоймады. Кезіп жүріп құлағалы тұрған бір ескі үйге жолықты. (Қызыр) оны жөндеп қойды. «Егер қаласаң сенің бұған ақы сұрауға еркің бар» – деді Мұса оған» (Кәһф сүресі, 77-аят).
«Сен екеуміздің айрылысатын сәтіміз осы, – деді ол Мұсаға. – Сенің сабырың жетпеген (оқиғалардың) шын мәнін түсіндіріп берейін» (Кәһф сүресі, 78-аят).
«Ең әуелі – кеме туралы. Ол теңізде кәсіп ететін кедейлердің кемесі еді. Менің оған ақау түсіргім келді. (Өйткені) ар жақта кеме біткенді (сау кемені) тартып алатын зорлықшыл патша бар» (Кәһф сүресі, 79-аят).
«Бала жайына келсек, оның ата–анасы мүъмин болатын, мен оны (өскенде) әке–шешесін Тәңірі жолынан тайдыра ма деп қорықтым» (Кәһф сүресі, 80-аят).
«Сондықтан біз Тәңірінің оларға әлгі баладан гөрі (ниеті) таза, одан да мейірімді перзент беруін қаладық» (Кәһф сүресі, 81-аят).
«Үйді айтар болсақ, ол осы қаладағы екі жетім баланың баспанасы еді. Сол үйдің астында оларға тиісті болған қазына жатыр (үй құласа қазынасы көрініп қалып, басқалар пайдаланып кетер еді). Балалардың ата–аналары жақсы адамдар болған. Тәңірі өскен кезде балалардың әлгі үй астындағы қазыналарын өздері тауып алуын көздеді. Тәңірдің рахматы деген осы. Оны мен өздігімнен істеген жоқпын. Сенің сабырың жетпеген істердің шындығы, міне, осындай» (Кәһф сүресі, 82-аят).
САЛИХ ПЕНДЕНІҢ ІС–ӘРЕКЕТТЕРІНІҢ СЫРЫ
Салих пенде Мұсамен айрылысар кезде оған болған жайлардың мәнін баяндап берді. «Кеме міскіндердікі еді. Олардың одан басқа байлығы жоқ-тын. Жақсы кеменің барлығын патша тартып алып қоятын еді. Сондықтан ақауын көріп алмай қойсын деп әдейі тестім. Бірақ оны кейін жөндеуге келетіндей етіп қана жасадым. Ал, енді балаға келетін болсақ, мен одан пасықтық, жамандық белгілерін көрдім. Оның ата-анасы мүъмин, салих адамдар. Өсе келе бұл бала ол екеуін азғырып, күпірлікке сала ма, шайтан жолына қарай жетелей ме деп қорықтым. Өлтіру себебім сол. Ондай жаман баланың орнына Алла ата-анасына мейірімді, жақсы перзент берер деп ойладым. Ал, құлағалы тұрған үй екі жетімдікі еді. Ата-аналары салих пенделер болған және үйдің астында екеуіне мол қазына қалдырған. Ер жеткенде сол байлықты тауып алсын дедім. Мұның бәрін мен өз бетімше істегенім жоқ, Алланың қалауы бойынша жасадым. Ал, сенің ақырына дейін көріп шығуға сабырың жетпеді», – деді.
ҚИССАДАН ҒИБРАТ
Қиссадан білім іздеу мысалын көреміз. Өз білмегенін білу, ұғу үшін Мұса салих адамға сонша уақыт еріп жүрді. Өзі түсінбеген жайларды көріп шошынса да, соның сырын білсем деген ынта оны әрі қарай жетеледі. Қасындағы кісінің сырттай қарағанда теріс сияқты көрінген істерінен түңіліп, бұрылып кетіп қалған жоқ. Дәріс, тәлім алуға деген қызығушылығы одан бетер арта түсті. Сондай-ақ, қиссадағы кеме оқиғасынан Алланың міскіндерді қиындықтан құтқарушы, өлтірілген бала мысалынан салих пенделерін залым болып өскелі тұрған баланың жамандығынан қорғаушы, ал ескі үйге байланысты оқиғадан жетімге ризық-несібе беруші, оларға тиесілі игілікті сақтап-жеткізуші екенін көреміз.
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті