Жуырда, 17- қаңтар, 2024 ж. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас Муфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазрет Еліміздегі барша дін қызметкерлеріне Бағдарлық баяндамасындағы мәлімдемесінде «Отбасындағы зорлық-зомбылық, қатігездік әрекеттер өзекті мәселенің біріне айналды.
Біз отбасы құндылығын қоғамға барынша насихаттау мақсатында республика бойынша «Өнегелі отбасы» жобасын жүзеге асырамыз, деген болатын.
Расында отбасы – мемлекеттің іргетасы, әрі ажырамас бөлігі. Мемлекеттің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуі – Отбасына байланысты.
Ислам діні отбасы құндылығына айрықша мән береді. Қасиетті Құранда ең алғашқы отбасын құрушылар Адам ата мен Хауа ана болғандығы, әуелгіде екеуінің жұмақта өмір сүргендігі айтылады.
Өзге тіршілік иелері секілді адам баласының да ұрпақ өрбіту үшін ер мен әйел болып жаратылғаны, бұлардың бір-бірін психологиялық және биологиялық жағынан толықтыра түсетіндігіне назар аударады.
Құранда бұл туралы: «Сендерді бір адамнан жаратқан да, әрі көңілі жай табуы үшін оған жұбай сыйлаған да Алла», – дейді. «Ағраф»сүресі, 7/189 – аят
Ислам діні – отбасы құндылығына бақытты қоғам орнатуды мақсат етеді. Өйткені қоғамның бұзылуы да, түзелуі де әуелі отбасыдан бастау алатыны белгілі. Іргесі берік отбасылардан қоғамның тұрақтылығы беки түсері анық. Ислам дінінде мұсылман ер мен әйелдердің өзіндік міндеттері белгіленген. Ол бойынша ер кісілерге отбасын асырау, жанұя мүшелерін барлық жағынан қамтамасыз ету міндеттелсе, әйел кісілерге күйеулеріне бағыну, бала тәрбиесін қадағалап, күйеуінің мүлкін ұқсатып ұстау, ар-ұяттарын қорғау, отбасы абыройына дақ түсірмеу міндеттелген.
Өйткені ерлі-зайыптылардың өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы отбасы тұрақтылығының кепілі. Отбасының берік болуы әйел мен еркектің теңдігінен гөрі екеуінің бір бүтінді құрауына, әрқайсысының өзіне тиесілі міндеттерін атқаруына байланысты.
Отбасылық өмірдің реңін кіргізетін маңызды бір мәселе – отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрметі.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
«Мұсылмандардың ішінде ең жақсысы – мінезі жақсы болғаны. Қайырлысы – жұбайына қайырлы болғаны», – дейді.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әрекетінде де де адамгершіліктің заңғарында болатын.
Бір күні өзі ат болып Хасан мен Хүсейінді (оларға Алла разы болсын) арқасына мінгізіп, ойнатып жүргенде ішке кірген хазірет Омар (оған Алла разы болсын) мына көрініске таң-тамаша болып, Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) немерелеріне:
«Сіздің қандай тамаша сәйгүлігіңіз бар!», – дейді.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) да кідірместен:
«Бұл сәйгүліктің қандай тамаша шабандоздары бар!», – деп үстіндегі немерелерін меңзеп, оларға деген құрметін көрсетеді.
Осылайша отбасы мүшелерінің өзара сыйластығы реттелген. Отбасы қарым-қатынастарының тұтас қоғамға әсер ететіндігі баяндалады.
Отбасында ынтымақ болса, қоғамда да бірлік пен тыныштық салтанат құрады. Отбасы мәселесі сол қоғамға айрықша әсер етеді.
Асыл дініміз Ислам үлкенді сыйлауға үндейді, жастарды үлкендердің ақылын тыңдап, оларға құрмет көрсетуін насихаттайды, Отбасы бала тәрбиесінің ұйытқысы екеніне ерекше тоқталады.
Тәрбие отбасыдан басталады, қазақта: «Отан – отбасынан басталады», – деген тамаша сөз бар. Отбасы құндылықтары мен үлкенді сыйлау, береке мен ынтымақ, жетім-жесір мәселесіне айрықша баға берілген.
Ислам дінімен ұштасқан, отбасылық құндылықтар мен тәрбиенің озық үлгісі ғасырлар сынынан өткен, ұлағат пен өнеге тағылымдар құндылығының жиынтығы деуге болады. Расымен де тәрбиенің өзіндік ерекшеліктері оның мазмұны мен түрлерінде бейнеленген.
Қазақ отбасында дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, экономикалық, экологиялық, құқықтық, имани тәрбиелері жүргізілген. Қалыңдық үшін де болашақ күйеуінің мінез-құлқы, ой-өрісі мен мәдениеті, білімі мен инабаттылық болмысы, жақсы-жаман әдеттері жайында жақсы білуде сақтықпен қараған.
Демек, болашақ жас ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, өнегелі, өнерлі етіп тәрбиелеу – қазіргі отбасына үлкен міндет жүктейді.
Cонымен, әр отбасында тәрбиенің негізі – ұлттық салт-дәстүрлер құндылықтарын ұмыттырмай, өміріне азық ретінде қалыптастырған абзал. Өз ұлтының намысын жоғары қоя білетін, елінің сөзін сөйлейтін жас ұрпақты баулып, тәрбиелеу арқылы, керегесі кең, шаңырағы биік, некеде бақытты отбасы қалыптасары ақиқат
ҚМДБ Шымкент қаласы, Қаратау ауданы Орталық «Байғұт баба» мешітінің Найб Имамы Ербол Тастанбекұлы Қалшабеков