Жақыптың балаларынан Алла Жүсіпке пайғамбарлық берді.
«Бұрын сендерге Жүсіптің де айқын дәлелмен келгені даусыз еді. Ол әкелген дәлелдерден де үнемі шет қалдыңдар, тіпті ол өлгенде ешбір дәлелсіз-ақ бұдан кейін Алла ешқашан пайғамбар жібермейді дедіңдер. Шектен шыққандар, (дінде) шектелгендер осылай азғындық жолға түсіреді» (Ғафир сүресі, 34-аят).
Құранда Жүсіптің атымен аталған сүре бар. Ол сүреде Жүсіптің басынан өткен барлық оқиғалар баяндалған.
Жүсіптің түсі
Жақып Рахиладан туған екі баласы – Жүсіп пен Буняминді айырықша жақсы көретін еді. Жүсіп әкесіне ғажайып түс көргенін, он бір жұлдыз, күн және айдың оған бас иіп сәжде еткенін айтып берді. Жақып бұл түстен баласының дәрежесі адамдар алдында жоғары болатынын түсінді. Бірақ Жүсіпке бауырларының көре алмаушылығы тууынан қорқып, бұл түсін оларға айтпауды тапсырып, Алланың оны пайғамбарлыққа таңдайтынын, түс жору жолын үйрететінін айтты.
«Кезінде Жүсіп әкесіне «Ей, әке! Мен түсімде өзіме бас иіп, сәжде жасап тұрған он бір жұлдызды, айды және күнді көрдім», – деді» (Жүсіп сүресі, 4-аят).
«Ей, ұлым! – деді әкесі (Жақып). – Бұл түсіңді сен ағаларыңа айтпай – ақ қой. Саған олар қастандық жасап жүрмесін. Адамның шайтан деген қас дұшпаны бар ғой» (Жүсіп сүресі, 5-аят).
«Бұған (түсіңе) бақсақ, Тәңірің (пайғамбарлыққа) сені таңдайды, көрген түсіңнің тағылымына жетелейді екен. Алла өзінің мейірімін сенің бабаларың Ибраһим мен Ысқаққа қалай төксе, саған да, Жақыптың ұрпақтарына да өзінің ұлы мейірімін арнайды. Тәңірінің бірлігіне, кемеңгерлігіне ешбір дау жоқ» (Жүсіп сүресі, 6-аят).
«Сұраушыларға Жүсіптің де, оның туыстарының да көптеген ғибараттары бар»
(Жүсіп сүресі, 7-аят).
Жүсіпке қастандық
Балалары әкесі Жақыптың мейірім-махаббатының Жүсіп пен оның бір анадан туған інісі Буняминге түсіп жүргенін көріп ашу-ызаға берілді. Сөйтіп, олар Жүсіптен құтылу жолын ойластыра бастады. Оны өлтіруді немесе өлмей аман қалған жағдайда да жол тауып келе алмастай алыс бір жерге апарып тастауды жоспарлады. Сонда әкелері оны ұмытып, өзіміз де бақталастық, бәсекелестіктен құтылып, әкеміздің сүйіктілеріне айналамыз деп ойлады. Олардың бірі Жүсіпті өлтірмей, қашықтағы құдықтың түбіне лақтырып тастауды ұсынды. Өтіп жатқан керуендердің бірі оны құдықтан шығарып алар, сөйтіп адам өлтіру күнәсынан құтылармыз деген шешімге тоқтасты. Осылай келіскеннен кейін әкелерінен Жүсіпті өздерімен бірге көңіл көтеріп, ойын-сауық жасап қайтуға жіберуін сұрады. Әкелері ыңғай бермегеннен кейін олар өздерінің Жүсіпті жақсы көретіндіктерін, оны қорғап, қамқор болатындарын айтып: «Оны бірдеңеге ұшыратып алсақ, сіздің жек көрінішіңізге қалмаймыз ба, сондықтан оны аман алып келеміз, оған ештеңе де болмайды», – деп ант ішті.
«Жүсіпті де, оның інісін де атамыз бізден артық көреді, ал біз көпшілікпіз ғой. Шындығында, біздің әкеміз анық қателесті», – десті олар кезінде» (Жүсіп сүресі, 8-аят).
«Жүсіпті өлтіріңдер, әйтпесе, алыс бір жаққа апарып тастаңдар. Сонан соң аталарыңның ықыласы сендерге ауады. (Тәубе етсеңдер) одан кейін де жақсы қауым болып кетесіңдер», – десті» (Жүсіп сүресі, 9-аят).
«Жүсіпті өлтірмеңдер, – деді біреуі. – Оны құдыққа тастаңдар, жүргінші керуеннің бірі тауып алар» (Жүсіп сүресі, 10-аят).
«Ей, ата! Жүсіп турасында бізге сенбейтінің қалай осы? Шынында, біз оған жанашармыз ғой» (Жүсіп сүресі, 11-аят).
«Ертең оны бізге қосып жібер. Жеп – ішіп, ойнап – күліп қайтсын. Оны біз, сөз жоқ, бәрінен қорғаймыз», – деді олар» (Жүсіп сүресі, 12-аят).
«Оны ертіп кетсеңдер, мен шынында да, алаңдаймын. Сендер көз жазып қалсаңдар, оны қасқар жеп қоя ма деп қорқамын», – деді Жақып» (Жүсіп сүресі, 13-аят).
«Біз көпшілік бола тұра оны қасқыр жесе, бізді қара басқаны ғой», – десті» (Жүсіп сүресі, 14-аят).
Жүсіп құдықта
Жақып балаларына рұқсат бергеннен кейін Жүсіпті өздерімен бірге алып шығып, ойластырған жоспарлары бойынша оны құдыққа тастап жіберді. Ал, кешке үйлеріне дауыстап жылап, жоқтау айтып келді. «Ей, әкеміз! Біз жарысып жүгіріп жүріп Жүсіптен алыстап кетіппіз. Ал, ол заттарымыздың жанына қалған еді. Біз қайтып келгенше оны қасқар жеп кетіпті», – деп зар иледі. Сөйтіп, Жақыпқа Жүсіптің қанға боялған жейдесін көрсетті. Бірақ жейдедегі оның баласының қаны емес еді, әрі жейденің не жыртығы, не жыртқышқа таланған ізі жоқ болатын. Жақып мән-жайды түсініп, Жүсіпті бір Аллаға тапсырды, сабырлылық жасады, қайғырудың, күйзелудің еш пайда әкелмейтінін ұғып, Алладан ақиқаттың ашылуын сұрап, ақырын күтуге бел байлады.
«Жүсіпті өздерімен ертіп әкетті де, олар оны құдыққа тастауға бірауыздан келісті. «Келешекте бұл жайды туыстарыңа тұспалдап айтатын боласың», – деп аян бердік Жүсіпке» (Жүсіп сүресі, 15-аят).
«Кешке жақын олар әкесіне жылап – сықтап келді» (Жүсіп сүресі, 16-аят).
«Ей, ата! Жүсіпті киім – кешектеріміздің қасында қалдырып, өзіміз жарысып кетіп едік, біз келгенше оны қасқыр жеп қойыпты. Бірақ біз шын айтсақ та сен бұған сенбессің», – десті» (Жүсіп сүресі, 17-аят).
«Олар Жүсіптің көйлегін қанға бояп ала келген. «Е, бұл істі сендерге лайық көрсеткен нәпсілерің шығар, менің де сабыр еткеннен басқа (шарам) жоқ. Сендердің бұл «сұмдық» хабарларыңды көтеруіме Жаратқанның өзі жар болар», – деді Жақып» (Жүсіп сүресі, 18-аят).
Жүсіптің құтқарылуы және оның патшаның уәзіріне сатылуы
Алайда Алла Жүсіпті өлімнен құтқарып қалған еді. Мысырға бара жатқан бір керуен құдықтың жанынан өтіп бара жатып біреуін су әкелуге жіберді. Сол кезде шелекке асылып Жүсіп құдықтан шықты. Керуен иелері Мысырға келген соң Жүсіпті базарға апарып сатып жіберді. Оны патшаның уәзірі сатып алды. Уәзір әйелі Зылихаға оған жақсы қарауды тапсырды. Жүсіп уәзірдің үйінде өсіп, тәрбиеленіп, жігіттік шаққа жетті. Алла оған ақыл, ілім, даналық және түс жору қабілетін берді.
«Осы тұстан бір керуен өтіп бара жатты. Олар құдыққа сушы жіберді. Ол қауғасын құдыққа салды. «Сүйінші! – деді ол айқайлап. – Қауғаға ұл бала ілінді». Сонан соң олар бұл баланы сауда мүлкі сияқты құпия ұстады. (Олардың) не істейтіндерін Алла анық біліп тұрады» (Жүсіп сүресі, 19-аят).
«(Жүсіпті) болымсыз теңгеге сатты, өйткені оған қызығушылар болмады» (Жүсіп сүресі, 20-аят).
«Оны жақсы күт, – деді Жүсіпті сатып алған адам әйеліне. – Бір керегімізге жарар, әйтпесе, бала қылып алармыз». Сол сияқты (Жүсіпті құдықтан құтқарғанымыз сияқты) Біз оны жерге (Мысырға) орналастырдық. Оған түс жоруды үйреттік. Алла қалағанын жүзеге асыруға қабілетті. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді» (Жүсіп сүресі, 21-аят).
«(Жүсіп) кәмелетке толғанда Біз оған даналық және білім сыйладық. Ізгілік иелерін Біз, міне, осылай жарылқаймыз» (Жүсіп сүресі, 22-аят).
Уәзірдің әйелінің арамдығы
Алла тағаланың Жүсіпке берген көркем сұлулығы уәзірдің әйелінің көңілін аударып, оны ғашықтық дертіне ұшыратты. Сол сезімін ол ашық көрсете бастады. Бір күні ретін келтіріп оның көңілін өзіне бұруға әрекет жасады. Есіктерді жауып, алдап-арбауға көшті. Жүсіп Алладан күнәдан қорғауын сұрады. Өзіне жақсылық істеген адамға сатқындық жасамайтынын айтып, әйелдің талабынан бас тартты. Жүсіп ойының да, бойының да күнә істен таза болуын қалады. Осы бәледен құтқаруын сұрап Аллаға жалынып-жалбарынумен болды. Сондықтан Алла оны бұл жамандықтан сақтады. Жүсіп шығып кетпек болып есікке қарай беттегенде оны ұстап қалмақ болған әйел көйлегінің арт жағынан тартып қалып, көйлек жыртылып кетті. Дәл сол кезде уәзір де кіріп келе жатыр еді. Әйел Жүсіпті қылмыскер етіп көрсетуге тырысты. Бірақ Жүсіп ақиқатын айтты. Уәзір әйеліне қарап: «Егер оның көйлегі алдынан жыртылса сенікі, ал олай болмай, керісінше, көйлек артынан жыртылған болса, онда Жүсіптің айтқаны дұрыс болғаны», – деді. Сөйтіп, әйелдің өтірігі шықты. Өйткені Жүсіптің көйлегі, шынында да, артынан жыртылған еді. Уәзір Жүсіпке істі жасыруды, ал әйеліне күнә ісі үшін Аллаға тәубе етуді ұсынды.
«Жүсіп тұрған үйдегі әйел (Зылиқа) онымен көңіл қосуды ойлап, есікті тас жауып алды да: «Қане, келе қойшы!» – деді. «Құдай сақтасын! – деді (Жүсіп). Ол – маған жақсы тәрбие берген қадірлі қожайыным. (Мен тәрбиешіме қиянат жасамаймын). Азғындар ешқашан да бақытты болмайды» (Жүсіп сүресі, 23-аят).
