Иман мекенінің жүрек екендігі көптеген аят, хадистерден белгілі. Себебі иман қолмен ұстап, көзбен көрінетін нәрсе емес. Кез келген адам иман негіздерін жүрегімен растамайынша, дұрыс иман еткен болып саналмайды.
Яғни иманды жүрекпен бекіту ең маңыздысы және ол арқылы адам мұсылман саналады. Абай атамыз:
Мүмін болсаң әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол.
Шын илан да, таза ойла бір иманды,
Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол,-деп иманды шынайы жүрек арқылы бекітуі керектігін ескертеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде:
من شهد أن لا إله إلا الله وأن محمدا رسول الله حرم الله عليه النار
«Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне шын жүрегімен куәлік еткен кісіге Алла жәһаннамды харам еткен»[1].
[1] Мүсілім, иман-17.
muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан