Ислам дiнi тазалыққа өте үлкен мән береді. Аса жоғары мәртебелі Алла Тағаланың құзырына шығу үшiн дененің, үстіміздегі киiмнің әрі намаз оқитын орынның, сондай-ақ жүректiң, яғни ішкі дүниеміздің таза болуы шарт. Қасиетті Құран Кәрiмде тазалыққа көп мән бергендер мадақталады. Әрі олар Алла Тағаланың сүйiктi құлдарынан болатындығы айтылады. Мысалы, Құран Кәрімде:  «Сөзсіз Алла тәубе етушiлер мен тазаланғандарды жақсы көреді»,[1] – делінген.

Адам баласының сыртқы тазалығымен қоса, ішкі жан-дүниесінің де тазалығы өте маңызды. Мысалы, тек бой-басы ғана таза болғанымен жан-дүниесі таза болмаған адам нағыз иманды мұсылман бола алмайды. Алла Тағала тозақ отынан құтылатын бақытты адамдардың алғашқыларының бірі ретінде осы тазалыққа маңыз берген кісілерді атайды. Құран Кәрімде:

 «Ал, кiмде-кiм тазарса, ол құтылды. Ол Раббының атын еске алып, намаз оқиды»,[2]делінген. Сондай-ақ, Құранда үстіміздегі киiмнің[3] және құлшылық жасайтын орынның[4] да таза болуы керектігі айтылған.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) :

«Тазалық – иманның жартысы»,[5]– десе, басқа бір риуаятта: «Дәрет – иманның жартысы», – делінген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.а.с.):

 «Дәретсіз ешбір намаз қабыл болмайды»,[6] – деген. Тағы бір хадисте: «Алла – ең таза, тазалықты сүйе-дi»,[7]– делінген. Міне, тазалыққа қатысты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) осы сияқты көптеген хадис шәрифтері бар. Мысал ретінде келтірілген бұл аяттар мен хадистер тек дене тазалығы ғана емес, рухани жан-дүниеміздің де таза болуын мегзейді. Міне, сондықтан Ислам ғалымдары қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне сүйене отырып, жалпы тазалықты төрт түрге бөліп қарастырады. Олар:

 1) Дененi, киiмдi және намаз өтейтін орынды лас нәрселерден, нәжiстерден тазалау, дәреттi болу және сүннет ретiнде тырнақты алу, қолтық және әурат айналасындағы түктерді тазалау.

 2) Дене мүшелері – қол-аяқ, көз бен тіл тазалығы, яғни өсек-өтiрiк айтудан, арам жолмен табылған қаражатты пайдаланудан, арам мал-мүліктен ішіп-жеуден, біреуге қиянат жасаудан, жаман жерге бару немесе арам болған істі қолмен атқарудан сақтану. Бұл кісіні тақуалыққа, жоғары адамгершілікке бейімдейтін тазалық түрі болып табылады.

 3) Сырт көзге көрінбейтін, әркімнің ішінде болатын көзбояушылық, көре алмаушылық, тәкәппарлық пен менмендiк, сараңдық пен дүниеқоңыздық, дұшпандық пен қатыгездік, қайырымсыздық секiлдi рухани дерттерден тазалану. Осындай жаман әдеттерден арылу арқылы адам бойында Аллаға мойынсұнушылық, қанағат, тәубе, сабыр, қорқу, үмiттену, махаббат сияқты тамаша қасиеттер қалыптасады.

 4) Ішкі жан-дүние тазалығы, яғни жүректiң Алла Тағаладан өзге барлық жаратылыстардан таза болуы, «Ләә иләһә иллаллаһ» (Алладан басқа ешбiр Тәңiр жоқ) деген таухид сөзiнің жүректе толық орнығуы. Өйткені өзге жаратылыстар Алланың есімімен бiрге бiр жүректен орын таба алмайды.

 «Алла ешбір адамның көкiрегiнде екi жүрек жаратқан емес».[8]

Мұсылман кісінің осылайша Аллаға серік қосудан, тәни және рухани тұрғыдан біржола тазаланып, Алла Тағаланың ризалығы үшін шын ықыласпен оқыған намазы оны рухани жоғарылатып, жанын рахатқа бөлейді. Әр түрлi теріс, харам іс-әрекеттерден алшақтатады. Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Күдіксіз, намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды»,[9]– деген. Міне, осылайша адамның айналасын- да рухани қалқан пайда болып, иманын өз нәпсiсi мен қоғамнан келетiн зияндардан қорғап отырады.

Жалпы, араб тіліндегі «әт-таһара» (тазалық) сөзінің тілдік мағынасы рухани және тән ластығынан тазару дегенді білдіреді.

Ал діни термин ретінде кісінің денесіндегі намаз өтеуге және т.б. құлшылықтарды орындауға кедергі келтіретін, яғни тыйым салынған нәрселерден тазалану болып табылады.

Тазалық – дәрет алу, ғұсыл құйыну, тәйәммум алу, дене және киімді жуу сияқты арнайы түрлерге бөлінеді. Бұл фиқһ кітаптарында үш түрге бөлініп қарастырылады:

 а) Дене, киiм, ғибадат орнының лас, нәжіс нәрселерден таза болуы. Мұны хәбәстан немесе нәжәсәттан тазалық дейді. Кей кітаптарда бұл заттық тазалық деп түсіндірі-леді.[10]

 ә) Дәретсіздіктен тазалану. Яғни, кісінің ғұсылы (бой дәреті), дәреті болмау, әйелдердің хайыз, нифас жағда-йы, бұл хәдәстік хәл деп аталады. Мұндай тазалануды хәдәсаттан тазалық деп атайды.[11] Мұндай хәдәстік хәл-ден ғұсыл құйыну, дәрет алу және бұл екеуiн орындау мүмкiн болмаған жағдайларда осы екеуінің орнына жүретін тәйәммум алу арқылы тазалануға болады.

 б) Рухани тазалық. Бұл жүректiң мақтаншақтық, тәкап-парлық, менмендiк, кекшілдік, көре алмаушылық, қызған-шақтық т.б. сияқты рухани сырқат, дерттерден арылып, оның орнының иман, ықылас, тақуалық сияқты жоғары адамгершілік қасиеттерге қоса көркем мiнез-құлықпен, әдептілікпен толтырылуы арқылы жүзеге асады.

Шымкент қаласы орталық мешіті

[1] Бақара сүресі, 222-аят.

[2] Ағлә сүресі, 14-15-аяттар.

[3] Муддассир сүресі, 4-аят.

[4] Бақара сүресі, 125-аят.

[5] Мүслим. Ат-Таһара, 1;Ахмад ибн Ханбал, IV, 260, V, 342-334.

[6] Ибн Омардан (р.а.) Имам Тирмизи риуаят еткен.

[7] Тирмизи. Әдаб,41.

[8] Ахзаб сүресі, 4-аят.

[9] Анкәбут сүресі, 45-аят.

[10] М. Исаұлы, Қ. Жолдыбайұлы Ислам ғылымхалы. Алматы, 2003 ж.

[11] М. Исаұлы, Қ. Жолдыбайұлы Ислам ғылымхалы. Алматы, 2003 ж.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38