ҚМДБ-ның төрт бағыт жұмыстарының бірі һәм бірегейі – мешіт жанындағы діни сауат ашу курстары екендігі белгілі. Осы діни сауат ашу курстарының жұмысын жан-жақты дамыту, санын арттыру біздің негізгі бағыттарымыз болып табылады.
Өткен 2016 жылы облыс көлемінде 15 мыңға жуық шәкірттеріміз діни сауат ашу курсында имани тәлім-тәрбие алып шықты. Биылғы жылы бұл үрдіс кең көлемде қолға алынып отыр. Осы жұмыстарды негізге ала отырып Шымкент қаласы облыстық орталық мешітінде діни сауат ашу курстары арасында Құран жарысы ұйымдастырылды.
Ұйымдастырылған шараға 5 мен 50 жас аралығындағы 170-ке тарта қала, аудан, ауылдық мешіт жанында дәріс алып жүрген үміткер қатысты. Жарыс 30-шы парасының Әт-Тариқ пен Нас сүрелері арасында өрбіді.
Әділ қазылар құрамына облыс имам орынбасары Еркебұлан Қарақұлов, Түркиялық ұстаз Осман Өсташ, облыстық мешіттің ұстазы Нұрлан Бахытжанұлы төрелік етті. Жарыста бірінші орын иегері Дулат Бүркітбай, екінші орынға Абылай Қалмұрат, үшінші орын Бехруз Сұлтаниязовтар жүлделі орынға ие болды. Жарыс қорытындысымен жүлделі орын алғандар марапатталып, жеңімпаздарға арнайы сыйлық табыс етілді.
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі