XVIII-XIX ғасырлар арасында өмір сүрген Шал ақын (шын аты-Тілеуке Құлекеұлы 1748-1819жж.) бір өлеңінде:

    Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы,

    Атадан арыстан туып ассаңдағы,

    Алладан шыныменен жарлық келсе,

    Жұлдыз да жерге түсер аспандағы

    Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,

    Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң… – депті. Міне, осы жыр шумақтарындағы «Алладан шыныменен жарлық келсе, Жұлдыз да жерге түсер аспандағы…» – деген өлең жолдарынан  дүниенің бір соңы бар екенін, ол күнді халқымыз баяғыдан-ақ біліп, «Заманақыр, ақырзаман, қиямет-қайым, қиямет күні, қиямет…» т.б. әртүрлі атаулармен атап келгенін көреміз.

Қиямет күнінің (ақырзаман) болатыны жайлы Алла Тағала тарапынан түскен кітаптардың барлығында айтылады және барлық діндердің сенімінде бар. Мұсылман адамның иманы дұрыс болуы үшін қияметке, өлімнен кейінгі өмірге еш күмәнсіз сенуі керек.

Құранда қияметпен байланысты мынадай сөздер бар: әс-Сағат (уақыт), әл-Уақия (нақты түрде болатын), әт-Тамматул кубра (үлкен апат, үлкен азап), әл-Хаққа (ақиқат болған), әл-Ғашия (азабымен бірден орап әкететін) т.б.

 Қасиетті Құранда, ақырзаманның, яки қияметтің қашан болатыны тек Аллаға ғана мәлім екені айтылған. Мысалы, «Нәміл» сүресінің 65-аятында:

﴿قُلْ لَا يَعْلَمُ مَنْ فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ الْغَيْبَ إِلَّا اللَّهُ﴾

«Көктер мен жердегі көместі Алладан басқа ешкім білмейді», – делінген.

Бұл дүниенің соңы бар екеніне еш күмән келтірмейміз. Бірақ бұл дүниенің соңы дегеніміз жер шарының соңы емес. Шариғатымыздан білгеніміздей, бұл жерде басқа өмірдің басталуы – мәңгілік ақырет өмірі туралы. Бірақ осы жалған өмірдің қай күні бітетіні тек қана бір Аллаға мәлім. Ол күн туралы жіберілген Пайғамбар мен періште де хабардар емес.  Пайғамбарымызға (с.ғ.с) Жәбірейіл періште адам кейпінде келіп, бірнеше сұрақтар қойған. Солардың бірі – «Қиямет қашан болады?» – деген сұрақ. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ол туралы сұралушы сұраушыдан жақсы білмейді», – деп жауап береді. Яғни, мен де, сұрап тұрған сен де, басқа жан да білмейді. Пайғамбарымыздан мүшріктер қиямет сағаты туралы сұрайды. Ал, қиямет  туралы Алладан басқа ешкімге белгісіз еді. Сонда Алла Тағала былай деп жауап береді:

 ﴿يَسْأَلُونَكَ عَنِ السَّاعَةِ أَيَّانَ مُرْسَاهَا  قُلْ إِنَّمَا عِلْمُهَا عِنْدَ رَبِّي لَا يُجَلِّيهَا لِوَقْتِهَا إِلَّا هُوَ  ثَقُلَتْ فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ  لَا تَأْتِيكُمْ إِلَّا بَغْتَةً  يَسْأَلُونَكَ كَأَنَّكَ حَفِيٌّ عَنْهَا  قُلْ إِنَّمَا عِلْمُهَا عِنْدَ اللَّهِ وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَ النَّاسِ لَا يَعْلَمُونَ ١٨٧﴾

«Мұхаммед (с.ғ.с) Олар сенен қияметтің қашан болатынын сұрайды, «шынында оның мәліметі Раббымның қасында, оның мезгілін ол ғана білдіреді. Көктер мен жердегі ауыр жағдай (қиямет) сендерге кенеттен–ақ келеді» -де. Сен оны зерттеп отырғандай-ақ сұрастырады. Шынында оның білімі Алланың қасында, бірақ адамдардың көбі оны түсінбейді»,– де.[1]

Бұл хабардан бізге белгілі болғандай, осы өмірдің біту уақыты және қиямет күнінің басталуы белгілі. Ал, ол уақыттың қашан келетінін тек Аллаға аян. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қиямет қайымның қашан болатындығын сұрағандарға ұдайы: «Оның уақытын Алла Тағала біледі», – деп жауап беретін. Тағы бір хадистерінде  Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  «қиямет қайым қашан болады?» – деп сұраған адамға: «Ол күн үшін не дайындадың?» – деп жауап берген. Демек, мұсылман адам үшін ең маңыздысы қиямет күнге дайындық жасау. Дегенмен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қиямет қайымның  уақытын айтпағанымен, көптеген хадистерінде оның белгілері туралы хабарлар берген.   Бұл белгілерді ғұламаларымыз  екіге бөледі: 1) кіші белгілері; 2) үлкен белгілері.

Мұсылман адам қияметтің белгілеріне атүсті қарауына болмайды. Өйткені, біз қияметтің алдында өмір сүрудеміз. Жан-жағымызда болып жатқан қиямет белгілеріне мән беру арқылы иманымызды күшейтуге мүмкіндік бар. Бейғамдық мұсылманды иманнан алыстатып, тақуалықтан тосады һәм қиямет азабын ұмыттырады. Қияметтің кіші белгілерінің кейбірі болып кетті және кейбірі дәл қазір жер бетінде болып та жатыр. Әр нәрсенің тозығы жеткенде жарамсыз болып немесе сапасының төмендейтіні секілді қияметке жақын адам баласы азып-тозып, хақиқи сипатынан ажырап, дүниенің де жүйесі бұзыла бастайды. Бұлар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде айтылған кіші белгілер қатарына кіреді.

Қияметтің кіші белгілері.

  1. 1. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жер бетіне пайғамбар болып жіберілуі қияметтің алғашқы белгілерінен. Себебі, Ол (с.ғ.с) Сәһл ибн Сағдтан (р.а) келген хадисте:

عن سهل بن سعد رَضِيَ اللَّهُ عَنْه قال: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ: بُعِثْتُ أنَا وَالسَّاعَةَ كَهَاتَيْ وَأشَارَ بِأصْبُعَيْهِ السَّبَّابَةِ وَالّتِي تَلِيهَا

 «Қиямет пен мен бірге былай жіберілдім», –деп сұқ саусағы мен ортаншы саусағын қимылдатып көрсеткен.[2] Бұл хадисте ғұламаларымыз: сұқ саусақпен ортаңғы саусақтың жақын екені белгілі. Яғни, қияметтің өте жақын екенін меңзейді. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с) соңғы пайғамбар, одан кейін еш пайғамбар болмайтындығын, қиямет сағатының өте жақын екендігін, әрі оның әкелген діні қияметке дейін жалғасатындығына дәлелдер бар деген.

2.Фитнаның (бүлік) шығуы, мұсылмандар-дың арасында үлкен, кіші әртүрлі  фитнаның белең алуы. Бүліктің кең тарауы соншама ешбір үй одан аман қалмайды, фитнаның басы ардақты сахаба Осман (р.а) өлімінің басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасын табуы, мұсылмандар өлімі көбеюі, мұсылманның мұсылман бауырына қару көтеруі, мақсаттары бір мұсылмандардың арасындағы бүлік.  Қазір тыныш жүрген кісінің өзі неше түрлі бүліктің бел ортасында өмір сүруде. Телеарналарда, әр түрлі журналдарда, интернет сайттарында арсыздықты насихаттайтын бейне-көріністердің көбеюі. Соның дәлелі жастар арасында ұялы телефон арқылы көшіріліп, көбейтіліп жатқан харам видеолар мен суреттерді көріп тамашалау сынды көптеген бүліктер біздің қоғамда кеңінен өршіп тұр. Бұған өсім жеу, парақорлық, арақ-шарап сияқты харам сауда, анайы киім-кешек саудасы секілді харам дүние-мүліктің бүлігін  қосып қойыңыз. Қазіргі таңда бұл бүліктердің адамдар арасына дендеп кіргені сонша, Құдайдан қорқатын тақуа адам қоғамда бөтен болып көріне бастады. Алладан қорқып бұл арсыздықтардан аулақ болған жан ғана  бүліктерден аман қалмақ.

عن أنسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْه قال: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ: يَكُونَ بَيْنَ يَدَى السَّاعَةِ فِتَنٌ كَقِطَعِ اللَّيْلِ الْمُظْلِمِ، يُصْبِحُ الرَّجُلُ مُؤْمِناً وَيُمسِي كَافِراً. وَيُمْسِي مُؤْمِناً وَيُصْبِحُ كَافِراً، وَيَبِيعُ أقْوَامٌ دِينَهُمْ بِعَرَضٍ مِنَ الْدُّنْيَا. أخرجه الترمذي.

Әнәс ибн Мәліктің (с.ғ.с) жеткізген хадисінде: «Қиямет болудан бұрын қою қараңғы түннің бөліктеріндей фитналар (бүлікте) болады. Ол кезде адамдар мүмін күйінде таң атырып, кәпір болып кеш батырады, мүмін болып кеш батырып, кәпір күйінде таң атырады және болмашы дүниелік пайда үшін  дінін сатады»[3], – делінген. Яғни хадисте, имандылықтың соншама әлсірейтіндігі адамның  бір тәулікте осыншама құбылатындығы бүліктің қаншалықты үлкен болатындығын білдіреді. Осындай кезде, дініне берік болған адам қолына шоқ ұстағанмен бірдей екендігі  хадистерде айтылады.

  1. Соғыс, шапқыншылықтың көбеюі. Себеп-сіз адам өлімінің көбеюі.

عن أبي هريرة رَضِيَ اللَّهُ عَنْه قال: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ :لا تَقُومُ السّاعَةُ حَتّى يَكّثُرَ الْهَرْجُ. قَالُوا: وَمَا الْهَرْجُ؟ قَالَ: الْقتْلُ، القَتْلُ

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Әбу Һұрайрадан кел-ген хадисінде:  «Ақырзаман  һәрж көбеймейінше,  басталмайды», – дейді. Сонда жанындағылар «Һәрж деген не?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Өлім, Өлім», – деп жауап береді.[4] Сол сияқты хадисте:

عنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رضي الله عنه قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:  وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ، لَا تَذْهَبُ الدُّنْيَا حَتَّى يَأْتِيَ عَلَى النَّاسِ يَوْمٌ لَا يَدْرِي الْقَاتِلُ فِيمَ قَتَلَ، وَلَا الْمَقْتُولُ فِيمَ قُتِلَ، فَقِيلَ: كَيْفَ يَكُونُ ذَلِكَ؟ قَالَ: الْهَرْجُ، الْقَاتِلُ وَالْمَقْتُولُ فِي النَّارِ

«Жанымның иесінің атымен ант етейін! Кісі өлтіруші өзінің не үшін өлтіргенін, ал өлген адам өзінің не үшін өлгенін білмейтін уақыт келмейінше ақыр заман болмайды», – делінген. Сонда қасындағылар: «бұл қалайша болады?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Өлтіруші де, өлуші де тозаққа кететін өлтірулер болады», – деген.[5]

Дүние жүзінде болып жатқан әртүрлі соғыстар, көтерілістер, қан төгіс қырғындар осыған дәлел.

Мысалы:

– Бірінші дүниежүзілік соғыс: 15 миллион адам;

– Екінші дүниежүзілік соғыс: 55 миллион адам;

– Вьетнам соғысы: 3 миллион адам;

– Ресей азаматтық соғысы: 10 миллион адам;

– Испан азаматтық соғысы: 12 миллион адам;

– Ирак-Иран соғысы: 1 миллион адам ажал құшқан.

عن حذيفة رَضِيَ اللَّهُ عَنْه قال: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ: وَالّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لا تَقُومُ السَّاعَةُ حَتّى تَقْتُلُوا إمَامَكُمْ وَتَجْتَلِدُوا بِأسْيَافِكُمْ وَيَرِثَ دُنْيَاكُمْ شِرَارُكُمْ

Хузайфаның (р.а) жеткізген хадисінде: «Жанымның иесінің атымен ант етейін! Басшыларыңызды өлтірмейінше, бір-біріңізге қылыш сермемейінше және дүние мүлікке (басшылыққа) ең жамандарыңыз ие болмайынша қиямет болмайды», – деген.[6] Бүгінде болып жатқан әр түрлі басшыға қарсы келу, мұсылмандардың бір біріне қару кезенулері, күнәһар байлардың жасап жатқан ысыраптары, жас буынның арасындағы  бейберекетсіздіктер  орын алуы дәлел болса керек.

Абай атамыздың өлеңіндегі:

Заман ақыр жастары,

Келіспес еш бастары.

Бір біріне қастыққа,

Қойнына тыққан тастары… – деген жолдары осыны меңзесе керек. 

  1. Шыншыл адамдарға сенбей, өтірікші адамдарға сену. Білімнің жоғалып, надандық-тың жайылуы.

Бір күні Әбу Муса әл-Әшғари мен Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р.а) отырып хадис қайталайды. Сол кезде Әбу Муса (р.а):

إِنَّ بَيْنَ يَدَيِ السَّاعَةِ أَيَّامًا يُرْفَعُ فِيهَا الْعِلْمُ، وَيَنْزِلُ فِيهَا الْجَهْلُ، وَيَكْثُرُ فِيهَا الْهَرْجُ

«Қияметтен бұрын сондай күндер келеді, ілім азайып, надандық жайылады», – деген  Пайғам-барымыздың (с.ғ.с) хадисін жеткізеді.[7]

