Намаздың парыз болуы Құран Кәрім кітабымен, Пайғамбарымыздың ﷺ Сүннеті және Ижмамен бекiтiлген.

Құран Кәрiмнiң көптеген жерiнде «Намаз оқыңдар және зекет берiңдер…» деп бұйырылады. Осы сияқты Құрандағы кейбiр аяттар мынадай: «Барлық намаздарды және ортаңғы намазды сақтаңдар».[1] 

«Расында намаз мүминдерге белгiлі уақыттарда парыз қылынды»[2]

«Олар; ғибадатты тек Аллаға шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары, намаз оқулары, зекет берулері үшін әмiр етiлген. Мiне осы — тұп-тура дiн».[3]

«Намазды толық орындаңдар, зекет берiңдер де Аллаға жүгiнiңдер. Ол — сендердiң Иелерiң. Ол қандай жақсы Ие, әрі қандай жақсы Көмекшi».[4]

Намазды араб тілінде «әс-салату» деп айтады. Бұл сөздің араб тіліндегі тілдік мағынасы «дұға ету» немесе «жақсы дұға жасау» деген сөз. Ал, шариғаттағы мағынасы тәкбiрмен басталып, сәлеммен аяқталатын, арнайы әрекеттер мен сөздерден тұратын құлшылық.

Алла Тағаланы Раббым деп, Одан басқа ешқандай құдай жоқ деп біліп, Оған иман келтіру ең үлкен парыз. Одан кейінгі парыздардың ең маңыздысы – намаз. Пайғамбарымыз ﷺ: «Діннің тірегі – намаз…» деген. Иман келтірген мүммін пенденің ең бірінші амалы ол – намаз. Намаз — жүректiң нұры, көңiлдiң қуанышы, рухтың күшi және мүміннiң миғражы. Аллла Тағаламен тікелей байланысы, күнәлары кешіріліп мол әжір сауапқа бөленетін ең маңызды құлшылық. Бүткіл күнәлі істерден аулақ қылатын, лағнеті шайтаннан қорған болатын құлшылық. Шынайы ықыласпен, яғни Алланы мен көрмесем де, Ол мені көріп тұр деген сезіммен орындалған намаз бүткіл дүниеден артық делінеді. Әбу Һурайра риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ: «Қиямет күні пенденің амалдарынан ең алдымен есепке тартылатыны — оның намазы. Егер оның намазы дұрыс болса, онда оның құтылып, игілікке қол жеткізгені. Ал, егер намазы дұрыс болмаса, онда ол апатқа ұшырап, қайғыға душар болғаны»,[5]-деген. Сондықтан намаз мұсылмандар үшін өте маңызды ғибадат болып табылады.

Миғраж түні Пайғамбарымыз ﷺ Меккедегі әл-Харам мешітінен Құдыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне исра, яғни түнгі сапар жасаған. Одан миғражға жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездескен, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолыққан. Жаратушымыздың түрлі белгілеріне куә болған. Яғни намаз, Алланың құзырында тікелей Пайғамбарымызға ﷺ парыз етілген құлшылық. Әнәстан (р.ә) риуаят етілген хадисте: «Миғраж түнiнде Пайғамбарға ﷺ елу уақыт намаз парыз етіледі, сосын оны азайтып беске түсiреді. Сосын (Алла Тағала): «Ей, Мұхаммед! Расында Менiң алдымда сөз өзгермейдi. Осы бес уақыт намазда сен үшiн елу уақыт намаздың сауабы бар»-деп дауыстаған», [6]-делінеді.

Намаз балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбiр мұсылманға парыз. Құрметті ағайын ең бірінші есепке тартылатын амалымызды яғни намазымызды еш кемшілікке, жалқаулыққа берілмей атқару. Алла Тағала бізді көріп тұр деген ниетте оқылған намаз – ақырет дүниесінде жүзіміз жарықтардан болатынына бірден бір себеп.

Абзал Жауһари
Шымкент қаласы, «Имам ағзам» мешітінің найб имамы


[1] Әл-Бақара сүресі, 238-аят.

[2] Ән-Ниса сүресі, 103-аят.

[3] Әл-Бәйинә сүресі, 5-аят.

[4] Әл-Хаж сүресі, 78-аят.

[5] Бұл хадисті Әбу Һурайрадан Әт-Тирмизи риуаят еткен.

[6] Әт-Тирмизи, әс-Салат кітабы, 45; Нәсай, әс-Салат кітабы, 1, Ахмад бин Ханбал, III, 161, IV, 208, 209.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38