«Әйелдің онда ойы болды. Егер Алладан аян келмесе Жүсіп те кет әрі болмас еді. Жүсіпті біз күнәдан, ұят істен осылайша сақтап қалдық. Өйткені ол Біздің адал пендеміз еді» (Жүсіп сүресі, 24-аят).
«Екеуі де есікке қарай жүгірісті (бірі қашып, бірі қуып). Әйел (Жүсіптің) көйлегінен тартып, арқасын жыртып жіберді. Есік алдында оның күйеуі қарама – қарсы келіп қалды. «Сенің зайыбыңның арын төкпекші болған адам зынданға тасталуы, әйтпесе қатты күйзеліс жазасын тартуы керек», – деді әйел» (Жүсіп сүресі, 25-аят).
«Ол мені өзіне тартпаққа тырысты», – деді (Жүсіп). Оның үй-ішінен бір адам куәлікке жүрді. «Егер көйлек алдынан жыртылса, онда әйелдің сөзі шын да, Жүсіптің сөзі жалған» (Жүсіп сүресі, 26-аят).
«(Жүсіптің) көйлегі артынан жыртылса, оның сөзі рас та, әйелдің сөзі жалған», -деді» (Жүсіп сүресі, 27-аят).
« Қожасы (Жүсіп) көйлегінің артынан жыртылғанын көрді. «Әй, әйел заты! Бұл, сөз жоқ, сендердің сайқалдықтарың ғой. Сендердің қулықтарыңда шек жоқ- ау», – деді» (Жүсіп сүресі, 28-аят).
«Жүсіп, – деді сонсоң, – мұны сен енді ұмыт. Ал, сен (әйеліне) өз айыбыңа кешірім сұра. Сен шындап қателестің» (Жүсіп сүресі, 29-аят).
Жүсіп және әйелдер
Қаладағы әйелдер арасында уәзірдің әйелінің қызметшісіне жабысқаны туралы өсек сөздер қаулай бастады. Бұл уәзірдің әйелінің құлағына да жетті. Ол өсектен құтылу жоспарын ойластырды. Сөйтіп, Жүсіпті әйелдерге көрсетпек болды. Мақсаты нәпсіге неге ергенін дәлелдеу еді. Оларды қонаққа шақырып, алдарына ас әкелдірді. Жемістерді аршып жеп отыру үшін әрбірінің алдына пышақ қойылды. Осы кезде Жүсіпті шақыртты. Жүсіп кіріп келгенде оның жарқыраған жүзін көрген әйелдер адам баласындағы теңдесі жоқ бұл сұлулықтан естері кетіп, қолдарын кесіп жарадар еткендерін сезбеді де. Уәзірдің әйелі оларға өзін мәжнүн қылып адастырған Жүсіптің осы көркі екенін айтты. Жүсіп олардың жамандығынан құтқаруды сұрап Тәңіріне дұға жасады. Шынында, ол күнә жасаудан да абақтыда отырғанды артық көрді. Алла оның тілегін қабыл етті. Одан күнәні аулақтатты. Ақиқатында, Алла жалынып-жалбарынушылардың дұғасын естуші.
«Қаладағы қатындар: «Әмірдің әйелі (құлына) жас жігітке ғашық болып, көңілдес болуға зорлапты, ғашықтық отына күйіпті. Біз оны ашықтан-ашық азғындық деп қараймыз», – деген сөз таратты» (Жүсіп сүресі, 30-аят).
«Бұл сөзді естіген соң (Зылиқа) әйелдерге адам жіберді (қонаққа щақырды). Көрпе – жастықтар дайындады, сонан соң қолдарына бір – бір пышақ берді де, (Жүсіпке) «Сен барып көрін», – деді. Жүсіпті көргенде естері кеткені сонша, олар жемісті емес, өздерінің қолдарын турап отырғандарын аңдамай қалды. «О, тәубе! Бұл – адам баласы емес, керемет бір періште ғой», – десті олар» (Жүсіп сүресі, 31-аят).
