Адам баласы Қиямет күні қатты өкініп, бармақ тістеп қалмас үшін дүниеде Жаратқанның жарлығын мұқият түрде мүлтіксіз орындауы тиіс. Ал дүниелік істер, мал-мүлік, кәсіп, бала-шаға – барлығы лайықты құлшылық жасауға кедергі болмауы керек. Құран Кәрімде бұл туралы ескертулер бар. Алла Тағала былай дейді:
﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُلْهِكُمْ أَمْوَالُكُمْ وَلَا أَوْلَادُكُمْ عَنْ ذِكْرِ اللَّهِ وَمَن يَفْعَلْ ذَلِكَ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الْخَاسِرُونَ﴾
«Ей, иман келтіргендер! Малдарың да, балаларың да сендерді Алланы зікір етуден елітпесін! Кімде-кім солай етсе, солар нағыз зиянға ұшыраушылар» (Мунафиқун, 9).
Дүние істерін Хақ жолындағы ғибадаттан, ізгі істерден артық қоюға болмайды. Олай еткен жан апатқа ұшырауы мүмкін. Алла Тағала бұл жайында былайша ескертеді:
﴿قُلْ إِنْ كَانَ آبَاؤُكُمْ وَأَبْنَآؤُكُمْ وَإِخْوَانُكُمْ وَأَزْوَاجُكُمْ وَعَشِيرَتُكُمْ وَأَمْوَالٌ اقْتَرَفْتُمُوهَا وَتِجَارَةٌ تَخْشَوْنَ كَسَادَهَا وَمَسَاكِنُ تَرْضَوْنَهَا أَحَبَّ إِلَيْكُم مِّنَ اللّهِ وَرَسُولِهِ وَجِهَادٍ فِي سَبِيلِهِ فَتَرَبَّصُواْ حَتَّى يَأْتِيَ اللّهُ بِأَمْرِهِ وَاللّهُ لاَ يَهْدِي الْقَوْمَ الْفَاسِقِينَ﴾
«(Уа, Мұхаммед! Оларға былай деп) айт: «Егер сендердің әкелерің, ұлдарың, ағайындарың, жұбайларың, жанұяларың, ие болған малдарың, тұрып қалуынан қорыққан сауда-саттықтарың, разылық танытқан үйлерің Алладан, Оның елшісінен және Оның жолындағы күрестен сүйкімдірек болса, онда Алланың Өз әмірімен келгенінше күтіңдер! Алла пасық қауымдарды еш туралыққа бастамайды» (Тәубе, 24).
Қиямет күні мал-мүлік, жиған-терген де, бала-шаға да еш көмек бере алмайды.
﴿ يَوْمَ لَا يَنفَعُ مَالٌ وَلَا بَنُونَ * إِلَّا مَنْ أَتَى اللَّهَ بِقَلْبٍ سَلِيمٍ﴾
«Сол күні (Қиямет күні) Аллаға таза жүрекпен қайтқан жаннан басқаларға мал-мүлік те, балалар да ешқандай пайда бермейді» (Шұғара, 88, 89).
Алла Тағала пенделеріне жалған дүниенің ақыреттің бір күніне тең болмайтындығын қатаң ескертеді. Сондай-ақ бұл дүние тіршілігінің мерзімі қысқа, нығметі аз екендігін ескертіп, ондағы ойын-ермекке еріп, елітіп алданып қалудан сақтандырады. Ал ақыреттің нығметі мол, ондағы өмірдің мәңгі және ондағы тұрақтың тұрғылықты, баянды екендігін айтады:
﴿قُلْ مَتَاعُ الدَّنْيَا قَلِيلٌ﴾
«(Уа, Мұхаммед!) Бұл дүниенің игілігі – баянсыз де» (Ниса, 77);
﴿وَمَا هَذِهِ الْحَيَاةُ الدُّنْيَا إِلَّا لَهْوٌ وَلَعِبٌ وَإِنَّ الدَّارَ الْآخِرَةَ لَهِيَ الْحَيَوَانُ لَوْ كَانُوا يَعْلَمُونَ﴾
«Бұл дүние тіршілігі – тек ойын-ермек, өткінші нәрсе, нағыз өмір – ақыретте» (Анкабут, 64);
﴿بَلْ تُؤْثِرُونَ الْحَيَاةَ الدُّنْيَا * وَالْآخِرَةُ خَيْرٌ وَأَبْقَى﴾
«Бәлки, сендер дүние тіршілігін жоғары қоясыңдар, ал ақырет қайырлы һәм мәңгі» (Ағлә, 16, 17).
عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «اِسْتَحْيُوا مِنَ اللهِ حَقَّ الْحَيَاءِ، مَنِ اسْتَحْيَا مِنَ اللهِ حَقَّ الْحَيَاءِ فَلْيَحْفَظِ الرَّأْسَ وَمَا وَعَى وَلْيَحْفَظِ الْبَطْنَ وَمَا حَوَى وَلِيَذْكُرِ الْمَوْتَ وَالْبَلاَ، وَمَنْ أَرَادَ الآخِرَةَ تَرَكَ زِينَةَ الْحَيَاةَ الدُّنْيَا، فَمَنْ فَعَلَ ذَلِكَ فَقَدِ اسْتَحْيَا مِنَ اللهِ حَقَّ الْحَيَاءِ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ وَأَحْمَدُ وَالْحَاكِمُ.
Ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Алладан шынайы түрде ұялыңдар. Кімде-кім Алладан шынайы түрде ұялатын болса, алдымен басын, ондағы нәрсесін сақтасын және ішін, ондағы нәрсесін сақтасын, өлімді, жойылуды есіне алсын! Кімде-кім шынымен ақыретті қалайтын болса, дүниенің қызықтарынан тартынады. Кімде-кім солай етсе, Алладан шынайы ұялған болады». Термези, Ахмет, Хаким риуаят еткен.
Шымкент қаласы орталық мешіті