Ер мен әйелді бір тамшы судан жаратып, оларды жұп еткен Алла Тағалаға мадақ!
Құран Кәрімде: “Адамзат неден жаратылғанына қарасын,” – делінген (Тариқ сүресі, 5-аят). Раббымыз әйел мен еркекті жаратып, олардың жұптасып, көбейіп өсіп-өркендеулерін, өзіне құлшылық етулерін қалады. Ол жайында Жаратушымыз: “Ей, адам баласы, сендерді бір кісіден (Адам атадан) таратып, одан оның жұбайын жаратқан, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдерді жаратқан Раббыларыңнан қорқындар,” – дейді ( Ниса сүресі, 1-аят).
Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде ерлерге өз әйелдерімен жақсы қарым-қатынас жасап, оларға жұмсақ сөйлеуі, кешірімшіл болуды бұйырып: “Сондай-ақ, олармен жақсы жолдас болыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің ұнатпаған нәрселеріңде Алла көптеген қайырлы істер жасап қойған болуы мүмкін,” – деген ( Ниса сүресі, 19-аят).
Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: “Мүмин ер адам мүмин әйелді жек көрмесін. Егер оның бір нәрсесін ұнатпаса да, басқа нәрсесінен разы болар,” – дейді.
Ислам діні жанұяның тірегі, отағасысы болып табылатын ерлерге жұбайларына жұмсақ қарауды әмір етіп, олардың үлкенді-кішілі кемшіліктерін бетіне басып, айып таға беруге тыйым салды, оларына байқамағандық танытуға шақырды. Өйткені олар жаратылысынан әлсіз, нәзік жандар болып табылады. Алланың елшісі (с.а.с.): “Мүминдердің ең имандысы – мінез-құлқы көркем болғандары. Сіздердің жақсыларыңыз әйелдеріне жақсы болғандарыңыз,” – дейді ( Тирмизи риуаят еткен).
Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз әйелдерімен әрдайым жақсы мәміледе болып, оларға жылы қараған. Әр күні кешке қай үйде түнемек болса, сол үйге бәрі жиналып, кейде бірге отырып ас ішкен. Олардың әрқайсысының хал-жағдайын сұрап, жылы сұхбат құрған. Алла Тағала өз елшісінің осындай істерінен және басқа да күнделікті өмірінен мұсылмандардың үлгі-өнеге алып, одан үйренулері керек екендігін баяндап: “Расында, сендер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар,” – дейді ( Әхзаб сүресі, 21- аят).
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмірінің соңғы сәттерінде айтқан ақтық өсиетінде: “Намазды орындаңдар, өз иеліктеріңдегі құл-күңдерді күші жетпейтін іске жұмсамаңдар. Әйелдердің хақын бұзудан қорқыңдар. Расында, олар сендердің иеліктеріңде және оларды Алланың аманатымен алдыңдар,” – деген ( Тирмизи риуаят еткен).
Тағы да бір хадисте: “Әйелдермен жақсы мәміледе болыңдар. Расында, әйел қабырғадан және оның ең қисық тұсынан жаратылған. Егер түземек болсаң, сындырасың, әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар,” – делінген. Мұндағы “қабырғадан” деген сөз – ауыспалы мағынада айтылған сөз. Оның мәні әйел жаратылысының ерлерден бөлек екендігінде, сондықтан оны өзгертуге тырыспай, кей кемшіліктеріне кешіріммен қараған жөн дегенді білдіреді.
Жанұядағы әйелдің өз еріндегі хақысы нәфақасы, ішім-жемі, киімі және тұратын үй-жайымен қамтамасыз етілуі болып табылады. Дінімізде рұқсат етілген бірнеше әйел алу мәселесінде осы жай қатты ескерілуі тиіс. Екі-үш әйелмен некелік тұрмыс кешетін мұсылман ерге оларды алаламай тең ұстау, әділдікпен қарау бұйырылады. Ол жөнінде Алланың елшісі (с.а.с.): “Кімде-кімнің екі әйелі болып, ол екеуінің арасында әділдік етпесе, қиямет күні жарты денесімен келеді,” – дейді (Тирмизи риуаят еткен).