«Ол (Зылиқа) былай деді: «Міне, сендердің мені кінәлаған адамдарың осы. Менің оны өзіме тартқаным рас, бірақ ол өзін бекем ұстады. Егер ол менің талабымды орындамаса, әлі де зынданға тасталатыны даусыз. Ол сонда қор болып өледі» (Жүсіп сүресі, 32-аят).
«Ей, Тәңірім! – деді (Жүсіп). – Олар талап еткен нәрседен гөрі менің зынданда жатқаным жақсы. Егер олардың бәлесін менің басымнан алып кетпесең, менің (пенделік жасап) көніп қалуым ғажап емес. Онда менің надан болғаным» (Жүсіп сүресі, 33-аят).
«Тәңірі оның тілегін қабыл көріп, әйелдердің үкімін жоққа шығарды. Алла, шынында да, бәрін естіп, бәрін біліп тұрады» (Жүсіп сүресі, 34-аят).
Жүсіптің зынданға тасталуы
Уәзірдің әйелі Жүсіпке жала жауып, оны ақыры зынданға тастатқызды. Өйткені Жүсіп пен уәзірдің әйелінің арасында болған оқиға қала халқының бәріне тарап кеткен еді. Бұл уәзір мен оның туыстарының беттеріне шіркеу болды. Сондықтан уәзір оны зынданға салуға мәжбүр болды. Жүсіп жасықсыз жала жабылғанына, халықтың ақиқатты біле алмағанына қапаланғанымен, уәзірдің үйінен кетіп, айла-қулықтан құтылғанына қуанды. Бұл Жүсіп үшін жақсылықтың ашылуы алдындағы сынақ еді. Мұнда Алла оны қоғап, сақтады. Зынданда ол патшаның екі қызметшісімен танысты. Оның бірі патша сарайында сусын беретіндердің бастығы Нәбу деген, ал екіншісі патша сарайында нан жабатындардың бастығы Малхаб деген адам екен. Мұнда олар патшаға қастандық жасамақ болды деген жаламен түскен болып шықты. Олар бір-біріне болған жағдайды айтып, сырлас, мұңдас болып кетті.
Бір жолы сол екі жігіт түс көрді. Біріншісі түсінде арақ, ішімдік жасайын деп жүзімді сығып жатқанын, ал екіншісі түсіне нанды төбесіне қойып көтеріп бара жатқанын, ол наннан құс келіп шоқығанын айтты. Олар Жүсіптен осы түстерінің шешуін сұрады. Өзіне Алланың берген түс жору ілімі арқылы Жүсіп кімнің неге ұшырайтынын жақсылап айтып берді. Бұл Жүсіпке Алланың арнайы берген нығметі еді. Өйткені ол Аллаға, ахирет күніне иман келтірмей күпірлік жасайтындардан, ширк келтіретіндерден бойын аулақ ұстайтын, тек жалғыз Аллаға ғана ғибадат ететін жан болатын.
«Алланың айқын дәлелін көргеннен кейін де олар оны біраз мерзімге дейін зынданда ұстады» (Жүсіп сүресі, 35-аят).
«Зынданға Жүсіппен бірге екі жігіт кірген еді. Соның біреуі: «Мен түсімде арақ жасап (сығып) жатыр екем деймін», – деді. Екіншісі: «Түсімде мен кәдімгідей, нанды төбеме көтеріп тұр екенмін деймін, ол нанды құстар жеп жатқан тәрізді. Соны дәл жорып берсең, біз сені шынында да жақсылық жасаушы деп білеміз», -деді» (Жүсіп сүресі, 36- аят).
«Мен екеуіңе де сырттан әкелінетін тамақтарыңды (қандай екенін) алдын ала айтып бере аламын. Мұны Тәңірім маған білдіреді. Мен Тәңірге сенбейтін, қиямет күнін мойындамайтын қауымның дінін тәрк еткем» (Жүсіп сүресі, 37-аят).
Жүсіптің бір Аллаға ғибадат жасауға шақыруы
Жүсіп зындандағы уақытты пайдаланып қасындағыларды бір Алланың дініне шақыра бастады. Түс жорудың кейбір ғайыптарын үйретіп, олардың қызығушылықтарын тудырды. Олар да оны түсті жақсы жори алатындығы үшін құрметтейтін болды. Сондай-ақ, өзінің бабалары мен аталары Ибраһим, Ысқақ, Жақыптардың ізбасары екенін де айтты. Олардың адамдарды тек бір Аллаға ғана ғибадат қылуға бастағанын, бірақ адамдардың көбі оны қабыл алмайтынын, күпірлік жасайтынын түсіндірді. Жүсіп абақтылас екі жолдасына олардың ата-бабаларының сыйынып жүргендерінің дәлелі жоқ қолдан жасалған нәрселер екенін айтып, оларды тек жалғыз Жаратушы Аллаға ғана бой ұсынуға шақырды.
«Мен өз бабаларым – Ибраһимнің, Ысқақтың, Жақыптың дінін тұтынғам. Аллаға әлдебіреулерді теңестіру бізге лайық емес. Оның өзі Алланың бізге және адам балаларына жасаған рахымы. Бірақ көп адам соған шүкіршілік етпейді» (Жүсіп сүресі, 38-аят).
«О, түрмелес туыстар! Түрлі-түрлі тәңір жақсы ма, әлде құдыреті күшті жалғыз Алла жақсы ма?» (Жүсіп сүресі, 39-аят).
«Жаратқанды жайына қалдырып, сендердің тәңір деп табынып жүргендерің ата-бабаларыңның және өздеріңнің қолдан жасағандарың. Олар туралы Хақтан ешқандай хабар келген жоқ. Ғибадат, дін жөніндегі үкімнің бәрі Алладан келмек. Ол сендерді тек өзіне ғана сыйынуға бұйырған. Бұл – ең дұрыс дін. Бірақ көп адам мұны біле бермейді» (Жүсіп сүресі, 40-аят).
Жүсіптің екі жолдасының түсін жоруы
Жүсіп патша сарайында шарап құюшыны патшаның өлтірмейтінін, қастандық жасаудан таза, қылмыскер еместігі анықталып, босатылатынын, бұрынғы жұмысына қайта баратынын айтып қуантты. Ал, патша сарайында нан жасаушылардың басшысы болғанға оның патша өміріне қастандық жасауға қатысқаны анықталып, оны асып қоюға үкім етілетінін, басынан құс келіп шоқитынын айтты. Және өзіне түс жору қасиетінің Алладан берілгенін мәлім етті. Жүсіптің жорыған түсі дәлме-дәл келді. Шарап құюшы зынданнан шығарда Жүсіп оған патшаның алдына барған соң осы түс оқиғасын патшаның есіне салуын тапсырып, өзіне жасалған әділетсіздік, жапсырылған жала қайта тексеріліп, ақтығы анықталудан үміт етті. Алайда Жүсіп айтқан аманат шарап құюшының есінен шығып кетті. Сөйтіп, Жүсіп зынданда ұзақ жыл жатып қалды.
«Тұтқын туыстар! Сендердің біреуің қожаларыңа шарап құйып береді екенсің де, біреуің дарға асылады екенсің, оның басын құс мүжиді екен. Сендерге бұйырылған үкім осылай екен» (Жүсіп сүресі, 41-аят).
«Әлгі екеуінің құтылады дегеніне «Қожаңның қасында болғанда мені еске аларсың», – деген болатын. Қожасының қасында жүргенде Жүсіп туралы айтуды шайтан оған ұмыттырып жіберді. Жүсіп зынданда көп жыл жатып қалды» (Жүсіп сүресі, 42-аят).
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті