Елдің бүгінгі берекесі түрлі қоғамдық институттардың жауапкершілігіне, үйлесімді қызметіне байланысты. Ұлы дала дәстүрі тұрғысынан қарасақ, бізде ақсақалдардың орны да, жөні де бөлек.
Осыдан үш ай бұрын шымкенттік Жолымбет Ізбасарұлы деген зейнеткер баласының уатсабы арқылы мынандай хабар жіберіпті: «Біз ел тарихына, бабалар жолына адалмыз. Кезінде жолдамамен Ақмоланың Ерейментау ауданына барып, 13 жыл қызмет атқардым. Көп кітап жазған, араб-қазақ сөздігін әзірлеген дінбасы Садуақас Ғылмани туралы біраз мәліметім бар. Осы кісінің қызы Үкіжан апамен кездескенмін. Алдыңғы жылы сол кісінің «Өмірімнен ескерткіш» атты кітабы шыққан екен. Соның бір данасын қайдан алуға болады?».
Біз: «Аға, бұйырса, кітап қолыңызға тиеді. Сәл күтіңіз...» деп жауап қаттық.
Таяудағы Түркістан сапарына орай Шымкенттің бас имамы Бақдәулет Нұрматұлына хабарласып: «Қоғамда жақсы өзгерістер жүріп жатыр. Өзекті мәселелер де бар. Бірлесіп «Елдік мүдде және рухани құндылықтар» атты шара өткізуге қалай қарайсыз? Қаланың бір зейнеткерінен Қазақстан қазиы Садуақас Ғылманидың перзенті марқұм Үкіжан апамыздың кітабын сұраған хат алдым. Сол мұраны ақсақалдарыңызға тарту етсем» деп, ой салдым. Бәкең бірден қолдады. Шараға жауапты етіп орталық Ордабасы мешітінің бас имамы Ахметжан Керімбекті бекітті. Ахаңды да көптен білеміз.
Жұмадағы жүздесу имани құтхананың мәжіліс залында өтті. Шараға өңірдің ауылшаруашылығы мен өндірісіне еңбек сіңірген намазхан ардагерлер, түрлі этнос өкілдері жиналыпты.
Жиынды ашқан Бақдәулет Нұрматұлы Шымкент қаласының мәдениет тарихы Шығыс даналығымен ұштасатынын, Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Шаян мектеп-медреселерінің әлем ғылымына елеулі үлес қосқанын, шаһар халқының бүгінгі береке-бірлігінде имандылық ерекше рөл атқаратынын, Президенттің таяудағы Жолдауында көрсетілген міндеттерге жұртшылық көп үміт артып отырғанын жеткізді.
Біз Мемлекет басшысы Жолдауында зерделенген маңызды мәселелер, нақты жоспар-жобалар қоғамның барлық жігіне, соның ішінде еңбектің зейнетін көруге тиіс аға буынға да арналғанын айттық. Ата дәстүр, ата дін, ана тіліміз бен мың жылдық салт-санамыз елдік бастамалардың, халықтың әл-ауқатын көтеретін іс-әрекеттің қолдаушысы екеніне, осы Жолдаудағы әлеуметтік инфрақұрылымды, өндіріс пен ауылшаруашылығын, техника мен технологияны, цифрландыруды, жасанды интеллектіні дамытуға қатысты міндеттерді орындаудың қаржысы мен уақыты нақты қойылғанына, «Халықтық құрылыс» ұғымын кең әрі рәмізді тұрғыдан қарау қажеттігіне назар аудардық. Сондай-ақ қоғам санасының дұрыс бағытта қалыптасуына ең алғаш аға және орта буын жауапты екенін еске салдық.
Аға буын арасынан сөз алған Сексенбай Тұрысбек, Өмірзақ Байболат, Әміре Бекайдар қоғамдағы тоғышарлыққа, масылдыққа, дарақылыққа, дінбұзарларға қарсы екенін мәлімдеді. Жолдауды теледидардан көріп, Президенттің жаңа бастамаларына разы болғанын жеткізді.
«Маған ауылшаруашылығын дамытуға қатысты ойлары ұнады. Рахмет, көзқарас, бағыт дұрыс. Бірақ жергілікті жерге келгенде қиындықтар, әділетсіздіктер көбейіп кетеді. Мысалы, субсидия мәселесінде өтірік есеп аз емес. Біздіңше, соған арналған қаржының елеулі бөлігіне әр ауданда баяғы «МТС» сияқты аграрлық техника орталығын құрған жөн. Шаруа байғұста техника жоқ. Еңбекшілер нарық заманында сол орталыққа тапсырыс беріп, келісімді ақшасын төлеп, игілікке жетер еді» деді түбі сарыағаштық Өмекең.
Әбекең кейбір жастар ожданындағы ағаттықтарға тоқталып: «Соңғы кезде әлеуметтік желіде ата дінімізді мансұқтаған пікірлер көп жазылып жүр. Бұл масқара ғой! Мұндай арсыздық демократиялық елде де кем шығар. Есімізде, Мемлекет басшымыз Еуропада қайбір елбұзарлар Құранды өртегенде қатаң айыптаған. Ата дінімізге, оның құндылықтарына тіл тигізу – Құранды өртегенмен бір есеп. Осындай елбұзарлар бізден шығады деп кім ойлаған? Ондайлардың ата-анасы, ұстаздары қайда? Құқық қорғау мен қауіпсіздік салалары жүгенсіздікке тез шара қолданып, жауапқа тартқаны жөн» деп, ойын түйіндеді...
«Елдік мүдде және рухани құндылықтар» шарасының екінші бөлігі 31 баспа табақтан тұратын Үкіжан (Мүмина) Садуақасқызының «Өмірімнен ескерткіш» атты қомақты кітабын таныстыруға арналды. 97 жыл ғұмыр кешкен даңқты апамыз - діндар ғұламаның қызы. Әкесі 1929 жылдан бастап қуғындаланғанда ол кішкентай бүлдіршін екен. Соған қарамай бала жасында діндар әкесі үшін абақтыға қамалған... Атеизм жылдары әкесі көп еңбек жазса да, кітап етіп шығара алмаған. Қызы соның көбін (әсіресе өлеңдерін) жаттап алып, халыққа насихаттап отырған. Ол кісі біраз жыл Алматыдағы орталық музейде қызмет істеген. Соңында 11 дәптер қолжазба естелігі қалған. «Өмірімнен ескерткіш» - соның нәтижесі.
Жиынға қатысқан ақсақалдар бір жағынан Президент Жолдауы талаптарын қолдайтынын, әділеттікке сенетінін білдіріп, екінші жағынан дана әкесіне адал, ғасыр жасаған перзенттің мұрасына қол жеткізіп, ізгі көңілмен тарқасты. Солардың ішінде жолы жақсылықпен өрілген Жолымбет ағамыз да бар еді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті.
Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з
Тел: 8(7252)45-33-38