Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға мадақ, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) Алланың игілігі мен сәлемі болсын!
Құрметті мұсылман қауым, қадірменді жамағат! Өзін пайғамбармын деп ел ішін дүрліктіріп жүрген жалған пайғамбарлар төбе көрсетіп тұрады. Діни тақырыптан хабары аз қарапайым халық олардың жетегіне еріп, алдауына сеніп жатқанына да куәміз. Ал мұндай алаяқтардың басты мақсаты ел ішіне іріткі салып, аңқау халықты алдап, пайдаға кенелу екенін көп адам түсіне бермейді. Осы мақсатта, ұлтымыздың бірлігі мен халқымыздың амандығы, ұрпағымыздың болашағы үшін жалған пайғамбарлар мен нағыз пайғамбар жайында ақпарат бере кетуді жөн көрдік.
Ислам тарихына көз жіберсек, мұндай сорақылық біздің заманымыздан бұрын Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) уақытында да болғанын тарихтан білеміз. Жалпы пайғамбарлық адам баласына Алла Тағала тарапынан берілетін үлкен міндет. Пайғамбарлық оқумен, көп білумен жететін дәреже емес, бұл Алла Тағаланың өз әмірлерін жер бетіндегі құлдарына жеткізу үшін адамдардың арасынан таңдап алған сүйікті құлдары. Біз Алла Тағала тарапынан келген барлық пайғамбарларға иман келтіреміз және ең соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) екенін білеміз, одан кейін пайғамбар келмейтіндігі ақиқат. Өздерін пайғамбармыз деп жүрген адамдардың бұл әрекеті жалған. Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) көз тірісінде Мусәйлиматул Кәззаб, Сәжах Харис ибн Сууәйд (әйел), Әсуад ибн Зәйд және Туләйха ибн Хууәйлид әл-Әсәди деген төрт жалған пайғамбар шығып, Құран мәтіндеріне ұқсас жазбаларды оқып, қарамағына бірнеше ел жинаған еді. Бірақ олардың бәрі де қатаң жазаланған! Ал бүгінгі жайбарақат заманда өзін «пайғамбар» санағандардың діттегені не болды екен? Атақ па, абырой ма, мүмкін көкейлерін тескен ақша шығар. Әлде ақырзаман келгендігінің белгісі ме?
Мұхаммед (с.ғ.с) Алла Тағаладан келген соңғы пайғамбар екендігін Құран Кәрімде былай баяндалады:
﴿مَا كَانَ مُحَمَّدٌ اَبَا اَحَدٍ مِنْ رِجَالِكُمْ وَلٰكِنْ رَسُولَ اللّٰهِ وَخَاتَمَ النَّبِيّنَ وَكَانَ اللّٰهُ بِكُلِّ شَیْءٍ عَليمًا﴾
«Мұхаммед сендерден ешбір еркектің әкесі емес, бірақ Алланың Елшісі және пайғамбар-лардың соңы. Алла әр нәрсені толық білуші»[1]. Осы аяттан байқағанымыздай, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Алла Тағаланың елшісі және соңғы пайғамбары екендігін білеміз.
Және Мусайляма Кәззаб өзінің жалған пайғамбар екендігін жариялап Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) елшілерін жіберген оқиға Сәләма ибн Нуғайым ибн Мәсғұд Әшжәғи, Нуғайым әкесінен (р.а) риуаят еткен хадисте:
حَدَّثَنَا يَحْيَى بْنُ خَلَفٍ أَبُو سَلَمَةَ، حَدَّثَنَا وَهْبُ بْنُ جَرِيرٍ، حَدَّثَنَا أَبِي، حَدَّثَنَا مُحَمَّدُ بْنُ إِسْحَاقَ، حَدَّثَنِي شَيْخٌ مِنْ أَشْجَعَ، عَنْ سَلَمَةَ بْنِ نُعَيْمِ بْنِ مَسْعُودٍ، عَنْ أَبِيهِ، أَنَّهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللهِ صلى الله عليه وسلم، يَقُولُ: وَاللَّهِ لَوْلا أَنَّ الرُّسُلَ لا تُقْتَلُ، لَضَرَبْتُ أَعْنَاقَكُمَا قَالَ: فَكَتَبَ مَعَهُمَا: مِنْ مُحَمَّدٍ رَسُولِ اللهِ صلى الله عليه وسلم، إِلَى مُسَيْلِمَةَ الْكَذَّابِ، سَلامٌ عَلَى مَنِ اتَّبَعَ الْهُدَى، أَمَّا بَعْدُ، فَإِنَّ الأَرْضَ لِلَّهِ تَعَالَى يُورِثُهَا مَنْ يَشَاءُ مِنْ عِبَادِهِ، وَالْعَاقِبَةُ لِلْمُتَّقِينَ قَالَ: وَقَالَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وسلم: لا تَقُومُ السَّاعَةُ حَتَّى يَخْرُجَ ثَلاثُونَ كَذَّابًا، كُلُّهُمْ يَزْعُمُ أَنَّهُ نَبِيٌّ
«Мен Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Аллаға ант етемін, егер де «Елшілерді өлтіруге болмайды» деген қағида болмаса, бастарыңды шауып тастайтын едім» – дегенін естідім, сосын Пайғамбарымыз осы келген елшілерден (Мусайляма Кәззаб жіберген): Алланың Елшісі Мұхаммедтен (с.ғ.с) өтірікші болған Мусайлямаға: «Тура жолмен жүргендерге Алланың сәлемі болсын, расында бүкіл жер Алланікі, оны өзінің қалаған құлдарына ғана мирас қылады. Ақырет (ақыреттің нығметтері) тек тақуалар үшін», – деп жауап хат жазды да, сөзін былай деп жалғастырды: «Отыз өтірікші шықпағанша қиямет қайым болмайды және олардың барлығы өз-өздерін Пайғамбар деп ойлайды», – деді.[2]
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің тағы бір хадисінде былай деп баяндайды:
و ابْن عَبَّاس رَضِيَ اللَّهُ عَنه قال: قَدِمَ مُسَيْلِمَةُ الكَذَّابُ عَلى عَهْدِ رَسُول اللَّهِ صل الله عليه وسلم فَجَعَلَ يَقُولُ: إن جَعَلَ لِي مُحَمّدٌ الأمْرَ مِنْ بَعْدِهِ اتّبَعْتُهُ، وَقَدِمَ الْمَدِينَةَ في بَشَرٍ كَثِيرٍ مِنْ قَوْمِهِ، فَأقْبَلَ إلَيْهِ رَسُولُ اللَّهِ صل الله عليه وسلم وَمَعَهُ ثَابِتُ بْنُ قَيْسِ ابْنِ شَمّاسٍ، وَفِى يَدِ رَسُولِ اللَّهِ صل الله عليه وسلم قِطْعَةُ جَرِيدٍ حَتّى وَقَفَ عَلَيْهِ في أصْحَابِهِ، فَقَالَ: لَوْ سَألْتَنِي هذِهِ الْقِطْعَةَ مَا أعْطَيْتُكَهَا، وَلَنْ تَعْدُو أمْرَ اللَّهِ فِيكَ، وَلَئِنْ أدْبَرْتَ لِيَعْقِرَنّكَ اللَّهُ، وَإنِّي لأرَاكَ الّذِي أُرِيتُ فيكَ مَا أُرِيتُ. قَالَ ابْنُ عَبَّاس: فَسَأَلْتُ عَنْ قَوْلِ رَسُولِ اللَّهِ صل الله عليه وسلم، وَإنَّكَ الّذِي أُرِيتُ فِيكَ مَا أُرِيتُ، فأخْبِرَنِي أبُو هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنه، أنَّ رَسُولَ اللَّهِ صل الله عليه وسلم قَالَ: بَيْنَا أنَا نَائِمٌ رَأيْتُ فِي يَدَيَّ سِوَارَيْنِ مِنْ ذَهَبٍ فَأهَمَّنِي شَأنُهُمَا، فَأوْحَى اللَّهُ تَعَالَى إلَيَّ أنِ انْفُخْهُمَا، فَنَفَخْتهُمَا، فَطَارَا فَأوَّلْتُهُمَا كَذَّابِينَ يَخْرُجَانِ مِنْ بَعْدِي، وَكَانَ أَحَدُهُمَا الْعَنَسِيَّ صَاحِبَ صَنْعَاءَ، وَالأخَرُ مُسِيلَمَةَ صَاحِبَ الْيَمَامَةِ. أخرجه الشيخان.
Ибн Аббастан (р.а) жеткен риуаятта:
Мусайляма Кәззаб Мәдина қаласына өз қауымнан болған бір топ жақтастарымен Мұхам-медтің (с.ғ.с) алдына келіп: «Егер басшылықты өзіңнен кейін маған қалдыратын болсаң, сенің артыңнан ерушілерден боламын», – деп сөз бастады. Сол сәтте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қасында Сәбит ибн Қайс ибн Шәмс және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мүбарак қолында құрма ағашының бір тал бұтағы бар еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мусайляма Кәззабқа: «Сен менен осы бұтақты сұрасаң да оны саған ешқашан бермеймін! Алла Тағала сен жайында берген әмірге ешқашан қарсы келе алмайсың. Егер де сен итағат етпесең, Алла Тағала міндетті түрде сені жоқ қылады және мен сені маған көрсетілген сияқты көріп тұрмын», – деді. Мен Ибн Аббастан Пайғамбары-мыздың: «Мен сені маған көрсетілген сияқты көріп тұрмын» деген сөзді не мақсатта айтқан? – деп сұрадым. Әбу Хурайра (р.а) маған былай деп жауап берді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай айтқан еді: «Бір күні түсімде, қолымда екі алтын білезік көрдім және түсімде көрген екі нәрсе жайында қам жедім. Алла Тағала: «Оларға үрле!» – деп уахи етті, мен үрлегенде олар ұшып кетті. Мен оларды, менен кейін шығатын екі өтірікші деп түсіндім», – дейді. Убайдулла: «Осы екеуінен біреуі Санға жерінің иесі аль-Анаси, екіншісі Ямама жерінің иесі Мусайляма», – деген.[3]
Алла Тағала Пайғамбарымызға ерекше сипаттар берген. Бұл сипаттар тек қана оның бойында болатын қасиеттер:
- Сыддық: Пайғамбарлар шыншыл. Олар ешқашан жалған сөйлемейді.
- Аманат: Олар сенімді. Аманатқа қиянат жасамайды. Кез-келген мәселеде оларға сенуге болады.
- Тәблиғ: Хақ Тағаланың әмірлері мен тыйымдарын еш нұқсансыз және ешкіммен қорықпай жариялайды.
- Фәтәнәт: Асқан ақыл иелері.
- Исмәд: Күнәсіз, күнә істеуден Алланың құдіретімен сақталған.
Имам Табари: «Пайғамбарлардың соңы»[4] –деген аяттың мағынасын: «Мұхаммед (с.ғ.с) пайғам-бардың келуімен пайғамбардың есігі жабылды, бұдан былай қияметке дейін пайғамбар келмейді», – деп түсіндірген. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген:
إِنَّ مَثَلِي وَمَثَلَ الأَنْبِيَاءِ مِنْ قَبْلِي كَمَثَلِ رَجُلٍ بَنَى بَيْتًا فَأَحْسَنَهُ وَأَكْمَلَهُ، إِلا مَوْضِعَ لَبِنَةٍ مِنْ زَاوِيَةٍ مِنْ زَوَايَاهُ فَجَعَلَ النَّاسُ يَطُوفُونَ وَيَعْجَبُونَ لَهُ وَيَقُولُونَ: هَلا وُضِعَتْ هَذِهِ اللَّبِنَةُ؟ قَالَ: فَأَنَا اللَّبِنَةُ، وَأَنَا خَاتَمُ النَّبِيِّينَ
«Менен бұрын келген пайғамбарлардың мысалы әдемілеп, сәндеп үй соққан кісі секілді, бірақ үйдің бұрышынан бір кірпіштің орнын бос қалдырған екен. Көпшілік бұл үйді айналып, әдемілігін көріп, таңырқайды, бірақ: «Мына кірпіштің орны неге бос тұр» деп таңданады. Міне, мына мен сол кірпішпін, мен соңғы елшімін», – деген. Басқа сөзінде: «Мен соңғымын, менен кейін пайғамбар келмейді»,[5] – деген.
Бұл дәлелдермен қатар мынадай тұжырымдар да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) соңғы елші екендігін көрсетеді:
- Алдыңғы пайғамбарлардың барлығы дінді тарату міндеттерін толық орындау үшін шектеулі бір қауымға, белгілі бір уақытқа ғана келген. Ал Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың дінді тарату міндеті барлық адамдарға және белгілі бір мекенмен, қауыммен шектелмей, ақиретке дейін жалғасатын барша адамзатқа елші болып келген. Міне, сондықтан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) діні ақиретке дейін жалғасатындықтан, басқа пайғам-бардың келуіне қажеттілік жоқ.
- Алдыңғы пайғамбарларға түскен киелі кітаптар (Тәурат, Інжіл) бұрмаланып, өзгертіліп, дұрысы мен бұрысын ажырату қиын жағдайға жетті.
Ал, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) түскен Құран кәрім Алланың қалауымен бір әрпі де өзгертілмей, көктен түскен күйінде сақталды. Құран мұсылмандардың көкірегінде жатталуы арқылы сақталды, тіпті араб тілін білмейтіндер де Құранды жатқа білді әрі түрлі жазу құралдары арқылы да сақталды. Сондай-ақ Алла Тағала:
﴿إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ﴾
«Шындығында, Құранды біз түсірдік әрі оны міндетті түрде біз сақтаймыз»[6] – деп уәде берген, сондықтан басқа пайғамбардың жаңа дінмен келуі қажет емес.
- Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әкелген шариғаты қияметке дейін жарамды, ешбір кемшіліксіз, әр заманға сай қоғамның бүкіл қажеттіліктерін өтей алатын қабілетке ие. Ал алдыңғы пайғамбарлар-дың шариғаттары тек өздері өмір сүрген заманға ғана тәуелді.
- Бұрынғы пайғамбарлардың үмбеті күн өте келе азайып, тіпті өз пайғамбарларының өсиеттері мен көрсетіп кеткен үлгілерін ұмыта бастаған, ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмбетінің күн өткен сайын саны артуда және айтып кеткен хадистері мен істеген ізгі іс-әрекеттерін үлгі тұтып, еш ұмытпастан ұрпақтан ұрпаққа беріп келеді.
Осындай ерекшелікке ие Расулулла (с.ғ.с) адамзат баласының соңғы елшісі болып табылады. Олай болса, Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздан кейін Алладан Елші келмейді де. Өйткені бұл – Алла Тағаланың уәдесі.
Алла Елшісі екінші хатын Дихиәтул-Кәлби арқылы Ираклийге жіберді. Ираклий – Рим императоры. Оған жолданған хатта мыналар жазылған-ды:
«Алланың Елшісі – Мұхаммедтен Рим патшасы Ираклиге! Алланың сәлемі тура жолға түскендерге болсын! Мен сені Исламға шақырамын. Мұсылман бол да, саламат тап. Сонда Алла саған сауабыңды екі есе береді. Егер теріс қарасаң, онда барлық ақиқатты жоққа шығарғандардың обалы сенің мойныңда.
Ей, Кітап иелері, келіңдер, арамыздағы ортақ сөзде бірігейік. Алладан басқасына құлдық етпейік, Оған ешқандай да ортақ қоспайық және Алланы қойып, бір-бірімізді құдай орнына қоймайық. Егер олар сонда да жүздерін бұрса, онда: «Біздің мұсылман болғанымызға куә бол деңдер».
Бұл сөздер Ираклийге айрықша әсер етеді. Сол күні жақын жерде Әбу Суфиян жүрген болатын. Император мен Әбу Суфиян арасындағы әңгіме былайша өрбиді. Ираклий:
– Бұл адамның нәсілі қандай?
– Текті, ақсүйек нәсілге ие.
– Бұрынғы ата-бабаларынан осындай пікірде болғандар бар ма еді?
– Жоқ, болған емес.
– Ата-бабалары арасында патша болғандар бар ма?
– Жоқ, болған емес.
– Оған ілескендер әлсіздер ме, әлде бай-бақуаттылар ма?
– Көбісі әлсіз жандар.
– Жамағаты азаюда ма, әлде көбеюде ме?
– Күн өткен сайын көбеюде.
– Жалған сөйлеген жері болды ма?
– Жоқ, оның ешқашан жалған сөйлегенін көрмедік.
– Опасыздық жасаған жері болды ма?
– Бұдан кейінгісін қайдам. Бүгінге дейін жасаған жоқ.
Міне, Әбу Суфиян ол кезде әлі мұсылмандықты қабылдамаған әрі Алла Елшісінің адуынды дұшпаны болатын. Осы әңгімелесудің соңғы сөзінде ғана көңілге аздап күмән ұялатар сөз айтты.
Ираклий Әбу Суфиянның берген жауабын қайталап, осы айтылғандардың бәрі Алла Елшісінің пайғамбарлығына дәлел екенін айтады. Содан өзінің епископын шақырып алып, одан да осы жайлы сұрайды. Сонда екеуінің пікірі бір жерден шығады. Император иманын жариялап: «Көп ұзамай, мына менің аяғым басқан жерлердің барлығы түгелдей соныкі болады», – дейді. Көп кешікпей айтқаны айдай келді.
Бірақ поптардың келіспеуінен қорыққан Ираклий сөзін өзгертіп: «Мен сендердің қаншалықты діндеріңе берік екендеріңді білейін деп, әдейі сендерді сынадым», – дейді. Епископқа келсек, иман келтіріп, Алла Елшісіне алыстан серт береді. Міне Пайғамбарымыздың дұшпаны болған Әбу Суфиян оған осындай баға беруде ақиқат деген осы. Ақиқат ол дұшпанының да мойындауы деген.
Отызға жуық жалған пайғамбарлардың шығуы, әрқайсысы өзін Алланың елшісімін деп сендіруі қияметтің белгілерінен екенін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінен байқаймыз. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Отызға жуық дажжалдар мен алаяқтар жіберілмейінше және олардың барлығы өздерін «Алланың елшісіміз» демейінше, қиямет болмайды», – деген.
Сәубаннан (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Менің үмбетімдегі адамдар мүшріктерге (көпқұдай-шылдарға) қосылмайынша және үмбетімнің бір бөлігі пұттарға табынбайынша, үмбетімнен өзін пайғамбармын деп атайтын отыз өтірікші шықпайынша, Қиямет Күн болмайды. Расында, мен ең соңғы пайғамбармын, менен кейін ешқандай пайғамбар болмайды».[7]
Адамзаттың ардақтысы, екі дүниенің Сұлтаны – Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Мұстафаның бойындағы асыл қасиеттер өздерін пайғамбармыз деп санап жүрген жалған пайғамбарлардың бойынан бірі де табылмақ емес. Мұхаммедтің (с.ғ.с) бойындағы сипаттар:
- Көп сөйлемейтін.
2. Жаман сөз айтпайтын.
3. Өзгелермен ерегіспейтін.
4. Сөзі мен ісі сай келетін.
5. Әрқашан ойланып жүретін.
6. Берген уәдесіне берік болатын.
7. Салақтықты жаны қаламайтын.
8. Ешкімнің кемшілігін іздемейтін.
9. Сыпайы және кішіпейіл болатын.
10. Туған-туыстарын құрмет тұтатын.
11. Адал болған азықты алып жейтін.
12. Ретсіз не болса, соны сөйлемейтін.
13. Әрдайым байсалдылық танытатын.
14. Дүние істеріне бола ашуланбайтын.
15. Көрші ақысына қатты көңіл бөлетін.
16. Жүрегі өте жұмсақ, сезімтал болатын.
17. Күмәнді нәрселерден өте сақ болатын.
18. Баршаның қайғы-қасіретіне ортақтасатын.
19. Пайдасыз нәрселермен еш айналыспайтын.
20. Көңілі ұнатпаған мәселеде үнсіз қалатын.
21. Кімге болса да бірінші болып сәлем беретін.
22. Кешірімділігі соншалықты – кек сақтамайтын.
23. Адамдардың әрдайым табысқа жетуін тілейтін.
24. Әркіммен ақылы мен түйсігіне қарай сөйлесетін.
25. Сөйлегенінен гөрі ой үстінде жүруі көп болатын.
26. Жеке басы үшін ашуланып, өзгеден өш алмайтын.
27. Айыбы мен кемшіліктері үшін ешкімді кекетпейтін.
28. Адамдардың қасынан ақырын және күлімдеп өтетін.
29. Сөйлеген кезде айналасындағыларды баурап алатын.
30. Өзгелер үшін жақсылық әкелмейтін сөзді айтпайтын.
31. Жүзінен әрдайым нұр төгіліп, жайдары болып жүретін.
32. Әдетте, жаман сөздерді аузына алмайтын.
33. Сөйлеген кезде кем сөйлеп немесе артық сөз айтпайтын.
34. Үй иесі рұқсат бермейінше, табалдырығынан аттамайтын.
35. Шындық пен адалдыққа келгенде, алдына жан салмайтын.
36. Киім кигенде мақтаншақтыққа жол бермей, орташа киінетін.
37. Ақиқатқа қайшы келетіндей сүйіспеншілікті қабыл етпейтін.
38. Шаш пен сақалдың үрпиіп, шатасып тұрғанын құптамайтын.
39. Ешкімнің бетіне келіп немесе артынан айыптап кінә артпайтын.
40. Сөйлесіп тұрған кезде жүзін басқа жаққа бұрып алып кетпейтін.
41. Жетімдердің басынан сипап, оларға қамқор болуды бұйыратын.
42. Кез-келген мәжіліске қатысқанда жеке дара бөлініп отырмайтын.