Екі-үш әйел алған ер кісілерге олардың кескін-келбетіне қарап, бірін екіншісінен жоғары қою, тек соны ғана жақсы көріп барлық жағдайды тек сол әйеліне ғана жасау, сөйтіп өзге әйелдерінің хақысына зұлымдық етуден сақтандыра келіп, Жаратушы Хақ Тағала Құранда былай дейді: “Қанша тырыссаңдар да әйелдер арасында әділдік ете алмайсыңдар. Ендеше (біреуіне) мүлдем ауып кетіп, өзгесін жіпсіз байлағандай етіп қоймаңдар (яғни, өзгелерін не ер жоқ әйел, не ері бар әйел секілді емес күйге түсірмеңдер). Ал, егер түзеліп, (Алладан) қорықсаңдар, расында Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді.” (Ниса сүресі, 129-аят).
Бұл аяттағы “Қанша тырыссаңдар да әйелдер арасында әділдік ете алмайсыңдар” – делінген раббымыздың сөзі әйелдерді барлық жағдайда бірдей тең ұстай алмайтындығымызды білдіреді. Өйткені адам барлық әйелдеріне бірдей қарап, біріне сатып алған затты басқаларына да алып беріп, әр әйелінің үйіне кезек қонғанымен де, жақсы көру сезімі жөнінен бәрібір тең қарай алмайды.
Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша бұл аят Айша (р.а.) анамызға байланысты түскен делінеді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өз әйелдерінің ішінде ең жақсы көрген әйелі осы кісі боған. Соған қарамастан олардың арасында әділдік еткен. Айша анамыздың (р.а.) пайғамбарымыз (с.а.с.) жайында: “Алланың елшісі әйелдерінің арасына әрбір нәрсені тура бөліп, әділдік сақтайтын,” – дейді.
Кісінің өз әйелдерінің киім-кешек, азық және басқа да қажеттіліктеріндегі үлестерін тура бөлетіні секілді өзара жұбайылық қарым-қатынас пен түсіністікте де бірдей қарауы дініміздің талабы.
Құран Кәрімде: “Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты әйелдердің де ерлерде хақтары бар,” – делінuty (Бақара сүресі, 228-аят). Ердің әйелдері арасында әділдік сақтап, оларға тең қарауы, алаламауы – өмірдегі бақыт шырағы. Сүйіспеншілік, сыйластық түсіністік ұстамдылық, кешірімділік – жанұяны, жанұялық өмірді жарқын ететін нұр. Ал, отбасында мұндай ахуал орнамаған жағдайда әйелдер арасында қызғаныш, алауыздық туып, уақыт өте келе ол араздыққа, бір-біріне жақсылық тілемеу мен қастандыққа, бір-бірінің қайғысына қуанатын жағдайға апарып соқпақ. Бұл – жанұя үшін зор бақытсыздық. Жақын адамдардың өзарасындағы байланысты үзіп, сенімділікті, аманатты жоғалтатын жайт. Сондықтан біздің ниетіміз бен ішкі сырларымызға дейін білетін, әр ісімізді қадағалап алдағы өмірімізде не болып, не қоятыны Өзіне толық аян Жаратушымыз Қасиетті Құран Кәрімде: “Өздеріңе жаққан әйелдерден екі, үш және төртке дейін үйленіңдер. Егер әділетсіздік істеуден қорықсаңдар, онда біреуімен қанағаттаныңдар,” – дейді (Ниса сүресі, 3-аят).
