Ислам діні бойынша әрбір айдың өзіндік қадір-қасиеті бар. Ережеп айының да өзіне тән ерекшеліктері бар.
«Ережеп» – сөзі араб тіліндегі «ражаба», – яғни ұлықтау, мадақтау деген мағыналарды білдіреді.
Бұл айда тәубе етушілерге Алланың рахметі мен мейірімі ерекше мол төгіледі. Алла Тағала «Тәуба» сүресінің 36-аятында: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар. Міне, осы берік дін», – деген.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңғы қоштасу қажылығында ташриқ күндерінің ортасында минада айтқан құтпасында осы айлар жөнінде: «Бір жылда он екі ай бар. Бұлардан төртеуі харам айлар, үшеуі қатар келген Зилқаьда, Зулхижжа және Мұхаррам, төртіншісі Ережепайы», – деді.
(Имам Бұхари)
Ережеп айында ораза ұстаудың да өзіндік артықшылығы бар
Абдулла бин Зубайыр (оған Алла разы болсын) риуаятында: «Бір кісі Ережеп айында бір кісінің мұқтаждығын өтесе, Алла Тағала қиямет күні оған Фердауси жәннатынан көз жетер жеріне дейінгі ара-қашықтықта сарай тұрғызып береді. Есіңізде болсын, бұл айда Алла Тағаланың сый-құрметіне лайық болуды қаласаңыз, өзгеге сый-құрмет жасап, сыйлық ұсыныңыз», – деген.
Мұса ибн Имран Әнас ибн Мәліктің естігенін былай деп жеткізеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннатта бір өзен бар. Ол өзеннің аты – Ережеп. Сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім ережеп айында бір күн ораза тұтса, Алла тағала ол кісіге сол өзеннен сусындауды нәсіп етеді», – деп ережеп айында ораза ұстауға үмбетін ынталандырған.
Сәубән (оған Алла разы болсын) былай деп жеткізуде: Пайғамбарымызбен бірге кетіп бара жатыр едік. Жолымызда қабірлер болатын, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кезде қабірлерге қарап, көзіне жас алды.
Маған қарап: «Ей Сәубән, мына қабірдегі жатқан адамдарды қабір азабынан құтқаруды тілеп, Алла Тағаладан дұға еттім. Егер де бұлар Ережеп айында бір күн ораза ұстаса немесе құлшылық етсе, яки осы айда дүниеден өтсе, онда бұларға қабір азабы болмас еді», – деді.
Уа, Расулалла, Ережеп айының бір күнгі оразасы қабір азабынан құтылуға кәффәрат болады ма? – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Әр мұсылман ең болмаса Ережеп айында бір күн нәпіл ораза тұтса, құлшылық жасаса немесе осы айда бұл дүниеден озса, Алла Тағала ол кісінің амал кітабына бір жылғы ғибадаттың сауабын жазар еді», – деген. Сондықтан, бұл айлардың қадірін біліп, босқа өткізіп алмай, Алланы көбірек еске алып, біліп-білмей істеген қателеріміз үшін кешірім сұрап, тәубеге келіп, Құран оқып, садақа беріп, ораза тұтып, ілім үйренумен өткізгеніміз жөн.
Иә, Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Бұл айдың алғашқы жұмасы Рағайып түні болса, жиырма жетінші түні миғраж түні.
Исра және Миғраж
Ислам тарихындағы ең қиын, ауыр кезеңде болған оқиға
Бұл кезде пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басшылығындағы аз санды мұсылмандар мүшіріктердiң зорлық-зобалаңынан, Алла жолынан мұсылмандарды қайтару үшiн жасаған әрекеттерiнен әбден қиналған едi. Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олардан қорғап, үлкен қамқоршысы болған, өз баласындай аялап асыраған атасы Әбдiмүттәлiп, көкесі Әбу Тәлiп және сенiмдi жолдасы, жұбайы Хадиша анамыз дүниеден қайтқан шақ еді.
621 қайғылы жыл, Қасиетті Ережеп айының 26-сынан 27-сіне өтер түнде, дүйсенбiде, Алла тағала пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исра және Миғраж оқиғасымен құрметтеді.
Бұл оқиға пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшiн Алла тағала тарапынан үлкен бiр жұбаныш әкелдi. Үмiт шамын қайта жақты. Миғраж түнiнде пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың жаратқан жеті қат аспанды көріп, Пайғамбарлар мен қауышып оларға имам болды. Тозақ пен Жаннатты көріп, Үмбеттері үшін жарылқау тіледі. Ұлы Жаратушы тараптан үш сый жасалды. Олар:
1 «Бақара» сүресiнiң соңғы екi (285-286) аяты «Амәнәр-расул» уаһи етiлдi.
2 Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қиямет күнi үмбетiне шапағат ету мүмкiншiлiгi берiлдi. Қияметте ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күнәһар мұсылмандарға жәрдем берiп, оларды азаптан құтқарады.
3 Миғраждың ең үлкен сыйы – бес уақыт намаз. Мысырлық Зүннуни былай дейді: «Ережеп айы – дәнді егу айы. Шағбан айы – егінді суғару айы,
ал Рамазан айы – егінді ору, қырман айы.
Егілген егіннің жеміс бергені секілді, әрбір жақсы істің нәтижесі де болады. Сол себепті, бұл айда ораза тұтып, көбірек намаз оқып, рухани амал жасау керек. Осы айдың құрметі үшін біздер де арамыздағы дұшпандық, алауыздықтан арылып, жамағаттар арсында ізгілік дәнін егіп, кешірімді болуға тырысуымыз қажет.
Айналамыздағы адамдарға көркем мінезіміз бен үлгі бола білейік, Алла Тағала баршамызды Қасиетті Ережеп ай мен Шағбан айларын берекелі етіп, Рамазан айына аман-саулықта жетуімізді нәсіп етсін. Әмин!
ҚМДБ Шымкент қаласы, Қаратау ауданы орталық «Байғұт баба» мешітінің Найб Имамы Ербол Тастанбекұлы Қалшабеков