Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Жасөспірімдер діни экстремизмге қарсы» айлығы өтіп жатыр. Жастарды жат ағымдардан сақтандыру мақсатында өткізіліп жатқан айлық аясында қаладағы Спорт кешенінде спортшы жастардың аудандық орталық мешіттің найб имамы Нурмухаммед Байжановпен кездесуі ұйымдастырылды.
Кездесуді №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Бақберген Аманов жүрігізіп отырды. Қоғамдағы діни көріністердің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған шарада Нурмухаммед Байжанов сөз сөйледі.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда әртүрлі діни ағымдар пайда болуда. Сондай ағымға байқаусызда түсіп кеткен жастарымыз өзінің ата – бабасынан бері келе жатқан дінінен, асыл салт – дәстүрінен адасып, саналары уланып жатқанын баршамыз көріп – біліп жүрміз. Олар өздерінің санасын ғана улап қоймастан қоғамға, халыққа кері әсерін тигізеді. Айналадағы көрші мемлекеттен көріп жатырмыз, береке – бірлік болмаған жағдайда қалай азып – тозып жатқандарын. Ислам діні – сан ғасырлардан бері мемлекеттің тірегі ретінде ақыл мен парасатың, озық ғылым мен өркениеттің, мәдениет пен татулықтың діні болып саналып келеді. Ата – бабаларымыз таңдаған ұлы жол қай кезде де елді бірлік пен ынтымаққа шақырып, тәрбие мен өнегеге бастайды, – деді найб имам.
Сонымен бірге, найб имам залға жиналған спортшылар тарапынан қойылған әртүрлі сауалдарға жан-жақты мағлұматтар бере отырып, тұщымды жауап қайтарды.
Кездесуге қатысқан аудандық футбол мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Жиенбек Тәліпов Шардаралық жастардың салауатты өмір салтын ұстанатынын, мұндай жат ағымға бармайтынын айтып өтті. Теріс ағымдағы діндерлен сақтану үшін тек мешіт имамдарынан ғана білім алу керектігіне тоқталды.
«Шардара спорт – ақпарат»