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ أَنَّهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، يَقُولُ: » إِنَّ اللَّهَ لا يَنْزِعُ الْعِلْمَ انْتِزَاعًا مِنَ النَّاسِ وَلَكِنْ يَقْبِضُ الْعِلْمَ بِقَبْضِ الْعُلَمَاءِ، حَتَّى إِذَا لَمْ يَتْرُكْ عَالِمًا اتَّخَذَ النَّاسُ رُءُوسًا جُهَّالا، فَسُئِلُوا فَأَفْتَوْا بِغَيْرِ عِلْمٍ فَضَلُّوا وَأَضَلُّوا

Сахаба Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Расында Алла Тағала  пенделерінен ілімді тартып алмайды, бірақ ілімді ғалымдарды алу (дүниеден өтуі) арқылы жояды. Ол бірде-бір ғұлама (тірі) қалдырмаған кезде адамдар білімсіз надандарды өздеріне басшы қылып алады. Сөйтіп, оларға сұрақтар қойылса, білімі болмаса да жауап береді. Нәтижесінде өздері де адасады, өзгелерді де адастырады».[8]

Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

اتَّخَذَ النَّاسُ رُءُوسًا جُهَّالًا، فَسُئِلُوا فَأَفْتَوْا بِغَيْرِ عِلْمٍ فَضَلُّوا وَأَضَلُّوا

«(Қиямет жақындағанда) адамдар білімсіз надандарды басшы қылып алады. Сөйтіп, олар пәтуә береді де өзі де, өзгелер де адасады»[9], – дейді.

Осы жағдай біздің заманымызда көрініс табады. Білімсіз надандар өздерін ғалым санап сан ғасырлардан бері келе жатқан дініміздің ілім мирасына қарсы шығып, үлкен ғұламаларға тіл тигізіп, мұсылмандардың ортасында бүліктер шығаруда. Бұндай надандар адамдар арасында ғалым, білгір болып саналуда. Үмбеттің үлкен ғұламалары  сенімсіз, надан, дінді бұзған, қиянатшыл болып көрсетілуде. Имам Ахмадтің риуаят еткен хадисінде:

لَا تَقُومُ السَّاعَةُ حَتَّى يَظْهَرَ الْفُحْشُ وَالتَّفَاحُشُ وَقَطِيعَةُ الرَّحِمِ وَسُوءُ

الْمُجَاوَرَةِ وَحَتَّى يُؤْتَمَنَ الْخَائِنُ وَيُخَوَّنَ الْأَمِينُ

«Әдепсіздік және арсыздық ашық жасалмайынша, көршілер бір-бірімен ұрысып араздаспайынша, қиянатшылдар сенімді болып, сенімділер сенімсіз болып көрінбейінше, қиямет болмайды», – деген хадисі бұған дәлел болса керек.

 Сондай надан ғалымдар  жайлы   сахаба Хузайфа ибн Иәмәни (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с):

دُعَاةٌ على أبْوَابِ جَهَنَّمَ، مَنْ أجَابَهُمْ إلَيْهَا قَذَفُوهُ فيهَا. قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللّهِ، فَمَا تَأمُرُنِى إنْ أدْرَكَنِى ذلكَ؟ قَالَ: تَلْزَمُ جَمَاعَةَ الْمُسْلِمينَ وإمَامَهُمْ

«Жәһәннамның есігіне шақыратын дағуатшылар болады. Кім оларға көніп соңынан жүрсе, олар бұны тозаққа кіргізеді», – дегенін естіп, егер мен ол күнде өмір сүрсем, маған нені істеуімді бұйырар едіңіз деп сұрап едім: «Мұсылмандардың жамағатымен бірге бол, имамдарына мойынсұн», – (Имам зұлымдық қылып ұрса да,  дүниеңді тартып алса да) деген хадисін жеткізеді.[10]

Хадисте меңзелген жамағат ол – Имам Матуриди, Имам Әшғари және амалдағы төрт мәзһабтан құралған  Әһлі Сүннет уәл-Жамағатты ұстанушы мұсылмандар.

  1. Ата-ананы сыйламау, туыстық қаты-настардың үзілуі және таныйтын адамдармен ғана сәлемдесу.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

أَنَّ بَيْنَ يَدَيْ السَّاعَةِ تَسْلِيمَ الْخَاصَّةِ، وَفُشُوَّ التِّجَارَةِ، حَتَّى تُعِينَ الْمَرْأَةُ زَوْجَهَا عَلَى التِّجَارَةِ، وَقَطْعَ الْأَرْحَامِ، وَشَهَادَةَ الزُّورِ، وَكِتْمَانَ شَهَادَةِ الْحَقِّ،

