Бүкіл ғаламды, жанды мен жансызды жаратушы Ұлы Алла тағалаға мақтаулар мен мадақтар болсын!
Әлемнің сардары, Алланың құлы әрі Елшісі болған Мұхаммедке Алланың игілігі мен сәлемі болсын!
Аллаға шүкір, қазіргі таңда м емлекетіміздің тәуелсіз ел болып, көк байрағымыздың көкте желбірегеніне ширек ғасыр толып отыр. Осынау уақыттар ішінде жас мемлекетіміздің ішкі саяси тұрақтылығы нығайып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы ахуалы едәуір жақсарды. Бұл ең алдымен елімізде ішкі біртұтастық пен бірлікті сақтаудың нәтижесінде орын алып отырған жағдай.
Дегенмен, теңгенің екі жағы болады демекші, азаматтарымыздың арасында әлі күнге дейін мұсылманды бауырым деп құрметтеп, ізгілікті қарым- қатынас жасауы әлсіз күйде қалып отырғаны ащы да болса шындық. Бір-бірін бауырым деп тек қана той томалақ пен өлім- жітімде ғана еске алу жалғасып келе жатыр.
Жалпы, біздің қоғамда мынадай қалыптасып қалған қағида бар: ол тек мемлекеттік күнтізбелерде қызыл болып белгіленген күндері ғана ата- анаңызды құттықтау, тек белгіленген күндері ғана анаңызға гүл шоғын беру және белгілі бір күн ғана бауырыңызды еске алу. Мұны тек қана дүниеқұмарлық кесірі демеске лаж жоқ… Шамаңыз келсе бір-біріңізге деген құрметті күніге жасасаң артық болмасы анық. Жасыратыны жоқ, бүгінде халықтың зарынан гөрі нарықтың заңы күштірек болып тұр. Алайда, мұндай жағдайлардың баршасын тек заманға итермелеп тастау ағаттық болар… Мұсылмандардың бір- бірінің үйіне қонаққа барып, жоқшылықта тоқшылық боп жанында жүргенше қуанышында бірге қуанып, қайғысына ортақтасып, жарасын жеңілдету- ауызбіршілікті арттырады. Себебі, Жаратушы иеміз Алла тағала Құранда: «Расында, мұсылмандар бір- біріне бауыр»- деген.
Алланың сүйікті елшісі болған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) бір мүбәрак хадисінде: «Кім ауырған кісіге барса және Алла жолында зиярат етсе, аспаннан бір періште: сен бір жақсы амал жасадың, сенің бұл қадамдарыңа нұр жаусын және жәннаттан өзңіе бір орын даярладың- дейді»,- деген. Және бір хадисінде: «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Мұсылман- бауырына қастандық жасамайды, оны дұшпанға тастамайды. Кім мұсылман бауырына жәрдем етсе және оның кем-кетігін толықтырса, Алла тағала да оған жәрдем етеді. Кім бір мұсылман бауырын қиыншылықтан құтқарса, Алла тағала осыған сай қиямет күні оның қиыншылықтарының бірін жояды. Кім мұсылман бауырының бір кемшілігін жасырса, Алла тағалада қияметте оның кемшілігін жауып жібереді», – дейді. Бұл шынайы мүмін- мұсылмандардың амалы. Олар қиын- қыстау заманда бір- біріне демеу беріп жүретіндіктен Алла елшісі: «Сіздердің қайсыбіріңіз өзіне қалағанын бауырына қаламайынша толық иман еткен болмайды», – деген.
Қоғамдағы бауырластықты нығайта түсетін тағы бір қасиет ол- бір- біріне жәрдем ету. Жалпы, жәрдем деген кезде адам санасына бірден жоқ- жітікке, әлсіздер мен жәбірленушілерге көмек қолын созу келеді. Алайда адамзат баласына әмбебап дәстүрлерді үйреткен Алла Расулы (с.а.с) ешкімді жәрдемнің аясынан тыс қалдырмай: «бауырыңа ол жауыз болса да, жәбірленуші болса да жәрдем ет!», – деді. Мұны естіген сахаба таң қалып: «Жәбірленушіге жәрдем етермін, ал жауызға қалай көмек жасаймын?»,- деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с): «Оған жауыздық іс-әрекетін тыюға көмектесуің – оған сенің жәрдемің болады», – деп айтады.
Ия, бұл өмір- мәңгілік мекеніне қарай жолаушылар бара жатқан адам баласының бір аялдамасы ғана. Қазақтың қанына біткен қасиеттің бірі – қонақжайлылық. Егер осы бір дәстүрімізді жаңғыртсақ, бір- бірімізге деген сүйіспеншіліктің де арта түсеріне күмән жоқ.
Дінімізде бауырыңызды жылы жүзбен қарсы алудың өзі игі істер қатарына жатады. Жалпы, мұсылманның мұсылманда бес хақысы бар: сәлемге жауап қайтару, науқас адамның көңілін сұрау, жаназасына қатысу, шақырғанда бару және түшкіргенде денсаулық тілеу. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Мына үш тамаша мінез кімде болса, Алла тағала сол адамды мейірімімен жәннатқа кіргізеді, ол- саған бермегенге сен бер, саған келмегенге сен бар, саған жамандық жасағанды кешір»,- деп мұсылмандық сипатты дөп басып айтып кеткен.
Омар ибн әл Хаттаб жеткізеді (р.а): «Алла елшісі айтты: «ақиқатында, Алланың құлдарының арасында бір адам бар, олар пайғамбарларда, Алла жолында жан тапсырғандар да емес. Қиямет күні олардың Алла алдында алатын орнын пайғамбарлар да, Алла жолында жан тапсырғандар да қызғанады», -дейді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Олардың кім екендігінен хабар бересің бе?», – деп сұрады. Пайғамбар (с.а.с): «Олар – бір- бірін туыстық қатынас үшін емес, алмасатын дүние үшін емес, Алла разылығы үшін жақсы көрген адамдар», – деп жауап береді. Және де Тирмизиден жеткен хадисте: «Екі дұғаның Алламен арада бөгеті болмайды. Біріншісі- жәбір көрген адамның дұғасы. Екіншісі- мұсылманның бауыры үшін жасаған дұғасы»- деген хадисі арқылы бір адамды оның мансабы, ақшасы, атағы, танысының көптігі үшін емес, оның бойында Алла тағаланың жақсы көрген қасиеттерінің болғаны үшін жақсы көріп, жақын тұтқан адамды Алла субһанаһу уа тағаланың да жақсы көретінін білдірген. Бұл- Алла разылығы үшін болған мәртебелі махаббат. Аллахым махаббат толы жүректі сізге де, бізге де нәсіп етіп, бауырмашылдығымызды бекем етсін. Әмин!
Мақтарал аудандық «Нұғман»
мешітінің бас имамы Сыздықов Бекзат