Періштелердің өздеріне таңылған есімдері бар. Бірақ, біз солардың бірқатарын ғана білеміз. Бұлар қасиетті Құранда айтылған.

Жәбірейіл және Микайыл періште

«Кiм Жебiрейiл (перiштеге) дұшпан болса, (Аллаға дұшпан болғаны)», – деп айт. Өйткенi ол Алланың ұйғарымымен алдыңғы түсiрiлген (Кiтаптарды) растаушы, имандылар үшiн тура жол және сүйiншi етiп (Құранды) жүрегiңе (бiртiндеп) сiңiрдi. Кiмде-кiм Аллаға, Оның перiштелерiне, елшiлерiне, (әсiресе) Жебiрейiл мен Микайыл (перiштелерге) дұшпан болса, мұндай кәпiрлердiң дұшпаны Алла (болады)».[1]

Жәбірейіл періштенің тағы бір есімі – «Сенімді Рух». Бұл туралы қасиетті аятта айтылады:

«Ескертушілердің бірі болуың үшін (Құранды) сенің жүрегіңе сенімді рух сіңірді».[2]

Оның тағы бір есімі – «Рух»:

«Бұл түні періштелер мен Рух Раббыларының рұхсатымен Оның әмірлерін орындау үшін түседі».[3]

 «Біз оған Рухымызды жібердік».[4]

Исрафил періште

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде Исрафил періштенің де аты аталады. Ол кісі (с.ғ.с.) түнгі намазына кірісерде мына дұғаны оқитын болған екен:

«Аллам! Жәбірейілдің, Микайылдың, Исрафилдің Раббысы! Көктер мен жерді жаратушы! Балық ғайып пен айқынды білуші! Пенделеріңнің таласқан нәрселеріне Сен ғана тура үкім бере аласың! Жұрттың таласқан нәрселерінен мені Өзің мейіріміңмен сақтап, тура жолға сала гөр! Шынында, Сен ғана қалаған пендеңді тура жолға саласың!».[5]

Бұл періштенің міндеті қиямет күні сұрды[6] үрлеу болып табылады.

Мәлик періште

Бұл періштенің міндеті тозақты күзету. Бұл туралы аятта айтылады:

 «Ей, Мәлик! Раббың бізді азаптауды тоқтатсын-шы!» – дейді тозақтағылар. «Сендер мұнда мәңгілік боласыңдар!» – дейді оларға Мәлик».[7]

 Ибн Касир тәпсірінде Ридуан атты періштенің есімі келтіріледі:

«Жәннатты Ридуан атты періште кұзетіп тұрады. Бұл туралы анық айтылған хадистер жетерлік».[8]

Мүңкәр және Нәкир періштелер

Бұл екі періште қабірдегілерден сұрақ-жауап алумен айналысады. Олардың амал-әрекеттері туралы көптеген сенімді хадистерде айтылған.

Һарут пен Марут періштелер

Бұл екі періште Алланың әмірімен адамдарға сынақ алып келген. Бұл туралы аяттар сыр шертеді:

«Сөйтіп, олар (Тәуратты қойып), Сүлеймен патшалығы (тұсында) шайтандар оқыған (сиқырға) ілесті. Сүлеймен кәпірлік қылған емес еді. Бірақ, шайтандар жұртқа сиқырды, Бабылда Һарут пен Марут (атты) екі періштеге түсірілгенді үйретті. Ал, екі періште болса (ілімдерін) басқаларға үйретерден алдын: «Біз сендер үшін сынақпыз! Ендеше, (сиқырды қолданып) кәпір болып жүрмеңдер!» – деп ескертетін».[9]

Міне, қасиетті аяттарда, асыл хадистерде аты аталған періштелер осылар. Періштелердің атын білгеніміздің – атына, білмегенімізге жалпылай иман келтіруіміз керек.  

Шымкент қаласы орталық мешіті

[1] «Бақара» сүресі, 97-98.

[2] «Шуғара» сүресі, 193-194.

[3] «Қадыр» сүресі, 4.

[4] «Мәриям» сүресі, 17.

[5] Хадисті Имам Мүслим риуаят еткен.

[6] Сұр дегеніміз мүйіз сияқты үрмелі зат. Оны қиямет күні болғанда Исрафил періште үрлейді. Сұр әуелі үрленгенде барша тірі нәрсе жан тапсырады, ал екінші рет үрленгенде ілгергі-кейінгі барша тірі нәрсе қайта тіріледі.

[7] «Зухруф» сүресі, 77.

[8] Ибн Касир, «Әл-Бидәя уән-Ниһәя», 1-т., 53-б.

[9] «Бақара» сүресі, 102.

Тәпсір кітаптарында бұл аятты былай түсіндіреді: «Сиқыр қатты дамып, сиқыршылардың беделі аспандаған кезеңде қауым да адаса бастайды. Көзбояшылар елді сиқырымен алдап, өзін пайғамбар, тіпті Құдай деп жариялай бастайды. Сонда Аллаһ Тағала елге сиқырдың жалған ілім, күнәлі іс екенін білдіру үшін Һарут пен Марут атты екі періштені жібереді. Ол екеуі жұртқа сиқырдың жасалу жолдарын, әсерін, одан сақтану тәсілдерін түсіндіреді, мұның өте ауыр күнә екенін ұғындырады. Бірақ, ол екеуі ешқашан сиқыр жасаған емес. Аятта айтылғандай, адамдарға сиқыр сыры етерден мәлім: «Мұның қолданып, кәпір болып жүрмеңдер!» деп ескертеді».

Ескертпе: бұл хабарлар ғұламалар тарапынан жасалған ізденістердің нәтижесі. Бәрі де тап осылай болғанын нықтайтын пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен сенімді хадистер жоқ. Толығырақ мәлімет үшін Ибн Касир, Құртуби, Шәукәни тәпсірлеріне жүгінуіңізге болады.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38