Kaita tirilu ham imankeltiru

Kaita tirilu ham imankeltiru

Екінші өмірдің сауабын қазіргі өмірден жинайық.
Өлім – Алла Тағала тарапынан адамзатқа жіберілетін ұлы хабар. Әркімді кенеттен өлім періштесі тосуы мүмкін. Ол періштені Мәләкүл-Мәут немесе Әзірейіл дейді. Ол Жаратушыға тәуелді, әмір күтеді, уақытында келеді, міндетін орындайды. Адам баласының көзіне ол бір-ақ рет көрінеді. Яғни, кімде-кім өлім періштесін көрсе, өмірлік уақытының біткені. Көзімен көрмеген, қолымен ұстамаған, санасына сыймайтын Жаратқанның құпия әлеміне өту көпірден өткендей емес. Ол жаққа ақыл мен парасаттағы зор иман қажет. Ол – сенімдегі жеті парыздың жетіншісі, яғни қайта тірілуге иман келтіру. Бүгінгі тақырыбымыз әрбір пенденің қабірдегі жағдайынан бастап сүр үрленгенге дейінгі аралықты қамтымақ.

Қабір өмірі
Қабір өмірі – ақырет өмірінің есігі, ақыреттің бастамасы. Қайтыс болған кісі көмілсін, көмілмесін, мейлі хайуанаттарға жем болсын, суға батып, отқа жанып күл болсын, қандай жағдайда жан берсе де ол кісі үшін қабір өмірі басталады.
Адам қабірге қойылған соң Мункәр, Нәкир атты екі періштенің сұрақ-жауабы басталады. Сұрақтың біріншісі: «Раббың кім? Пайғамбарың кім? Қай дінді ұстандың?» деп басталып, одан әрі рет-ретімен жалғаса түседі. Дүниеде иманды, салихалы ғұмыр кешкен кісі бұл сұрақтарға мүдірмей дұрыс жауап береді. Мұндай жандарға жәннәт есіктері ашылып, кереметтері көрсетіледі. Егер марқұм болған кісі имансыз яки мунафиқ болса, тозақ есіктері ашылып, ондағы азаптың белгілері көрсетіледі. Сондықтан қабірде имансыз жан азап шегеді де, иман еткен мумин сыйға бөленеді.
Бірде хазіреті Осман бір қабірдің қасында тұрып, сақалы су болғанша жылайды. Қасында тұрған кісілер оған: «Сен жәннәт пен тозақты айтқан кезде жыламайсың да, қабірді көріп мұншалықты неге көп жылайсың?», – деп сұрайды. Сонда Осман: – Расулуллаһ былай деген еді: «Шындығында қабір ақырет қонақтарының алғашқысы. Егер өлген кісі одан сәтті өтсе, одан кейінгі кедергілер оған жеңіл болады. Ал егер пенде одан құтыла алмаса, яғни қабір азабын шексе, кейінгі сатылар одан да бетер ауыр болады. Мен дүниеде қабірден бетер сүйкімсіз әрі қорқынышты ештеңе көрмедім» (Ибн Мажа риуаяты).
Қабір азабы жайында ардақты Пайғамбарымыз с.а.с. көптеген дәлелдер айтып өткен. Бірде Пайғамбарымыз с.а.с. бір зираттың қасынан өтіп бара жатып екі қабірді көрсетіп, сол қабірде жатқан екі мәйіттің азап шегіп жатқандығын сахабаларына айтады. Пайғамбарымыз: «Мына қабірдегі екі мәйіт не үшін азап шегіп жатқанын білесіңдер ме?», – деп сұрағанда сахабалары: «Аллаһ және Оның Елшісі біледі», – десті. Сонда хазіреті Пайғамбарымыз: «Бұл екеуі де үлкен күнәнің азабын шегіп жатқан жоқ. Бірі кіші дәреттен сақтанбайтын, екіншісі өсек таситын. Бұлардың қиналып жатқандары әлгі екі әдеттің азабы», – деді де, жас шыбықты алып, екіге бөліп, екеуінің қабірінің басына егіп қойды. Соңынан: «Бәлкім осы екі шыбық қурағанға дейін бұл екі адамның қабірдегі азабын жеңілдетер…» (Бухари, Жанайз 82; Муслим, Иман 34; Әбу Дәуіт Тахара 26), – деді.
О дүниелік болған әрбір пенде қабірде сан-алуан сұраққа тартылып, тиісті жазасына, не болмаса лайықты сыйына қауышатыны сөзсіз. Себебі, хазіреті Пайғамбарымыз Сағд ибн Муаз есімді сахабасы қайтыс болғанда былай дейді: «Әлбетте, қабір қысымы бар. Егер одан біреу құтылар болса, Сағд ибн Муаз құтылар еді» (Ахмад ибн Ханбал, 6/55).
Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларына үнемі мына дұғаны үйрететін:
«Аллаһым, расында да мен тозақ отынан Саған сиынамын. Қабір азабынан Саған сиынамын. Мәсих Дәжжалдың фитнәсінен Саған сиынамын. Өмір мен өлімнің фитнәларынан Саған сиынамын» (Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи, Ибн Мажа риуаяты)». Аллаһтың қалауымен біз де осы дұғаны айтуды әдетке айналдырсақ нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен бірге қайтыс болған кісі үшін артында қалған адамдар көбірек дұға жасап, күнәларының кешірілуін тілеу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) адамды жерлеп болғаннан кейін қабірдің жанына тұрып былай дейтін: «Бауырларыңыз үшін Алладан кешірім тілеп (иманында) тұрақты етуі үшін дұға етіңдер. Еш күмәнсіз ол қазір сұраққа тартылып жатыр».

Қайта тірілуге деген сенім
Әһли сүннет сенімі бойынша, Алла тағала қиямет күні барлық жанды тірілтеді. Бұл құбылыс шіріп кеткен дененің қалпына келіп, әрбір рух өз денесіне қайта кіріп, денеге жан біту арқылы жүзеге асады. Өлгеннен кейін, қиямет күні қайта тірілу – Исламдағы иман негіздерінің бірі. Бұны жоққа шығарған адам – кәпір. Бірде мүшріктердің көсемі Убәй ибн Халаф Пайғамбарымызға шіріген адамның сүйегін әкеліп: «Мына шіріген сүйекті кім тірілтеді?», – деп жұртшылықтың алдында келеке етіп күледі. Дәл осы оқиғаның артынша мына аят түседі: «Олар өз жаратылысын ұмытып, бізге мысал берді: «Міне шіріген сүйектерді кім тірілтеді?», – деді. Мұхаммед оларға айт: «Оны сондай алғаш жаратқан тірілтеді. Ол барлық жаратылысты біледі» (36. Ясин, 78-79). Аллаһ Тағалаға әлемдердің, аспан мен жердің жаратылысына қарағанда адамды жаратудың пәлендей қиындығы жоқ. Аятта да мұны бізге анық білдіреді: «Әлбетте, көктер мен жерді жарату, адамдарды жаратудан зор. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді» (40 Ғафыр-57).
Бірде Аси бин Уайлге бір кедей мұсылман келіп, ақшасын сұрайды. Ол кедей мұсылман оның қолында жұмыс істеген еді. Сонда Аси бин Уайл: «Қиямет күні Алла бізді қайта тірілтетініне сенесің бе?», – деп сұрайды. Кедей мұсылман: «Ия, сенемін» деп жауап қайырады. Оның бұл сөзін Аси бин Уайл мазақ қылып күліп: «Онда Алла Тағала бізді қайта тірілтетін болса, қабірімде өзіммен байлықтарым болады. Сол кезде сенің ақшаңды қайтарамын», – дейді. Сонда Алла Тағала Аси бин Уайл сияқтыларға «Мариям» сүресінің 77-80-ші аяттарында: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) аяттарымызға қарсы келіп: «Әлбетте, маған мал, бала берілді» дегенді көрдің бе? (77). Ол, көместі білді ме? Немесе Алладан уәде алды ма? (78). Әсте олай емес. Оның айтқанын жазамыз да оған азапты арттырған сайын арттырамыз (79). Сондай-ақ, оның айтқанына Біз ие боламыз да ол Бізге жалғыз келеді» (80)». деп нақты түрде қатаң жауап берген. Демек ақыреттегі қайта тірілу кезінде жинаған дүниеңіз бен мал-мүлкіңіздің титтей де пайдасы болмайды. Адамзат баласының бақытты ғұмыр кешуі ақыретке иман етуге тікелей байланысты. Әрбір аттаған қадамы үшін арғы дүниеде Аллаһқа есеп беретінін естен шығармаған адамның ғұмыры барынша бақытты болары сөзсіз. Оларды жарық нұрға, үміт толы өмірге алып шығатын жалғыз күш, дара медет – ақыретке, қайта тірілуге деген берік сенім.