Пайғамбарымыз (с.а.с.) әйелдері арасында әр нәрсені теңдей бөліп, одан соң: “Ия, Алла, бұл менің иелігімдегі бөлісім, Өзіңнің иелігіңде болып, менің еркім жетпейтін нәрседе мені сөкпе!” – дейтін (Ибн Мәжә риуаят еткен). Алланың елшісінің (с.а.с.) “менің иелігімде” дегені азық пен киім-кешек және басқа да қажеттіліктер де, Жаратушының қолындағы дегені – жүрек қалауы.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) өмірінің соңғы күндеріндегі сырқат кезінің өзінде әйелдерінің арасындағы әділдік пен теңдікті қадағалаудан таймай: “Мен бүгін қайда жатырмын? Ертең қайда боламын?” –деп сұрап, әр әйелінің үйінде кезек болуға тырысқан (Әл-Бұхари риуаят еткен).
Бұрынғылардың: “Әділетсіздік орнаған үй – кішігірім қапас,” – деген.
Әңгімеміздің басында әйелдің ерінің мойнындағы хақы – ол үшін мал жұмсау, қажеттілік шығындарын өтеу екенін айттық. Алланың елшісі (с.а.с.) өз үмметіне осы нәрсені насихат етіп: “Кісінің ең абзал түрде жұмсаған динары – өз жанұясының қажетіне жұмсаған динары . . .” – деген (Мүслім риуаят еткен). Бұл хадис мұсылман үмметінің ер кісілеріне арналған насихат болып табылады. Бұл жайлы Құран Кәрімде де: “Аналардың қорегі мен киімі баланың әкесіне жүктеледі (шектен шықпаған белгілі мөлшерде)” – делінген (Бақара сүресі, 233-аят). Яғни, баланың әкесіне аналардың күнделікті қажеттіліктерін тым ысырап та, таршылық та жасамай, сол өмір сүріп жатқан елдің және өзінің жағдайына қарай өтеуі жүктеледі. Тіпті кісі әйелін талақ етіп, ажырасқан жағдайда да жас нәрестенің анасына белгілі уақытқа дейін көмек көрсетіп, жағдайын жасауы тиіс. Оның тамақ, киім және тағы басқа қажеттіліктерден таршылық Тартпауы қажет. Олай болмаған жағдайда қиналған әйел баланың әкесіне өштесіп, оған зарар тартқызуы үшін нәрестені емшектен айыруы, басқа да теріс әрекеттер жасауы мүмкін. Сол себепті Алла Тағала ер кісіге ажырасқаннан кейін де сәби мен оның анасының қажеттіліктерін шамасы келгенінше қамтамасыз етуді міндеттеді. Оған дәлел: “Әркімге шамасы келетіні ғана жүктеледі,” – деген аят (Бақара сүресі, 233-аят). Және бір аятта: “Кеңшілік иесі (малды кісі) және рызығы тарылған(кедей кісі) кісі өзіне Алланың бергенінен нафақа берсін, Алла біреуге оған бергенінен артықты жүктемейді,” – делінген (Талақ сүресі, 8-аят). Өйткені Алла Тағала ешкімнің мойнына шамасынан тыс нәрсені жүктеп, міндет артпайды. Кедей кісіден малды кісіден талап еткенді талап етпейді. Ал, бір жанұяда баланы бірге өсіріп, бірге тәрбиелеп жатқан ерлі-зайыптылар үшін бұл әрине, талап. Бір хадисте:
Алланың елшісі (с.а.с.) мен сахабалардың (р.а.) жанынан бір кісінің бұларды байқамастан асығыс өте шыққаны айтылады. Оның жан-жағын аңдауға да мұршасы келмей сонша асыққанына таңырқаған сахабалар. “Бұл кісінің ісі Алла жолындағы іс болса жақсы ғой, ” – деп, Алланың елшісіне (с.а.с.) қарайды. Сонда ол: “Егер жас балалары үшін еңбек етуге шықса, ол Алла жолында, қартайған әке-шешесі үшін жұмыс істеп жүрсе де Алла жолында. Егер қол жайып адамнан сұрамай, өзі үшін еңбек етіп жүрсе, онда да Алла жолында,” – дейді.