43. Киімнің әдемі киілуін әмір етіп, масқаралыққа түсуін ұнатпайтын.
44. Есігін қағып жәрдем сұрай келген кісінің бетін қағып қайтармайтын.
45. Балалардың бақытты болуын тілеп, оларды қарғауға тиым салатын.
46. Ар-ұяттың күштілігінен қатты дауыспен күлмейтін, тек күлімдейтін.
47. Адамзаттың ардақтысы болса да, ел қатарлы қарапайым өмір сүретін.
48. Сөйлеген сөздері тізілген моншақтай тартымды, әрі берекетті болатын.
49. Кедейлердің жабырқау көңілдерін көтеріп, оларға мейірбандық танытатын.
50. Сауда-саттықта әдептілігі сондай – ел оны сенімді («әл-Әмин») деп сипаттайтын.
51. Адамдардың ең жомарты болса да, оның жомарттығы оразада тіптен арта түсетін.
52. Кедейлермен қатар отырып тамақтанатыны сондай – олардан ерекшеленіп тұрмайтын.
53. Ізін басқан достарына: «Бұл дүниеде бір бейшарадай, яғни жолаушы секілді бол!» дейтін.
54. Күнә не, сауап не, әмір не, тыйым не екенін білмейтін адамдардың жағдайына қайғыратын.
55. Өзіне дұшпандық жасағандарды кешіріп қана қоймай, оларға құрмет пен мархамат танытатын.
56. Қиыншылыққа немесе әлдеқандай жағдайға түскен кезде әдепсіздікке салынып ашуланбайтын.
57. Қасында отырып ең соңынан сөйлеген кісілердің өзін бірінші кісіні тыңдағандай мұқиятпен тыңдайтын.
58. Адамзат баласының ең мәртебелісі болса да, достарына: «Мені Алланың құлы, әрі елшісі деп атаңыздар», – дейтін.
59. Әйел заты адамдық қасиеттен айрылып қорланған дәуірде: «Жәннат аналардың аяғының астында», – деп, оларға құрмет көрсетілуін айтып, дәрежелерін көтеретін.
60. Ол әрдайым таңертең үйінен шығарда: «Иә, Раббым! Тура жолдан адасудан және адастырылудан, алданудан және алдандырылудан, хақсыздық етуден және хақсыздыққа бас ұрудан, құрметсіздік етуден және құрметсіздік етілуден саған сыйынамын», – дейтін.
Өзін пайғамбармын деп жариялаушылар қазіргі уақыттың өзінде алысқа бармай-ақ өз елімізде де шығып жатқаны жасырын емес. Мысал келтіретін болсақ, Нұрәлі және Абзал атты азаматтар «Мен пайғамбармын» деп жар салуда, өзін пайғамбармын деп адасуда. Бұлардың жалған айтулары өздерін жалған пайғамбармын деп жариялауында. Алла Тағала баршамызды осындай адасушылықтан сақтасын. Өйткені, жоғарыда айтылған аят хадистерге сүйене отырып соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) екендігін күмәнсіз айта аламыз. Осындай келеңсіз оқиғалар ақырзаман белгілерінен болып есептеледі.
Құранда Алла Тағала:
﴿… الْيَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ الْإِسْلَامَ دِينًا ۚ فَمَنِ اضْطُرَّ فِي مَخْمَصَةٍ غَيْرَ مُتَجَانِفٍ لِّإِثْمٍ ۙ فَإِنَّ اللَّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ ٣﴾
«Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тәмәмдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым».[8] Қорыта айқанда, Ислам діні – ең соңғы дін, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) ең ақырғы пайғамбар екендігін бұдан кейін пайғамбар келмейтіндігін, шариғаты қиямет күніне дейін жалғасатындығын баяндауда.
Сондықтан, құрметті мұсылман қауым, дініміз – Ислам, Кітабымыз – Құран, Пайғамбарымыз – Мұхаммед екенін әрдайым естен шығармай, алаяқтардың алдауына ермей, әрқашан ата-бабамыз ұстанған хақ жолмен жүрейік!
muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан
[1] «Ахзаб» сүресі, 40-аят.
[2] Ибн Аби Ғасим, Ахад уа масани.
[3] Бұхари, Мүсілім.
[4] «Ахзәб» сүресі, 40-аят.
[5] Бұхари.
[6] «Хижр» сүресі, 9-аят.
[7] Бухари; Мүсілім; Ахмад 5/278; Әбу Дәуіт 4252.
[8] «Мәида» сүресі, 3-аят.