Иман жүрекпен бекітілгеннен соң оны тілмен айтылуы шарт. Тілмен айтылмаған жағдайда ол адамның кім екендігі белгісіз болғандықтан, шариғаттың бұйырған көптеген амалдарын ол адам үшін жасай алмаймыз. Мысалы: Сәлем беру, ер адам болса мұсылман қызды оған некелестіре алмаймыз, өлсе жаназасы шығарылмайтыны сияқты т.б. Өйткені ол адамның жүрегінде не бар екендігін білмейміз. Адамның жүрегінде не бар екендігін тек бір Алла тағала біледі. Алла тағала Құранда:
قُولُوا آمَنَّا بِاللَّهِ وَمَا أُنزِلَ إِلَيْنَا …. ﴿١٣٦﴾
«Аллаға және бізге түсірілген нәрсеге иман еттік деп айтыңдар…»[1], деп иман еткенімізді тілмен айтуымызды бұйырады.
Иман етуде тілмен айтудың қаншалықты маңызды екендігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадистерінен байқауға болады:
أمرت أن أقاتل الناس حتى يقولوا: لا إله إلا الله فمن قال لا إله إلا الله فقد عصم منى ماله ونفسه إلا بحقه وحسابه على الله
«Адамдар: «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деп айтқанға дейін олармен соғысуға бұйырылдым. Қашан осы сөзді айтатын болса, жаны мен малын құтқарған болады. Бірақ діни жазалар бұдан басқа. Ішкі жан дүниесінің есебі Аллаға қалады»[2].
يَقُولُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ : أَخْرِجُوا مِنَ النَّارِ مَنْ كَانَ فِي قَلْبِهِ مِثْقَالَ شَعِيرَةٍ مِنْ إِيمَانٍ ، ثُمَّ يَقُولُ : أَخْرِجُوا مِنَ النَّارِ مَنْ كَانَ فِي قَلْبِهِ مِثْقَالُ حَبَّةٍ مِنْ خَرْدَلِ مِنْ إِيمَانٍ
«Жүрегінде бидайдай, арпадай иманы болып: «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген адам жәһаннамнан шығады»[3].
Иманды жүрегімен қуаттамай тек тілмен айтқан адам мұсылман емес мұнафық болады. Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Иман тілмен айту(иқрар), жүрекпен бекіту (тасдиқ)» деген (Фиқһул Әкбар).
Әһлі сүннет уәл-Жамағат ғұламаларының барлығы осы көзқараста.
Иман негіздері (араб.: أركان الإيمان) Адам иман етпей, мұсылман болмайды, яғни иман – мұсылмандардың бес парызының алғашқысы әрі негізгісі. Иманның алты шарты бар. Олар:
1) Алла тағаланың бір екендігіне сену;
2) Періштелерге сену;
3) Алла тағала тарапынан түсірілген кітаптарға сену;
4) Пайғамбарларға сену;
5) Ақыретке, өлімнен кейін қайта тірілуге сену;
6) Тағдырға, жақсылықпен жамандықтың Алладан екендігіне иман ету.
Алла тағала Құранда:
﴿آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْهِ مِن رَّبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ ۚ كُلٌّ آمَنَ بِاللَّهِ وَمَلَائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لَا نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِّن رُّسُلِهِ ۚ وَقَالُوا سَمِعْنَا وَأَطَعْنَا ۖ غُفْرَانَكَ رَبَّنَا وَإِلَيْكَ الْمَصِيرُ ٢٨٥﴾
«Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де сенсің»[4] деді. Бұл алты шарттың біріне күмән келтіргеннің сенімі толық болмайды. Иман – тәсілім етуді қажет етеді. Ақылдың шектеулі өлшемімен шешілмейтін кейбір тылсым, әрі тұңғиық түйінді мәселелерді талқыға салмай, таразыламай тәсілім ету (қалтқысыз сену) керек. Иман – тақлиди иман және тахкики иман болып екіге бөлінеді. Тақлиди иман – қоршаған ортаның әсерімен немесе біреулерден естіп, соларға елітіп мақұлдау. Бұл иманның әлсіз түрі болып саналады.Тақлиди иман иесі мұсылман саналады. Бірақ ол адамға иман негіздерін жіті зерттеп үйренуі парыз болады. Олай жасамаса күнәһәр болады. Абай атамыз мұндай иманды сақтау үшін қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек деген. Тахкики иман – санамен саралап, ақылмен қуаттап, зерттеп іздену нәтижесінде толық көз жеткізу. Мызғымас бекем сенім болып табылатын мұндай иман «яқини иман»- деп те аталады.
Абай атамыз:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, Оның төрті,
Алланы танытуға сөз айырмас.
Әмәнту оқымаған кісі бар ма?
Уә кутубиһи дегенмен ісі бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.
Иман иесі- иман негіздерін, харамды халал, халалды харам санамайынша және Құран аятымен мутауатир сүннетпен келген кескінді, әрі нақты дәлелдерді жоққа шығармайынша мұсылман болып саналады.
muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан
[1] «Бақара» сүресі,136-аят.
[2] Бұхари, Иман-17, Мүсілім, Иман-8.
[3] Бұхари, Иман-33, Тирмизи, Жәһаннам-9.
[4] «Бақара» сүресі, 285-аят.