Адам баласының бүкіл бітім-болмысы, табиғаты жақсылықты қалайды. Екі дүниенің жақсылығын тілейді. Ал, мәңгі тұрағы ретінде жәннаттың болғанын аңсайды.
Жаратушы Иеміз адамдарға тура жол жіберетінін, онымен жүрушілердің екі дүниеде де рахатқа бөленетінін хабарлады. Шындығында да осы жолмен жүріп, ізгі амалдар жасап өткен жандардың арғы дүниеде көретін сый-сияпаттарының өте мол болатындығы белгілі. Қасиетті Құран Кәрімде: «Жасаған амалдары үшін оларға көзбен көңілді қуандыратын қандай сыйлық сақтаулы тұрғандығын ешкім біле алмайды», – («Сәжде» сүресі, 17 аят), – деп осы ақиқатты білдірген. Ибн Масғудтың айтуынша «Оны жақын періштелер де, пайғамбарлар да білмейді («Кутубу ситта», 14 том, 228 бет). Олай болса, ізгі құлдар үшін сақтаулы сыйлықтың сипаты мен көлемін тілмен жеткізудің мүмкін еместігіне тағы да көз жеткізе түсеміз.
Дегенмен де, бізге мәлім аяттар мен хадистердің аясында жаннат нығметтері туралы жалпы мағлұматтар алуға болады. Жаннат – Хақ Тағаланың сүйген құлдарын қуанышқа бөлейтін мекені.
Шындығында да ақырет күні сауап пен жазалау орнының болатындығын Исламнан бұрынғы шариғат иелері де мақұлдаған. Осы себептен жұмақ пен тамұқтың барлығына және ақыретте болатынына иман келтіру – уәжіп. Ал бұларды мойындамағандар кәпір болады.
Жұмақ пен оның нығметтері, әрі оған кіргендер онда мәңгі қалады. Құран мен сүннетте нақты дәлелдер болғандықтан бұған мұсылман ғұламалары бірауыздан келіскен. Осы себептен де, жұмақ пен тамұқтың мәңгі болатынына иман келтіру – уәжіп. Ал терістесе, дін үшін аса маңызды саналған құндылықты жоққа шығарғаны үшін кәпір болады.
Сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ-ың мына бір хадисі жаннатың биіктігі мен ұзақтығын білдіреді: «Жәннат жүз дәрежесі бар, бүкіл ғаламдар олардың біріне ғана сыйып кетеді», – деген. Сонымен қатар, Алланың елшісі ﷺ былай деген еді: «Жәннатта жүз дәреже бар. Ол дәрежелердің бірі мен екіншісінің арасы жер мен көк арасының ұзақтығындай. Фирдаус жәннаты – олардың ең үстіңгі қабатында тұрғаны. Жәннаттың төрт өзені осы жерден шығады. Оның үстінде Аршы бар. Алладан жәннат сұрасаңдар, осы Фирдаусты сұраңдар». Бухари, Тирмизи, Жәннат, 4 (2531). Бұл хадистерден аңғаратынымыз, жәннаттың адамның ой- қиялынан әлдеқайда биіктігі. Қазір төбеміздегі бір аспанға қарағанның өзінде көзі талатын адамның назары одан жүз дәреже биіктіктікке жете алар ма? Ал аталған төрт өзенді ғалымдар бірі судан, бірі сүттен, бірі шарап және бірі балдан деп түсіндіреді. Дегенмен, мұсылман баласы үшін жәннатқа кірудің көптеген күш-қайратты, үлкен сенімді, үкілі үмітті қажет ететіндігі белгілі. Осы бағытта Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде айтылып отырғандай, Алла тағалаға дұға етіп, соған сай амал-әрекет жасап барып қана жәннатты сұрауымыз керек. Ал Фирдаус жәннатын сұрауға кеңес берілуін Алла тағаланың кең рақымына байланысты ұғамыз. Алла тағаладан бір нәрсе сұрағанда, ең үлкенін, ең ұлысын, ең артығын сұрау керек.
Бір бәдәуи Пайғамбарымызға келіп: «Уа, Алланың елшісіﷺ , мен атты жақсы көремін, жәннатта ат бар ма?», – деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз ﷺ: «Жәннатқа кіретін болсаң, жақұттан (жаратылған) қос қанатты ат саған әкелінеді. Сен соған мінгізілесің, ол ат сені қалаған жеріңе ұшырып апарады», – деді. Тирмизи, Жәннат,11. Бұдан ұғатынымыз, жәннатта адам көңілі қалаған нәрсенің барлығы да артығымен бар. Хадисте айтылып тұрғандай, жанаттағы аттар бұл дүниедегі аттардан бөлек, ерекше. Тіпті оның қос қанатты әрі жақұттан екендігі білдірілген, бірақ біздің сонда да ақылымыз бен көңіл көкжиегіміз ол аттың сыр-сипатын толық қамти алмайды.
Жәннатта қара көзді хури қыздары (біздіңше хор қыздары) жиналатын бір жер бар. Олар онда жаратылыс атаулы есітіп көрмеген бір дауыспен ән шырқайды. Мұндай хор қыздарының кімдерге жұбай болатындығы Құран Кәрімде былай баяндалған: «(Мұғаммед с.ғ.с.) иман келтіріп, ізгі іс істегеңдерді қуандыр! Расында олар үшін астарынан өзендер ағатын жәннаттар бар… Әрі олар үшін онда тап-таза жұбайлар да бар. Олар онда мәңгі қалады» («Бақара» сүресі, 25-аят). «Сондай-ақ жәннат иелерінің бір базары болады. Әр жұма олар сол базарға келеді. Сол кезде сол жағынан әдемі бір самал есіп, киімдері мен жүздерін сипап өтеді. Сонда олардың көркемдіктері мен ажарлары арта түседі. Сөйтіп өз жарларына сондай әсемдігі артқан күйде оралады. Жұбайлары: «Уаллаһи, сымбаттылықтарыңыз бен әдеміліктеріңізді арттырып келіпсіздер», – дейді. Ал ерлері: «Аллаға ант етейін, сіздер де сұлулықтарыңызды еселеп арттырып келіпсіздер», – дейді Мүслим, Жәннат 13, (2833). Осылайша ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілік молаяды. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген бір хадисте: «Жәннатқа алғаш кірушілер толған айдай жарқырап кіреді. Олардан кейін кіруші топ жарық сәулесі жағынан ең үлкен жұлдыздай болып кіреді. Жәннат иелері кіші дәрет те, үлкен дәрет те сындырмайды, түкірмейді, мұрнын босатпайды. Тарақтары алтыннан бола- ды. Денесінен шыққан терлері миск жұпары болады. Жұбайлары қара көзді хури қыздарынан болады. Олар аталары Адамның жаратылысындай алпыс құлаш (зиръа) бойлы және бәрі бір адамдай бірдей бейнеде болады», – деп айтылған. Бухари, Бәдиүл халқ, 8, Әнбия; Мүслим, Жәннат 15, (2834;); Тирмизи, Жәннат, 7 (2540).
Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың мына хадисін жеткізген: «Жәннат иелері денесі түксіз, жүздері сақалсыз, көздері сүрмелі болады. Олардың жастық шақтары қайтпайды, киімдері ескірмейді» Тирмизи, Жәннат 8 (2542).
Жәннат иелерінің жүректері бір кісінің жүрегіндей тату болатыны, онда көре алмаушылық, жаулық, дұшпандық болмайтыны туралы мәліметтер де бар. Жәннат нығметтері мен қазыналары туралы хадистер де өте көп.
«Рахман» сүресінде айтылғандай: «Раббының құзырына шығудан қорыққан кісіге екі жәннат бар» («Рахман» сүресі, 54-аят). Мұнда екі бірдей жұмақтың Алланың алдына барудан қорқып, әр қылығы үшін жеке-жеке жауап беретінім хақ қой деп өзін күнәлі, әбес істерден тыйған кісілерге нәсіп болатынын аңғарамыз.
Жұмаққа кімдердің кіретінін Құран Кәрім көптеген аяттарынан көруге болады: «Ал бейіш тақуалардан алыс болмайды, таяу жерде тұрады. Оларға: «бүкіл тәубеге келгендер мен сақтанушылар үшін уәде етілген (жәннат) міне, осы. Олар Рахманды көрмей-ақ иман етіп, тәубелі жүрекпен келеді. Жәннатқа сау-саламат кіріңдер, мәңгілік күні осы» делінеді («Қаф» сүресі, 31-34 аяттар). Бұл аяттарда тақуалық, өзін күнәлі істерден сақтаушы, ғайыпқа иман етуші, тәубелі жүрек туралы сөз болған. Демек, жәннатқа аман-есен кіруді қалаған кісілердің осы сипаттарды дамытқаны абзал.
Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде тақуалардың сипаттары деп мыналар аталған:
1. Ғайыпқа иман келтіру;
2. Намазды толық орындау;
3.Алланың рызық-несібесінен жұртқа тарату;
4. Құран Кәрім мен одан бұрын түскен кітаптарға сену;
5. Ахиретке анық илану («Бақара» сүресі, 2-4 аяттар). Байқап отырғанымыздай, бұл амалдар адам жанын пейішке жетелейді.
Жәннатқа кірудің тағы бір жолы жан мен малға байланысты келтірілген. Қасиетті Құранда: «Күдіксіз, Алла мүміндердің жандарын, малдарын жәннәтпен айырбастап алды» («Тәубе» сүресі, 111-аят). Осы аятқа қарасақ, Алла тағаланың теңдессіз кереметін байқаймыз. Адамның жанын Алла тағала жаратқан, мал-дүние де Соныкі. Енді өзі жарылқап бергендерін жай ғана алмай, орнына мәңгілік бақыт мекені жәннатын сыйлайды. Мұны Алла тағала мен құлдың арасындағы сауда деп атаған ғалымдар бар. Бұл саудада сатып алушы -мүмин құл, ал сатушы – ғиззат иесі Алла тағала, белгіленген баға – жәннат, ал дәлелдеуші құжат – Құран Кәрім. Ал адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы Мұхаммед (с.ғ.с) бұл саудада дәнекер болған дейді. «Сафуатут тафсир», І том, 481б. Уәдеге берік Алладан артық кім бар?! Кейбір аяттарда жәннатқа Алланың үкімдері мен Пайғамбардың әмірлеріне бойұсыну арқылы кіруге болатыны айтылған:
«Кім Аллаға және елшісіне бой ұсынса, астынан өзендер ағатын бақшаларға кіргізіледі де, олар онда мәңгі қалады. Зор табыс осы» «Ниса» сүресі, 13- аят. Олай болса, Жаратушы Иеміздің бұйырған істерін орындап, тыйым салғандарынан іргемізді аулақ салуымыз керек.
Негізінде, адамдарды Алла тағалаға салихтық, ізгілік, туралық, жомарттық сияқты қасиеттер жақындатады, сөйтіп оларды сүйікті құл болу мәртебесіне көтереді. Ал Алла тағала сүйген құлы туралы құдси хадисте былай дейді: «Егер оны жақсы көрсем, онда оның еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламын» (Бухари). Ендеше, амал- дарына дұрыс қарап, Алла тағала көрсеткен тура жолдан айнымай жүрген құлдарды ұшы-қиыры жоқ нығметтер мекені күтіп тұр.
Жәннатқа апаратын ізгі амалдардың үлгісін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) достары, саңлақ сахабалардың өмірінен де көреміз. Меккеден көшіп келген муһажирлар мен оларды Мәдинада туған бауырындай күтіп алған ансарлардың өмірлері ізгілікке толы.
Жаннатқа кірушілер туралы Құран Кәрімнің «Зүмәр» сүресінде: «Ал Раббыларына қарсы келуден сақтанып жүргендер, топ-тобымен жаннатқа жеткізіледі. Жәннатқа жетіп, есіктері ашылғанда, оның сақшы періштелері: «Сәлем сендерге. Сендер жақсы болдыңдар, жақсы өмір сүрдіңдер енді мәңгі қалу үшін мұнда кіріңдер», – дейді. Шындығында да, мәңгілік бақыт сарайының қызметші періштелерінен осы сөздерді есіту де зор ғанибет. Ұмтылса осыған ұмтылуға тұратындай емес пе?! Ал жәннаттағы ғұмырдың мәңгі болуы өз алдына бөлек қуаныш. Бұл дүниеде түсі оңбайтын, қызығы таусылмайтын, адамға бітпес шаттық сыйлап тұратын ешбір қызық жоқ екені бізге мәлім. Бәрі де тозады, қурайды, түсі оңады, таусылады. Олар адамды бір жалықтырмай қоймайды. Ал жәннат рахатының Алланың сүйген құлдарын мәңгі-бақи қуанышқа бөлеп тұратынымен де құнды.
Пайғамбарымыздың ﷺ мына хадисінде біраз нәрселер айтылған: Алла тағала жәннат иелеріне: «Ей, жәннат иелері», – деп тіл қатады. Сонда олар: «Уа, Раббымыз, айтыңыз! Әміріңе құлдық, жақсылық Сенің қолыңда», – дейді. Құдай тағала: «Разы болдыңдар ма?», – деп сұрайды. Олар: «Уа, Раббымыз! Разы болмай не болыпты, сен бізге басқа ешқандай мақлұқатқа бермеген нығметтеріңді нәсіп еттің ғой», – деп жауап береді. Алла тағала: «Одан да көбірек берейін бе?», – деп сұрайды. Жәннат иелері: «Мынау бергендеріңнен артық не бар?», – деп жауап қайырады. Жаппар иеміз: «Мен сендерге енді разылығымды беремін. Бұдан соң сендерге мәңгі-бақи ашуланбаймын», – дейді Бухари, Риқақ 51, Таухид 38; Мүслим Жәннат 9, (2829;); Тирмизи Жәннат 18 (2558). Пайғамбарымыздың ﷺ өз сахабаларына ертелі-кеш намаздарында: «Уа, Алла тағалам, бізді оттан сақта және жақсылармен бірге жәннатқа кіргізе гөр», – деп бірнеше рет дұға жасап отыруды кеңес бергені мәлім. Сондықтан бәріміз де осы дұғаны намаздарымыздан кейін бірнеше рет қайталап отырғанымыз жөн.
Бұл дүниенің соңы – ақыреттік мәңгі өміріміздің басы. Сондықтан қысқа ғана ғұмырды ғибадат-құлшылықпен, ізгілікті амал жасаумен өткізіп, бір қарыс жері бүкіл дүние мен оның ішіндегілерден қайырлы, теңдесі жоқ жәннатқа кіруге амал жасауымыз керек.
Жәннат – жалт-жұлт еткен нұры, жұпар иісі аңқыған жасыл желегі, зәулім-зәулім әсем сарайлары мен сарқылмас-бітпес өзендері, сан алуан піскен жемістері мен көздің жауын алатын келісті де сүйкімді жұбайлары бар мәңгілік құтты мекен. Олай болса, жәннатқа және оған жеткізетін игі амалдарға селқос, самарқау қарамауымыз керек.
Аллаһ тағала баршамызға жаннатты нәсіп етсін, әмин!
Ордабасы аудандық «Дәулеталыұлы Бегалы ата»
мешітінің бас имамы Бастарбек Әшірбай