Әр отбасының іргесі мықты болып, түтіні түзу шығуы үшін отбасындағы ер мен әйелдің өзіне жүктелген міндеттерге, отбасылық әдептерге мән бергені дұрыс. Сонда ғана ол шаңырақта сыйластық пен сүйіспеншілік орнамақ.
Дін мен дәстүрін қадір тұтқан дана халқымыз: “Отан – отбасынан басталады”,- деп, отбасының қоғамдағы орнын ерекше бағалап анықтамасын берген. Алла Тағала Қасиетті Құранның “Рум”сүресі, 21-аятында: “Сендерге жандарың жай тапсын деп, өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім сезімін ұялатқаны Оның (Алланың) нақ белгілерінен. Міне, осының өзін ақылға салып ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер бар”,– деп бұйырса, Ардақты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір өсиетінде:
“Біліп қойыңдар! Сендердің барлығың бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер. Әмірші (басшы) – адамдарға бақташы, ол – сол отарына жауапкер, ер кісі – өз отбасына бақташы, сол отарына жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі солардан сұралады”, – деген.(Әбу Дәуід).
Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы. “Баланың бас ұстазы ата-анасы”,- демекші. Отбасындағы таным,түсінік қалай қалыптасса, адамның бойында қалатын сол қасиет солай қалыптасады. Ізгі ұрпақ тәриелеудің бұл дүниеде ғана емес, ақыреттік жемісі де өте үлкен. Ардақты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұрпақ тәрбиесінде мына өзінің бір өсиетінде: “Адам дүниеден өткенде оның үш амлынан басқасының бәрі тоқтап қалады. Олар:
- үзілмейтін садақа.
- басқаларға пайдасы тиетін білім.
- салиқалы ұрпақтың оған арнап жасайтын дұғасы”,– деген. (имам Мүслим).
Жүсіп Баласағұн бабамыз: “Болса тәртіп,бала өседі сомданып, қатаң ұста, бос жүрмесін сандалып”, — деп баланың шектен тыс шолжаңдатпай, байсалды,ұғымтал,тілалғыш етіп баулу ата-ананың басты міндеттерінің бірі екенін аңғартқан.
Ия, қашан да Қазақ халқында балалардың көзінше ер адам әйелін отбасының анасы деп құрметтеп, ер адамды жары отағасы деп құрметтеу арқылы балаларға да өзара сыйластықта болуды үйреткен.
Әрине, ұрпақты тәрбиелі де, саналы азамат етіп өсіргіміз келсе,ең алдымен өзіміз кіршіксіз таза,тәрбиелі азамат болуымыз керек.
Адамгершілік пен саналықтың бастапқы қарапайым белгілерін өнегелі отбасында дарытқан баланың болашағы жарқын, өмірі мәнді болмақ.
Қазіргі кезде баланың дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына, рухани байлығының молаюына ата-анамен бірлесіп еңбек ету,ұрпақ тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін жетілдіре отырып, тығыз қарым-қатынас орнату ең басты мәселелердің бірі болып тұрғаны ақиқат.
Шымкент қаласы, Қаратау аудандық “Байғұт баба” мешітінің Бас Имамы Ербол Қалшабек Тастанбекұлы