Бірде Ибраһим (ғ.с.) теңіздің жағасында келе жатып, бір өліп жатқан құсты жыртқыш құстар жан-жақтан шоқып, оны бөліп-бөліп жеп қойғанын көреді. Ибраһим (ғ.с.) таңқалып: «Қиямет күні Алла Тағала әлгі құстың денесін қалай тірілетеді? Оны жыртқыш аңдар бөлшек-бөлшек етіп жеп қойды ғой», – деп ойланады. «Бақара» сүресінің 260-шы аятында: «Сонау заманда Ибраһим (ғ.с.) «Раббым! Өлікті қайтып тірілтесің, маған көрсет», – деді». Алла Тағала жауап ретінде «Бақара» сүресінің 260-шы аятында: «Алла – маған сенбейсің бе?», – деді. Ибраһим (ғ.с.) Аллаға жауап ретінде «Бақара» сүресінің 260-шы аятында: «Әрине, сенемін, бірақ жүрегім орнықсын»,- деді. Сонда Алла Тағала Ибраһим (ғ.с.)-ға: «Құстардан төртеу ұста да оны бөлшектеп сойып, оларды бір-бірімен араластыр. Сонан соң әр таудың басына бір бөлігін қой…»,- деді. Ибраһим (ғ.с.) Алланың бұйрығымен бөлшегі шыққан құстарды әр таудың үстіне бір бөлшек етіп қойып шықты да өзі ойға қарай түсті. Алла Тағала Ибраһим (ғ.с.)-ға: «Енді оларды шақыр, дереу саған жетіп келеді», – дейді. Осы мезетте Алланың құдіретімен мүше-мүше болып бөлініп, әр таудың басында жатқан әлгі мүшелерді Алла Тағала қайта тірілтеді де Ибраһим (ғ.с.)-ға: «Күдіксіз Алланың өте үстем де хикмет иесі екенін біл», – деді. Қасиетті Құранның «Қиямет» сүресінің 2-4 аяттарында Алла тағала: «Адамзат Бізді өздерінің (шіріп топырақ боп кеткен) сүйектерін жинай алмайды, деп ойлай ма?! Олай емес. (Біз) Оның (оның сүйегі түгілі, ең нәзік) саусақ сүйектерінде құрап (оның ұштарында әсіл күйіне қайтаруға қалдырмыз) қалпына келтіре аламыз», – дейді.
Бұл аятпен Алла тағала қайта тірілуге таңданудың қажеті жоқ екенін ескертеді. Өйткені, Алла адамзаттың тек тәнін емес, тіпті сол денедегі нәзік жерлерді, сызықтарды да, солардың қатарында, саусақ ұшын, алдын қандай болса, сол қалпына қайтаратынын айтады

Сүр үрленер сәт келер
Жоғарыда айтып өткеніміздей өлгеннен кейін, қиямет күні қайта тірілу – Исламдағы иман негіздерінің бірі. Жалпы қиямет екі түрлі, қабірге кіргеннен кейін және сүр үрленіп қабірден тірілетін сәт. Аллаһ Тағала Қияметтің басталуына рұқсат еткен сәтте Исрафил періштеге сүрді бір рет үрлеуді бұйырады. Аллаһ қалаған кісілерден өзге аспан мен жердегі барша нәрсе құлайды. Расулуллаһ с.а.с: «…Сосын Сүр үрленеді. Бұны естіген әрбір адам құлағын тігіп тыңдайды. Бұны бірінші болып еститін адам – түйесінің су ішетін орнын жөндеп тұрған болады. Ол есінен танып құлайды. Адамдардың баршасы да құлайды. Сосын Аллаһ Тағала жеңіл-желпі жаңбыр жаудырады. Онымен адамдардың денесі өсіп шығады. Сосын Сүр екінші рет үрленеді. Сонда адамдар орындарынан көтеріліп, қарап тұрады. Сосын: «Ей, адамдар, қане Раббыларыңа жүріңдер», – делінеді.
«Сүр» деп араб тілінде кернейді айтамыз. Ақыретте сүр екі рет үрленеді. Бірінші сүр үрленгенде дүниенің астаң-кестеңі шығып, тіршілік тоқтайды. Тірі жанның бәрі өледі. Бұл сәтті – «Саъқ-өлім» сәті дейміз. Тек, Алла тағала қалаған жаратылыс қана тірі қалады.
Екінші рет сүр үрленгенде рухтар өз денелеріне кіріп, қайта тірілу сәті болады. Бұл сәтті – «әл-Баъс» дейміз. Құран Кәрімде бұл құбылыс былай баян етілген: «Сүр үрленген күні, Алла өзі қалаған жаратылыстардан басқа, жер мен көктегілердің барлығы өледі. Сүр екінші рет үрленгенде, бәрі орындарынан тұрып, (бұйрықты) күтіп тұрады» (Зүмәр сүресі).
Әбу Разин Әл-Уқайлиден, р.а. риуаят етіледі: «Мен: «О, Расулуллаһ, Аллаһ Таьала адамдарды қалай қайта тірілтеді бұған жаратқан нәрселерінде дәлел бар ма?»,- деп сұрадым. Ол кісі: «Қауымыңның кеуіп, қурап қалған жерінен өтіп, сосын ол жерден тағы бір өткеніңде, ол жердің жап-жасыл болып тұрғанын көргенің бар ма?», – деп сұрады. Мен: «Иә»,- дедім. Ол кісі: «Міне, Аллаһтың жаратқан нәрселердегі өліктерді шығаратын дәлелі осы»,- деді (Әбу Дауд,Әл-Байһақи).
Құранда қиямет қайымның белгілері мен дәлелдері жетіп артылады. «Қариға» сүресінде (Меккеде түскен және ол 11 аяттан тұрады) қиямет қайым және қиямет күнінде болатын қорқынышты оқиғалар мен үрейлі ахуалдар туралы айтылған. Адамдардың мазарларынан қайта тіріліп шығуы, олардың оттың аптап ыстығынан қашып ерсілі-қарсылы ұшқан көбелектер іспетті бытырап, жан-жаққа шашырап кететіндігі туралы оқиғалар баяндалады. «Ол күні адамдар үймелеген көбелектей болады. Бұл жағдай адамдар мазарларынан үрейлі халде шыққан кезде орын алады. Олардың бұл күйлері жарық іздеп жанып тұрған оттың айналасына ұшып келіп алауына күйіп, сасқандарынан жан-жаққа бытырап шашырай ұшқан көбелектерге ұқсайды».
Тәпсірші Рази: -Ұлы Алла қияметтегі адамдардың халдерін көбелектерге ұқсатудың себебі, олардың ұшқан кезде бәрінің бір жаққа қарай ұшпай, керісінше әрқайсысының әр жаққа ұшуларында жатыр. Бұл адамдардың өлгеннен кейін қайта тірілгенде қорқыныштан бытырап, жан-жаққа шашырап кететіндіктерін көрсетеді,-деген.
Сонымен қатар осы сүреде таулардың құлап, шаң-тозаңға айналатындығы, темірдей қатты болғанына қарамастан ауада қалқып ұшқан жүн іспеттес болатындығы туралы баяндалады.
Сауй – Қияметтің әсерінен өзіне шариғат міндеті жүктелмеген алып таулар мықтылығына қарамастан, тас-талқан болып түтілген жүнге айналатын болса, өзіне шариғат міндеті жүктелген нәзік жанды адам баласының халі не болмақ?! Ұлы жаратушымыз, міне осы нәрсеге назар аудару үшін адамдар мен таулардың халін бірге баяндады,-деп нақтылап түсініктеме беріп өткен.