وَظُهُورَ الْقَلَمِ

«Ақырзаман болардың алдында адамдар тек өздерінің таныстарымен амандасады және жер-жерде жаппай саудамен айналысады. Бұл іспен тіпті ерлер мен бірге әйелдер де айналысатын болады. Туысқандармен қатынасын үзіп, жазу көбейеді, шындықты жасырып, жалған куәлік береді».[11] Тек таныстарға сәлем беру біздің заманымыздағы жағдай. Таныса сәлем беру, танымаса, сәлем бермеу. Баланың ата-анасына қарсы келуі, үлкендерді сыйламауы, балалардың ата-аналарын айтқанына көндіруі, туыстардың қарым қатынасы, бір-біріне жәрдемдеспеуі, қияметтің белгісі болып табылады. Оған жоғарыда келтірген хадистеріміз дәлел. Адамдар арасында байланыс нығайып, махаббат орнауы үшін Алла Тағала оларға бір-біріне сәлемдесуді бұйырды. Әбу Һұрайрадан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбары-мыз (с.ғ.с):

لا تَدْخُلُوا الْجَنَّةَ حَتَّى تُؤْمِنُوا، وَلا تُؤْمِنُوا حَتَّى تَحَابُّوا، أَوَلا أَدُلُّكُمْ عَلَى شَيْءٍ إِذَا فَعَلْتُمُوهُ تَحَابَبْتُمْ؟ أَفْشُوا السَّلامَ بَيْنَكُمْ

«Сендер иман келтірмейінше, жәннатқа кірмейсіңдер және бір-біріңді жақсы көрмейінше иманға келмейсіңдер. Егер орындасаңдар, бір-біріңді жақсы көретін бір нәрсеге нұсқайын ба? Араларыңда сәлемді таратыңдар», – деп айтқан.

Ал, адамдар бір-біріне ортақ сәлем бермей, жеке-жеке сәлемдесу қиямет белгісіне жатады. Яғни, кісі өзі танитын адамдарға ғана сәлем беріп, ал танымайтындармен сәлемдеспейді. Ал сүннет бойынша, танитынға да, танымайтынға да сәлем берілуі лазым.

Мұнан 300 жыл бұрын Мөңке би айтқан екен:

Құрамалы қорғанды үйің болады,

Айнымалы, төкпелі биің болады.

Халыққа бір тиын пайдасыз,

Ай сайын бас қосқан жиын болады,

Ішінен шынтақ айналмайтын

Ежірей деген ұлың болады,

Ақыл айтсаң, ауырып қалатын

Бежірей деген қызың болады,

Алдыңнан кес-кестеп өтетін,

Кекірей деген келінің болады.

Алашұбар тілің болады,

Дүдәмалдау дінің болады.

Бетіңнен алып түсер інің болады.

Қиналғанда қайырымы жоқ жақының болады,

Ит пен мысықтай ырылдасқан

Еркек пен қатының болады.

Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады,

Жастарға сөзі өтпейтін кәрің болады,

Ішкенің сары су болады,

Берсең итің ішпейді.

Бұқараны құм алады,

Төрткүл дүниені су алады.

Соның бәрін көресің,

Көріп барып өлесің». 

  1. 6. Жалаңаш әйелдердің көбеюі.

 Әйелдердің жартылай жалаңаш киінуі. Олардың орамалсыз жүруі, денесіне жабысқан тар көйлек киюі немесе әурет жерлері көрініп тұратын жұқа көйлектер киюі – қияметтің белгісі. Мұндай әйелдің үстіне киген киімі бар болғанымен, хадисте айтылғанындай, жалаңаш болып есептеледі. Әбу Һұрайрадан (р.а) жеткен хадисте:

صِنْفَانِ مِنْ أَهْلِ النَّارِ لَمْ أَرَهُمَا: قَوْمٌ مَعَهُمْ سِيَاطٌ كَأَذْنَابِ الْبَقَرِ يَضْرِبُونَ بِهَا النَّاسَ، وَنِسَاءٌ كَاسِيَاتٌ عَارِيَاتٌ، مُمِيلاَتٌ مَائِلاَتٌ، رُءُوسُهُنَّ كَأَسْنِمَةِ الْبُخْتِ الْمَائِلَةِ، لاَ يَدْخُلْنَ الْجَنَّةَ وَلاَ يَجِدْنَ رِيحَهَا، وَإِنَّ رِيحَهَا لَيُوجَدُ مِنْ مَسِيرَةِ كَذَا وَكَذَا

«Тозақтағылардың мен көрмеген екі түрі бар: киінгені жалаңаш және ырғатылған, ауытқыған, бастары ұзын мойынды түйелердің бұлғақтаған өркештеріндей әйелдер. Ол (әйелдер) жаннатқа кірмейді, оның иісін де сезбейді. Ал оның иісі пәлен-пәлен қашықтықтан сезіледі», – делінген.[12] Бұл хадиске түсініктеме берген  XIII ғасырда өмір сүрген Имам Нәуәуи хадистегі «жалаңаш киінген де» не мақсат етілгенін түсінбедім деген. Ғұламалар өткен ғасырларымызда ашық-шашық киіну етек ала бастаған кездерде бұл хадисте айтылған сипат деді. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заман өте түсінілетін хадистерінің қатарына  жатады деген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Арсыз әйелдер көбейсе, арсыздық қоғамда кеңінен етек алса, бұрын соңды болмаған шипасыз аурулар пайда болады. Таразыда, өлшемде алдау көбейсе, күн көріс тапшылығы болады»-деген.[13]

Хадисте айтылған арсыздық, шипасыз аурулар, таразыдан жеу, күнкөріс тапшылығы, өкінішке орай, бізде табиғи халге  айналған.

Ойлап қараңызшы, жан-жағыңызды толып жүрген жартылай жалаңаш әйелдердің іс-әрекеті нені білдіріп тұр. Біздің апа-қарындастарымыз, қыз-қырқындарымыздың қияметтің белгісінің куәсіне айналуы нендей өкініш.

 Алла Тағала біздерге ескертіп:

﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنْفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ﴾

«Ей! Иман еткендер өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдардан және тастан болған тозақ отынан қорғаңдар дейді».[14]

7.Аманаттың жоғалуы.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

إِذَا ضُيِّعَتِ الأَمَانَةُ فَانْتَظِرِ السَّاعَةَ

«Егер аманат жоғалса,   қияметті күте бер», – деген. Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с):

ينام الرجل النَّوْمَةَ فتُقْبَضُ الأمانة من قلبه فيظَلُ أَثرُها مِثلَ أَثَرِ الْوكْت

«Адам ұйқыға кетеді, ал иман мен адалдық бірте-бірте оның жүрегін тастап шығады. Ал, онда қалған нәрсе, күйіктің ізіне ұқсайды»,[15] – деген. Аманаттың жойылуы және оның жүректерден алынуы. Сыр сақтаушы сенімді кісілердің көп болуы Ислам үмбетінің тұрақтап нығаюына, өркениетінің қарыштап дамуына зор септігін тигізеді. Ал егер жүректерден аманатқа беріктік кетсе рухани құндылықтар да жойылып, ішкі сырлар сақталмайтын, бүлікке толы өмір басталады. Яғни, адамдардың көпшілігінің сыры сақталмайтын болса және сыр сақтау міндеті лайықты адамға жүктелмесе, онда аманат жойылып, қиямет жақындайды.

Қияметтің бұл белгісі осы заманымызда кеңінен байқалуда. Қоғамда аманатқа берік болуға тиісті тұлғалардың өзі нәпсі қалауының алдында әлсіздік танытып жүр.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا ضُيِّعَتِ الأَمَانَةُ فَانْتَظِرِ السَّاعَةَ  , قَالَ: كَيْفَ إِضَاعَتُهَا يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: إِذَا أُسْنِدَ الأَمْرُ إِلَى غَيْرِ أَهْلِهِ فَانْتَظِرِ السَّاعَةَ

Әбу Һұрайрадан (р.а) Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Аманат жоғалған шақта қияметті күте бер» – дегенде, ол: қалайша дейді? Ол (с.ғ.с): «іс тиісті адамға тапсырылмаған шақта қияметті күте беріңдер»,[16] – деген.

  1. Уақыттың жылдам өтуі. Биік те зәулім ғимараттардың тұрғызылуы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде:

لَا تَقُومُ السَّاعَةُ حَتَّى يَتَقَارَبَ الزَّمَانُ، فَتَكُونُ السَّنَةُ كَالشَّهْرِ، وَالشَّهْرُ كَالْجُمُعَةِ، وَتَكُونُ الْجُمُعَةُ كَالْيَوْمِ، وَيَكُونُ الْيَوْمُ كَالسَّاعَةِ، وَتَكُونُ السَّاعَةُ كَالضَّرَمَةِ بِالنَّارِ

«Қиямет белгілерінің бірі – уақыттың қысқаруы, білімнің жойылуы, бүліктің шығуы, ашкөздіктің етекалуы»[17], – деген.

Хазіреті Омардың (р.а) жеткізген хадисінде:

عَنْ أَمَارَتِهَا قَالَ أَنْ تَلِدَ الْأَمَةُ رَبَّتَهَا وَأَنْ تَرَى الْحُفَاةَ الْعُرَاةَ الْعَالَةَ رِعَاءَ الشَّاءِ يَتَطَاوَلُونَ فِي الْبُنْيَانِ

«…Қиямет сағаты жақындағанда күң өзінің қожайынын туады және жалаңаяқ жалаңаш қой соңындағы кедейлер биік-биік ғимараттар салуда өзара жарысқа түседі», – деген.[18] Бұл көріністі барлық елдерден байқауға болады.

 Хадиске мағына берген ғұламалар: қиямет жақындағанда бұзықтық және рухани азғындау кеңінен жайылады. Балалар ата-аналарын тыңдамай, қарсы келушілер көп болады. Тіпті ата аналарына қожайындары қол астындағы құлдарына қалай мәміле жасаса сол секілді қарым қатынас қылады. Атқарылатын міндет қолынан іс келмейтін қабілетсіздерге тапсырылады. Адамдардың қолында мал мүлік көбейеді, молшылық, сән салтанат, ысырапшылдық артады, адамдар биік үйлер салып бір бірімен жарысқа түседі

  1. Мал-мүлікті қандай жолмен тапқанға мән бермеу. Өсімнің көбеюі. Мұсылманның тақуалығы азайғанда діні де төмендейді. Ал діні төмендеген жан әр түрлі күмәнді кәсіптермен айналыса бастайды. Ақыр аяғында харамға ұрынып, мал-мүлкінің қайдан келіп жатқанына мән бермейтін жағдайға жетеді. Халал ма, харам ба, қызықтырмайтын болады. Осы заманымызда дәл осы көріністің куәсі болудамыз. Бұл жағдай Әбу Һұрайра (р.а) жеткізген мына хадисте анық айтылған, Пайғамбар (с.ғ.с):

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنْ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ يَأْتِي عَلَى النَّاسِ زَمَانٌ لَا يُبَالِي الْمَرْءُ مَا أَخَذَ مِنْهُ أَمِنَ الْحَلَالِ أَمْ مِنْ الْحَرَامِ

«Адамдарға кісі өз тапқанының халал ма әлде харам ба оған көңіл бөлмейтін бір заман келеді»,[19] – деді. Қазіргі таңда айналаға көз тігер болсаңыз, көптеген адамдардың қандай жолмен болса да, халал-харамына қарамай, дүние жинау жолына түскенін байқайсыз. Алла Тағала:

كُلُوا مِنْ طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ

«Жақсы (адал) нәрселерден жеңдер[20] – деп бұйырған болса да, дүниенің соңына түскен адамдар оның табылу жолдарына жеңіл қарап, сауданың харам түрлерімен айналыса бастады: темекі мен арақты саудалайды, әйелдерді жартылай жалаңаштайтын киімдер сатады, өсіммен айналысады, сауда орындарын харам зат сатататын саудагерлерге жалға береді. Әбу Һұрайрадан (р.а)  келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

لَيَأْتِيَنَّ عَلَى النَّاسِ زَمَانٌ لا يَبْقَى أَحَدٌ إِلا أَكَلَ الرِّبَا، فَإِنْ لَمْ يَأْكُلْهُ أَصَابَهُ مِنْ بُخَارِهِ

«Адамдар  сондай бір уақытта өмір сүреді, ол уақытта өсім жемегені қалмайды. Өсімге жақындамаған адамның өзіне буы (бір риуаятта шаңы) шарпиды»[21], – деген. Алла Тағала пендесінен адал нәрсені ғана қабыл етеді. Ал харамнан тапқан мал мүлік, пайда Алла Тағаланың азабына душар қылады.

  1. Жалған куәлік беру. Қазіргі қоғамда жалған куәлік ету етек алып барады. Өтірікті нақты өмірде болған шындық сияқты сөйлейтін дәрежеге жеттік. Біз мүмкін адамдарды алдайтын шығармыз, бірақ Алланы алдай алмаймыз. Бұлай жасау қияметтің белгісі. Оған дәлел – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Қияметтің алдында жалған куәлік беру болады», – деп айтқаны. Сол сияқты жалған куәлік етудің тағы бір көрінісі – жалған құжаттар арқылы адамдар өз меншігін жасыру. Мысалы, лауазымда отырған бай адамдар өзінің атында түгі де жоқ қу тақыр кедей болып жалған куәлік жасайды. Жалған куәлік ету бұнымен шектеліп қалмай, қоғамның барлық саласын қамтиды. Өзін жалған куәлік ету арқылы мүгедек деп таныту, зейнетақы алу, т.б. Адамдар өзара бір-біріне куәлік бергенде бұған қатты мән беруі қажет. Мәселен, мекеме қызметкерлері мен басшылары арасындағы куәлік, тәлімгерлердің мектептегі және университеттегі куәлігі, балаларының ата-аналары алдындағы куәлігі, т.б толып жатыр.
  2. Сараңдықтың көбеюі, Зекеттің ықылас-сыз берілуі.

Ислам қоғамын іштей ірітетін ауруының бірі – сараңдық және ол да қияметтің бір белгісі. Әбу Һұрайрадан (р.а) жеткен хадисте:

إِنَّ مِنْ أَشْرَاطِ السَّاعَةِ أَنْ يَظْهَرَ الْفُحْشُ، وَالشُّحُّ

«Сараңдықтың пайда болуы – қияметтің белгілерінен», – деп айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтып кеткен осы нәрселер айна қатесіз орындалуда. Адамдар арасында бүлінушілік анық байқалады. Бірімен бірі араласпау, ат құйрығын кесісу, көрші ақысына мән бермеу сияқты күнәлар белең алуда. Адамдар арасында махаббат пен сүйіспеншіліктің орнын бірін-бірі жақтырмау, жауласу сынды жаман қасиеттер басуда. Кісі өзінің көршісінің кім екенін, тіпті, жақын туысының кім екенін білгісі келмейтін заманда өмір сүрудеміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Адамдарда сараңдық және дүниеге деген құштарлық арта түседі»[22], – деген.

Дүние-мүліктің бір бөлігін мұқтаждарға зекет ретінде беру арқылы адам іштей тыныштық табатыны белгілі. Зекет – салық та емес, айыппұл да емес. Зекет – мал-мүлікті тазартатын әрі пендені Аллаға жақындататын негізгі құлшылықтардың бірі. Ақырзаман алдында қоғамды сараңдық пен ашкөздік дерті жайлайды. Тіпті, байлардың кейбірі зекет беріп жатып, оны өзінен күштеп алынып жатқан салық түрі деп сезінетін болады. Сондықтан, ол заманда зекеттің көпшілігі ықылассыз беріледі. Ал дұрыс ниетпен істелмеген құлшылық қабыл болмасы анық.

Хадистерде келген қияметтің кіші белгілері өте көп. Біз бұл жерде қазір қоғамда кеңінен етек алғандарын айтуға тырыстық. Хадистерде келген кіші белгілерден:

-Адамдар намаздарын қаза етеді.

-Нәпсіге бой алдыру, қалағанын жасаудың көбеюі.

-Аманатқа қиянаттың артуы.

-Пара алушылық көбейеді.

-Төрешілер мен қазылар үкімді сатады.

-Ажырасулардың көбеюі.

-Зина кеңінен таралады.

-Табиғи апаттар көбейеді.

-Жағымсыз ғалымдар көп болады.

-Кедейшілік, Діннің үкімдеріне бағынбаушылық көп болады.

-Надандар мәртебелі болады.

-Тақуа ғалымдар адамдар арасында келеке-мазаққа айналады (Имам Шарани).

Сөз соңында дана ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) атамыз:

Өлімнің хақ екенін көрсең де,

Өлместей омыраулап, шатасың.

Дозақтың барын біліп жүрсең де,

Күнәға, әлің келсе, батасың…деп ескерткенін естеріңізге сала отырып:

Қиямет күні болғанда,

Бәйшешек гүлдер солғанда.

Дүние астаң-кестең боп,

Оңбаған құлың оңғанда

Жаратушы Ием тек өзіңнен мейірім күтем! деп жырлап өскен бүгінгі қазақтың ұрпағына «Иманды бол!» деген сөзді айта бергіміз келеді демекпіз.

muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан

[1] «Ағраф» сүресі, 187-аят.

[2] Бұхари, Риқақ 39; Мүсілім, Фитән 132.

[3] Тирмизи, Фитән 30

[4] Мүсілім, Фитән 18.

[5] Мүсілім, Фитән 18.

[6] Тирмизи, Фитән 9.

[7] Бұхари, Фитән 5.

[8] Бұхари, Ілім 34; Мүсілім, Ілім 13.

[9] Бұхари, Ілім 34; Мүсілім, Ілім 13; Тирмизи, Ілім 5.

[10] Бұхари, Фитән 11; Мүсілім, Имара 51; Әбу Дәуіт, Фитән 1.

[11] Ахмад.

[12] Мүсілім, Либәс.

[13] Бәйһақи.

[14] «Тахрим» сүресі, 6-аят.

[15] Бұхари.

[16] Бұхари, Рихақ.

[17] Тимизи.

[18] Мүсілім, Тирмизи.

[19] Бұхари, Бұюғ.

[20] «Таһа» сүресі, 81-аят.

[21] Әбу Дәуіт, Сауда 3; Нәсәи, Сауда 2.

[22] Мүсілім, Имара 176.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38