Барлық мақтау бүкіл әлемдердің жаратушысы Аллаға тән, Оның құлы әрі елшісі пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) болсын!
Тумақ, өлмек-тағдырдың шын қазасы,
Ортасы-өмір, жоқтық қой-екі басы.
Сағымдай екі жоқтың ортасында,
Тіршілік деп аталар біраз жасы,-деп Шәкәрім атамыз айтқандай, шектеулі фәни дүниенің бір күні соңы бар. Сол азғантай өмірімізді адам атына сай түрде өткізу ол – тек қана Алланың бізге жіберген дініне жармасу арқылы болмақ.
Қаблиса жырау:
Бірлігін Хақтың біліңіз,
Хақ жолымен жүріңіз,
Пәк болады дініңіз,- деп жырласа
Бұқар Жырау бабамыз:
Алла деген ар болмас,
Хақтың жолы тар болмас,
Құдайға мойын бұрмасақ,
Қысылтаяң күн туса,
Жаратқан өзі жар болмас.
Бес уақыт намаз оқысаң,
Ақырет күні иншАлла,
Тозақта жаның қор болмас,
Бір құдайдан қорық та,
Жайнамазбен бол жолдас, – деп өмірдің шектеулі екендігін, өлімнен кейінгі өмірге дайындық жасау керектігін үнемі еске салып отырған. Иман әлсіреген осы шағымызда қоғам бұзылып, әр нәрсенің берекесі кетуде. Бұдан тек қана мүміндер емес барлық адамзат жапа шекпек. Олай болса иманымызды арттырып, қуаттандыратын ізгі амалдарды көбірек жасауымызды Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін демекпіз.
Құрметті жамағат!
Адам – жаратылыстың мәні әрі сәні, ғаламның мазмұны, тіршіліктің өзегі. Тіршілік тұтастай адаммен тығыз байланыста. Адам баласы жаратушының бұйрығы, әмірі тікелей бағытталған, жаратушының өзі басқаларынан ақыл-ой, сана беріп ардақтаған, барлық махлұқатқа билігін жүргізе алатын қабілет берілген, жаратылыстың ішіндегі ерекше мақсатпен жаратылған дара жаратылыс. Алла Тағала Құранда:
﴿وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُم مِّنَ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَىٰ كَثِيرٍ مِّمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلًا ٧٠﴾
«Расында адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ оларды құрлықта да теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Һәм оларды жаратқандарымыздың көбінен неғұрлым артық жараттық»[1].
Міне, осындай көптеген нығмет иесі адам баласының ең негізгі жаратылу мақсаты: өзінің жаратушысын танып иман ету және оған құлшылық жасау, жаратушысының әмірлерін орындап, тыйымдарынан сақтану болып табылады. Абай атамыз: «Ақылды адамға – иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз»,- деген. Алла тағала Құранда былай дейді:
﴿وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ ٥٦﴾
«Расында, жындар мен адамдарды өзіме құлшылық жасау үшін жараттым»[2].
Алла тағала:
وَالْعَصْرِ ﴿١﴾ إِنَّ الْإِنسَانَ لَفِي خُسْرٍ ﴿٢﴾ إِلَّا الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَتَوَاصَوْا بِالْحَقِّ وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ ﴿٣﴾
«Заманға серт (1) Шын мәнінде адам баласы(барлығы) зиянда (2) Тек қана иман келтіргендер және ізгі амал жасағандар әрі бір-біріне шындықты үгіттеп, сабырды үгіттескендер(зиянға ұшырамайды, яғни құтылушылар) (3) »[3].
Жаратушысын танып оған иман келтіру жүректің нұры, рухтың азығы, әмірін орындап, тыйымдарынан тыйылу оған шынайы түрде сенгендігіміздің дәлелі, әрі жаратылу мақсатымызды дұрыс түсінгендігіміздің белгісі. Өйткені адамзат баласы өз жаратушысын лайықты түрде таныған кезде бақытты өмір сүреді. Құранда Алла Тағала:
الَّذِينَ آمَنُوا وَتَطْمَئِنُّ قُلُوبُهُم بِذِكْرِ اللَّهِ ۗ أَلَا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ ﴿٢٨﴾
«Иман келтіргендер Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын: Жүректер тек қана Алланы еске алумен тынышталады»[4].
Иман келтіріп ізгі амал жасағандардың сыйы жайлы Алла тағала «Әнфәл» сүресінің 2-3- аяттарында:
إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ إِذَا ذُكِرَ اللَّهُ وَجِلَتْ قُلُوبُهُمْ وَإِذَا تُلِيَتْ عَلَيْهِمْ آيَاتُهُ زَادَتْهُمْ إِيمَانًا وَعَلَىٰ رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ ﴿٢﴾ الَّذِينَ يُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ ﴿٣﴾
«Расында, мүміндер сондай, Алла еске алынған кезде жүректері қобалжиды, оларға аяттары оқылса сенімдері артып, Раббыларына тәуекел етеді. Сондай-ақ, олар намазды толық орындап, оларға берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Міне солар шынайы мүміндер. Олар үшін Раббыларының қасында дәрежелер және жарылқау әрі көркем несібе бар».
Назар салып қарасақ, иман етіп, ізгі амалдар жасау адам баласына осы дүниеде әрі ол дүниеде де көптеген жақсылықтар әкеледі екен. Дүние-ақыретіміз үшін берілген егістік іспетті. Олай болса бізді екі дүние бақытына жетуімізге себепкер болатын иман және амал дегеніміз не, осы ұғымға тоқталайық:
Иман сөзі – араб тіліндегі «ә-мә-нә (араб: آمن)» етістігінен туындаған түбір сөз болып саналады. Ал, жалпы иман ұғымы – бір адамның сөйлеген сөзін қуаттау, айтқанын қабыл ету, шын көңілімен қабыл ету, күмәнға жол берместен нақты, жүрекпен, шын ықыласпен сену деген мағыналарды береді. Иман еткен кісі «мүмін (араб: مؤمن)», иман етілген нәрселерге де «муминун биһ (араб: مؤمن به )» дейді.
Ал, иман сөзінің шариғаттағы мағынасы: Алла тағала тарапынан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әкелген нақты үкімдерді растап, ешбір күмәнсіз қабыл ету, әрі бұлардың хақтығына шын көңілмен сену, сенімін тілімен айтуы (иқрар) керек.
Анықтамаға қарасақ, иманның дұрыс болуы үшін Иман негіздерін жүрекпен бекіту (тасдиқ) және тілмен айту (иқрар) қажет.
muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан
[1] «Исра» сүресі, 70-аят.
[2] «Зарият» сүресі, 56-аят.
[3] «Асыр» сүресі.
[4] «Рағд» сүресі, 28-аят.