Ер кісілерге өз әйелдерімен жақсы қатынаста болу бұйырылған. Әйел адамның жаратылысына зер салған кісі оның Жаратушы Хақ Тағаланың ерлерге берген ерекшк сыйы екендігіне көз жеткізе алады. Алла Тағала ол екеуін бір-бірі үшін жаратып, араларына сүйіспеншілік пен мейірімділікті орнатты. Қасиетті Құранда:“Оған (жерге) тұрақтауларың үшін сендерге өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда еткендігі де Оның (Алланың) белгілерінен,” – делінген. Және бір аятта мүмин ерлерге өз әйелдеріне берген малға (мәһрға) қол сұғуға тыйым салған соң олармен жақсы мәміледе болуды әмір еткен: “Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің ұнатпаған нәрселеріңде Алланың көптеген қайыр жасап қойған болуы мүмкін,” – деді (Ниса сүресі, 19-аят). Бұл аят туралы тәфсирші ғалымдар: “Егер олармен бір отбасында болуды ұнатпасаңдар да сабыр етіңдер. Оларға жақсылық етуді және жылы қарым-қатынас жасауды үзбеңдер. Мүмкін Алла Тағала сендерге ол әйелдерден ізгі, түзу перзент беріп, солар арқылы сендерге қуаныш әкелер, зор ризықпен кенелтер. Жек көрінішті көрінген нәрсенің өзінде көп жақсылықтар болуы мүмкін. Сахих хадисте: “Мұсылман кісі мұсылман әйелді жек көрмесін, егер ол әйелдің бойынан бір нәрсені ұнатпаса, басқа тұстарынан разылық табар,” – делінген (Мүслім риуаят еткен)” – дегенді айтады. Осы аятта Хақ Тағала әйелдермен көркем түрде мәміле жасап, қайырымды болуды кісінің өз ата-анасына қамқорлық жасауымен ұқсастырды. Адам баласына өсиет етіп, ата-ананың құқықтары жайында: “Ол екеуімен дүниеде дұрыс жолда жолдас бол,” – десе (Лұқман сүресі, 15-аят), әйелдің хақтары жөнінде: “Олармен жақсы қарым-қатынас жасаңдар,” – дейді (Ниса сүресі, 19-аят).
Әйелдер құқығы айтылған осы аяттағы “жақсы қарым-қатынас” дегеннің мағынасы бір кісінің өз әйелдерінің арасында нәфақа (азық пен киім-кешекке шығатын шығын) мен басқа да заттарды әділдікпен тең бөлуі, іс пен сөзде оларға жақсылық танытуы.
Тәфсирші ғалым Ибн Касир “жақсы қарым-қатынас” деген сендер олар ұнататындай етіп түзеңдер, көруді қаласаңдар, өздерің де оларға сондай түрде көрінуге тырысыңдар деген мағынаны беретіндігін, мұның Құрандаағы: “Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар” (Бақара, 228) делінген аятпен мағыналас екенін айтады.
Құран Кәрім аяттарының мағынасын түсіндіруші ғалым Әл- Қуртуби жоғарыдағы аяттың (Ниса сүресі, 19-аят) мәнін сыртқы бейнесі мен болмысының болмашы бір ұнамсыздығына бола оны бүтіндей жек көру және сол үшін ажырасу қате, қайта жақсы тұстары үшін кей ұнамсыз істерін кешіру, жақсысын асырып, жаманын жасыра білу жөн деп түсіндіреді.
Адам баласы сабырсыз, әлсіз. Сол сабырсыздығының салдарынан кейде Жаратушысынан келетін жақсылықтардан қағылады. Ал, егер сабыр сақтап, Алладан жәрдем тілесе, сол үшін дүниеде жетістіктерге жетіп, ақыретте үлкен сауапқа ие болатындығы туралы Раббымыз Қасиетті Құранда: “Шын мәнінде сабыр етушілер есепсіз(өте көп) сыйлықтарға ие болады,” – дейді (Зумәр, 10).
Пайғамбарымыз (с.а.с.): “Алла Тағала: “Егер құлымды екі қымбат нәрсесі(екі көзі) арқылы сынап, бәле жіберген сәтте сабыр етсе, ол екеуінің орнын жәннатпен айырбастаймын,” – дейді,” – деген. (Бұхари риуаят еткен).
Адам баласының басына түскен қандай да бақытсыздық немесе қасырет секілді жағдай шын мәнінде жақсылық үлкен хайыр нығмет ала келуі, сол жағдайды басынан өткізу арқылы адам хайырлы нәтижелерге жетуі мүмкін. Алайда адам басына түскен сынақтың соңында жақсылық барын біле алмағандықтан сабыр қыла алмайды, күйініп-күйзеліске түседі. Мысалы, нөсерлеген жауынға қарап тұрып: “ Мына жаңбыр жерді әбден езіп, адам жүре алмайтын батпаққа айналдыратын болды-ау! – деп, наразылық білдіріп жатамыз. Бірақ, сол жауын арқылы жер бетіндегі өсімдік атаулы нәр алып, көктеп көгеретінін, еккен егініміздің еселеп өнім беретінін, сол сәтте ойымызға алмаймыз. Ал, сабыр қайырлы екенін түсініп, Алладан береке тілеп, шүкірлік етеді.
Жаратушымыз өз құлдарын сабырлылыққа шақырып, хазіреті Лұқман данышпанның өз ұлына айтқан өсиеті арқылы өзінің құлдарына: “Басыңа түскен ауыртпалыққа сабыр ет. Расында, бұл батыл шешімді істерден,” – деді (Лұқман сүресі, 17-аят).
Ибн Әл-Арабидің бір әңгімелеуі бойынша шейх Әбу Мухаммад Ибн Әбу Зәйд дінде үлкен орны бар, ілімді жоғары кісі болған. Алайда оның жұбайы шайпау мінезді, тілі анда әйел болыпты да, оған көп жәбір беріпті. Соны білетін жұрт ғалымның ол әйелдің мұндай мінезіне қалай сабыр ететіндігіне таң қалып, оған неліктен талақ бермейтіндігін сұрайды. Сонда діндар ғалым: “Алла Тағала саулық, иелігіме мал берді, ғылыммен жетілдіріп, нығметтерімен толықтырды. Мүмкін бұл әйел маған менің күнәларымның жазасы ретінде берілген шығар. Егер оны талақ етіп, ажырасар болсам, онда оның орнына бұдан да қиын жаза түсе ме деп қорқамын,” – дегенді айтады. Раббымыз да кейбір ұнамсыз істері әйелін талақ етіп, отбасының ұйытқысын бұзатын асығыстықтан сақтандырып: “Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің ұнатпаған нәрселеріңде Алланың көптеген хайыр жасап қойған болуы мүмкін,” – деп, сабырлыққа үндейді, ажырасыңдар демейді. Керісінше, жұбайларын құрметтеуге, төзімді болуға, олардың жақсы жақтарын көре білуге шақырды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) да өз үмметіне олардың ішіндегі хайырлы адамдардың кімдер екенінен айтып:”Сіздердің жақсыларыңыз өз отбасына (қарым-қатынаста) жақсы болғандарыңыз. Мен өз үй-ішіне ең хайырлы болғандарыңызданмын,”– деген (Ибн Мәжә және Ибн Хиббан риуаят еткен).
Әйелдердің өз еріндегі құқықтарының бірі – ерлерінің оларға жұмсақ болуы. Жұмсақтық мінез көркемдігімен ғана болатыныны мәлім. Бұл тұрғыда Алланың елшісі (с.а.с.): “Мүминдердің ең толық имандысы ең көркем мінезділері мен өз отбасына өте жұмсақ болғандары,” – дейді (Әт-Тирмизи риуаят еткен).
Және бір хадисте адам мінезінің жұмсақтығы туралы: “Жұмсақтық не нәрседе табылса, сол нәрсені әдемілейді. Қандай нәрседен жоғалса, сол нәрсен абыройсыз етеді,” – делінген.
Ердің өз әйелінің мінезін, туа бітті қалыптасқан табиғатын күшпен өзгертуге тырысудан сақтануы керек. Өйткені зорлықпен өзгертемін деу жағдайда одан әрман шиеленістіруі мүмкін әрі болған өзгеріс көпке созылмақ емес. Ешкім ешқашан күш қолдану арқылы өзгенің жүрегін өзіне бұра алмайды. Керісінше, олардың жек көрініштерін туғызады. Алла Тағала Қасиетті кітабында: “Оларға Алланың өзіңе берілген мейірімі арқылы жұмсақтық еттің. Егер дөрекі, қатал жүректі болсаң, әлбетте, олар маңайыңнан тарқап кетер еді,” – деп (Имран сүресі, 159- аят) өз елшісі Мұхаммадтің (с.а.с.) айналасындағы халықпен олардың қарсылығы бойсұнбаушылығына қарсы жұмсақ түрде мәміле жасағандығын айтады. Және бір аятта: “Біз сені бүкіл әлемге мейірім етіп қана жібердік,” – дейді (Әнбия, 109).
Бұрынғылар да: “Жұбайымен қаталдықта болу сүйіспеншілік емес, керісінше, жеккөрініш пен қарсылық тудырады,” – деген.
Бір кісі бір данадан әйелін күшпен бойсұндыруға қалай қарайтынын сұрап, кеңес беруін өтінеді. Сонда дана: “Үйіңнің іргетасын жеккөрініш пен қауіптен қалаушы болма, олай етер болсаң, ол жел соққан алғашқы сәтте-ақ қирайды,” – дейді.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз жұбайларына өте жұмсақ қараған, әрқайсысымен олардың ақыл-парасат, ой-өріс деңгейлеріне қарай сұхбат құрған. Олармен кейде жаяу жүгіріп жарысатын да болған. Сахабаларын да жақсы қарым-қатынасқа үйретіп, көп істерде өзінен үлгі алуға шақырған. Пайғамбарымыздан (с.а.с.) сондай өнеге алған хазіреті Омар (р.а.) мінезі тік, айбатты, бетіне кісі тура келе алмайтын айбарлы бола тұра: “Кісі өз үй-ішінде сәби секілді болуы керек,” – дейді. Яғни, әркім отбасы мен сәби секілді кіршіксіз, шынайы, таза пейілмен қарым-қатынас жасауы тиіс.
Хазіреті Омар Ибн Әл Хаттаб (р.а.) жайында айтылған бір әңгімеде бір бәдәуи араб оған өз әйелінің шайпау мінезін айтып, шағымдануға келе жатады. Ол хазіреті Омардың (р.а.) есігінің алдына жеткен уақытта үй ішінен әйелінің оған дауыс көтере сөйлеп жатқанын естиді де, кейін бұрылып, келген ізімен қайтуға беттейді. Оған: “Менің мұным оғаш екен. Егер мендегі секілді хал мүминдер әміршісі хазіреті Омардың басында да болса, менің бұл келуімнің не мәні бар?!” – деген ой келеді. Бірақ үйден шыққан хазіреті Омар (р.а.) оны көзі шалады да: “Не үшін келіп едің?” – деп сұрайды. Сонда бәдәуи араб: “Уа, мүминдер әміршісі, келгендегі жұмысым бітті. Енді қажеті жоқ,” – дейді. Омар сонда да қоймай: “Бері кел, келу себебіңді айт!” – дейді. Ол: “Мен сізге әйелімнің мінезінің нашарлығын айтып, шағым етпекші болып келген едім, бірақ сіздің әйеліңіздің де дауыс көтергенін естіген соң оның менің әйелімнен айырмасы жоқ екенін түсініп, “Мүминдер басшысы, халифаның жайы осындай болса, маған не жорық?” деп қайтып бара жатыр едім,” – дейді. Оның сөзін естіген Омар (р.а.): “Әйелімнің маған дауыс көтеріп сөйлеуінің себебі – оның мендегі хақысы. Ол – менің бала-шағамның тәрбиешісі, асымды әзірлеп, тамақтандырушы, киімімді жуушы, үйімді тазалаушы. Сондықтан менің мойнымда оның құқықтары болғандықтан төзуіме тура келеді,” – деп, жауап береді.