Сұр екінші рет үрленгеннен кейін адамдардың барлығы тірілтіліп, қабірден тұрып, есепке тартылуы үшін жиналатын орын «мауқиф» ал сол күн «яумул хашр» (қайта тірілу күні) деп аталады. Тірілтілген мақлұқ атаулы жиналған «Махшар» мейілінше кең, тегіс, ғимаратсыз әрі кейіпсіз жаңа орын болады. Әбу Хұрайра риуаят еткен бір хадистен білуімізше, адамдар Махшарға жаяу жүріп, көлікпен не оттан азап көріп үш топ болып барады
Адамдар мен жындар Махшарда жиналғаннан кейін есепке тартылу үшін түрлі үрей мен қиындықтар көріп ұзақ уақыт күттіріледі. Осы уақыттың мың мен елу мың жыл арасын құрайтыны айтылады. Mаһшарда адамдар тезірек есепке тартылу үшін хазірет Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) шапағат етеді. Бұл шапағаты «шапағаты ұзма» (үлкен шапағат) деп аталады. Осы биік дәрежесі «Махмұд дәрежесі» (мақамы махмуд) деп аталады. Махшарда күн адамдарға қатты жақындатылады. Әркім шыдай алмайтындай дәрежеде қатты қиналады. Әрі үрей қысып, зәрелері ұшып көп күтеді. Осы жағдайлардан арылу үшін шапағат ететіндей әлдекімді іздеп сабылады. Кейбіреулер хазірет Адам атаға барып жолықсаңдаршы дейді. Хазірет Адам тыйым салынған жемісті жегенін есіне алып, оларды хазірет Нұхқа жібереді. Хазірет Нұх оларды хазірет Ибраһимге жібереді. Хазірет Ибраһим хазірет Мұсаға жібереді. Хазірет Мұса хазірет Исаға жібереді. Хазірет Иса соңғы пайғамбар хазірет Мұхаммедке (с.ғ.с.) жібереді. Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) сәждеге барып, көкейіне салынған ең жақсы мақтауларын жаудырып, Алладан тілек тілейді. Кейіннен Жаратушы ие оған: «Уа, Мұхаммед, басыңды көтер, міне, сұрағаның беріледі. Шапағат ет, шапағатың қабыл болады», – дейді. Ол ұлы Жаратушы иеге дұға еткенде, дұғасы қабыл болады. Сахабалар ардақты пайғамбарымыздан өз үмбетін мақшар күні қалай танитындығын сұрағанда, ол: «Дәрет алған мүшелері нұр болып жарқырап тұрады»; «Сендер үйір-үйір жылқы арасынан маңдайы қасқаларын қалай танысаңдар, мен де өз үмбетімді солай жазбай танимын», – деп жауап қатқан.

Қорыта айтқанда
Өлгеннен кейін қайта тірілудің болатынын барлық діндерде айтылады. Ахырет күнi — адамдардың сый не жаза алу үшін және есепке тартылу үшін қайта тiрiлетiн Қиямет күнi. Оның бұлай аталуының себебі, өйткенi одан кейiн күн жоқ, ол – ақырғы күн. Яғни жәннәттықтар – өз мекенiне, тозақтықтар өз мекенiне қоныстанатын күн деген сөз. Ахырет күніне иман келтірген пенде істеген әрбір ісі, басқан әрбір қадамы, сөйлеген әрбір сөздері үшін ана дүниеде есебін беретінін білгендіктен, барлық жамандық атаулыдан шамасының келгенінше аулақ жүреді. Ахырет күні адамдардың мәртебесі, құны шынайы жасаған құлшылығына байланысты болмақ.
Мына жалған дүниеден ақырет күніне дінсіз, имансыз барудан Алла сақтасын. Ертеңгі күні бармақ тістеп отырмас бұрын дайындықты қазірден бастаған абзал. Ертеңгі өмірдің сауабын бүгіннен жинайық. Жаратушы Алла баршамызды қабір азабынан, қиямет күні тозақ отынан сақтап, ізгі іс жасағандарға уәде етілген жаннатқа кіруімізді нәсіп еткей…

Нұржан Қасымбеков,
дінтанушы.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38