Мұхамеджан Естеміров, Шымкент қаласы бас имамының орынбасары, магистр

Жемқорлық пен парақорлық қазіргі таңда күрделі мәселелер болып тұр.  Сондай-ақ, бұл үлкен күнәлардың бірі. Мұны мемлекетіміз дамуына кері әсерін тигізетін өте жағымсыз құбылыс  десекте болады.

Ислам шариғатында жемқорлықтың үкімі – харам. Яғни үзілді-кесілді тыйым салынған үлкен күнәлдар қатарына жатады.

Бұл жөнінде Қасиетті Құран Кәрімде: “Уа, мүміндер! Алла Тағаладан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын. Алла Тағаладан қорқыңдар. Шәксіз Алла Тағала не істегендеріңді толық біледі. Сондай Алланы ұмытқан, Алла Тағала оларға өздерін ұмыттырған кісілер тәрізді болмаңдар. Міне солар бұзақылар” [Хашр сүресі, 18-19-аят].

Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар” [ Бақара” сүресі, 188 аят.] деген.

Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: “Алла Тағала пара берген және параны алғанды лағынеттеді” [Имам Бухари, Имам Муслим]. 

Зұлымдық ету мақсатында пара беру ауыр қылмыс. Сонымен қатар түрлі істі бітіру мақсатында пара беруге де болмайды.

Бірде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Абдуллаһ ибн Рабаханы (родиял-лаһу ъанһу) яһудилерге жібереді. Олар құрма бақтың салығын төлеуі тиіс еді. Сонда яһудилер Абдуллаһты (родиял-лаһу ъанһу) параға жыққысы келіп, оған түрлі сыйлық ұсынады. Олардың бұл ісіне ол: “Сендердің параларың заңсыз. Сондықтан біз оны қабыл етпейміз”, – деп жауап береді [Имам Малик]. 

Жалпы, жемқорлыққа алып баратын пара тіленушілік  қоғамды бұзады. Пара жүрген жерде әділетсіздік әділ орнына қабылданып, тыйым салынған нәрсеге рұқсат етіледі және әділетсіз шешім шығарылады. Залымдар істі өз пайдасына шешу мүмкіндігіне қол жеткізеді.

Мұнан бөлек, пара жүрген жерде жауапкершілік деген болмайды. Ислам параның қандай түріне болмасын тыйым салады. Тіпті сыйлық ретінде берілген параның өзі харам [ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі].

Қадірменді мұсылман қауым! Күмәнді нәрседен аулақ болыңыздар! Харамнан Алла Тағаланың Өзі сақтасын! Ата-бабаларымыз «Аз болса да берекесін берсін», «Қанағат қарын тойғызар», – деп босқа айтпаған. Демек, дүниеқорлыққа бой алдырып, діндегі тыйымдарды ескермеуге болмайды.      Әрбір жанұяда береке болса, қоғамда береке болады. Ал жемқорлыққа қарсы күресті – әрбір жан өз отбасынан бастап, ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабар – имандылықты ұстану қажет.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38