Міне, бұл – мұсылмандар халифасы, айбатты да, қатал мінезді Омар Ибн Әл Хаттабтың (р.а.) өз жұбайымен қарым-қатынасының мысалы. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үмметіне өсиет еткен, ісімен көрсеткен, дұрыс жолынан ала білген дәрісі. Ал, біздің Алланы танып, өзін елшісінің (с.а.с.) үмметінен санайтын, діни білім алған кейбір бауырларымыздың өзіне Алладан аманат етіп алынған әйелдерін себепсіз ұрып-соғып, жәбір көрсетіп, онысын жолдастарына мақтаныш ететінін қалай түсіндіруге болады.
Біз әйелдің жанұя иесі ер кісіге аманат етілгендігін және Алла сөзімен халал етілгендігін айттық. Оның мәнін көпт кісілер жете түсіне бермейтіндігі үшін бұған тоқталыңқырағанды жөн көрдік.
Алланың елшісінің (с.а.с.) өз өмірінің соңғы уақытындағы ақырғы хұтбасында мұсылман ерлерге әйелдерімен дұрыс мәміледе болуды, олардың кейбір кемшіліктеріне сабыр қылуды әмір етті. Әйел затын ерлердің қол астындағы тұтқындармен салыстырды. Адамның өз иелігіндегі, бас бостандығы жоқ оған бағынышты болмаған әлсіз тұтқынға қамқорлық жасауы- уәжіп. Ер кісі әйелдің әке-шешесінің ризалығын алып, Алланың бірлігіне, Мұхаммедтің (с.а.с.) оның елшісі және құлы екендігіне куәлік айтып, Жаратушы Раббысының атымен ақ, халал некені бекітеді. Жас жұбайлар бір-біріне өмірде адал серік, жақсы жар болуға екі жақтың ең жақын адамдарының алдында бір-біріне сөз береді. Олай болса сол келісімді ұмытып, болмашы бір түсініспеушілік, келіспеушіліктің себебінен араны суытып, жанұяның шырқын бұзып, күнәсіз сәбилерді әкесіз не анасыз жетім етіп, ер мен әйел жақтың арасында орнаған туыстықты суытуға асықпаған жөн. Ердің де, әйелдің де өз жанұясының беріктігін сақтауға тырысуы – уәжіп. Бұл – мұсылман ер мен мұсылман әйел арасындағы өте жауапты келісім, өте маңызды серт. Ол жөнінде Қасиетті кітабымыз Құранда: “Олар сендерден ауыр серт алып(некеленіп), бір-біріңе қосылған едіңдер,” – делінген (Ниса сүресі, 21-аят).
Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің соңғы хұтбасында үмметіне өсиет етіп: “Әйелдерге зорлық-зомбылық етуден Алладан қорқыңыздар. Расында сіздер оларды Алла аманатымен алдыңыздар,” – деген (Мүслім риуаят еткен).
Мұндағы “Алланың сөзі” – неке қию рәсімінде айтылатын шаһадат (куәлік) сөзі. Алланың елшісі (с.а.с.) миғражға шығып, көкке көтерілген түні оған берілген нәрселердің ішінде неке қию кезінде Жаратушының бір, Мұхаммедтің (с.а.с.) оның елшісі және құлы екендігін айтатын шаһадат сөзі де бар болатын. Сол түні Алла Тағала өз елшісіне (с.а.с.): “Өзіңді менің құлым және елшім екендігіңді айтып куәлік бермейінше, сенің үмметіңе неке хұтбасын айтуға рұқсат етпедім,” – деді. (Ибн Әби Хатим риуаят еткен).
Шымкент қаласы орталық мешіті