Асыл дініміз туылған нәрестеден бастап, ер жеткенге дейін перзентке қандай тәрбие беру керектігін нақтылап берген. Алла Тағала Құран кәрімде былай дейді: «Әрбір үмбетке өздері ұстанатын салттар бекіттік». (Хаж сүресі, 67-аят)
Соларды біздің ата-бабаларымыз салт-дәстүрімізбен біте қайнастырып ұстанып келген. Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махаббат нұрын жаудыру – әр ата-ананың міндеті. Бұл тұрғыда ең бірінші үлгі тұтарымыз – Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Ол бірде балаларын еміреніп сүймейтінін айтқан бәдәуиге: «Алла Тағала жүрегіңдегі мейірімді алып қойған болса, мен не істейін енді?» – деп реніш білдірген. Себебі, мейірімділікпен өскен бала да мейірімді болады. Мейірімділік жүректі жібітіп, жұмсақтығын жоғалтпауын қамтамасыз етсе, қатыгездік пен салқындық, керісінше, жүректі қатайтады.
Имандылық – бала тәрбиесінің ең басты қайнар бұлағы. Сондықтан тәрбиені діннен бөлек қарауға әсте болмайды. Қаншалықты жақсы тәрбие көрсе де, дініне енжар, селқос қарайтын, имандылық негіздеріне аса мән бермейтін ұрпақ екі дүниеде де мұратқа толық жете алмайды. Қазіргі жаһандану заманында қоғамымыздағы кейбір жастардың әдепсіз әдеттерге, мұсылманға жат қылықтарға және жат ағымдарға бой алдыруы, батыстық мәдениетке еліктеп, әзәзіл әуендерге үйір болып, ақырында болашағынан үміт күттірген өскелең ұрпақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық, рухани құндылықтарға қарсы келуінің басты себебі де, сөз жоқ, нақ осы имандылық тәрбиенің әлсіздігінен немесе жоқтығынан.
Балаларды жүректің жемісіне, көздің нұрына теңеген мейірім жаршысы Ардақты елші Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Абдуллаһ ибн Аббасқа бала кезінде: «Иә, Алла Тағалам, бұған хикмет үйрете гөр!» деп дұға жасаған. Ал Әнасқа (оған Алла разы болсын) байлығы мен бала-шағасының көп болуын, ұзақ өмір сүруін, берген садақаларының қайырлы болуын тілеген. «Ата-ананың баласы үшін жасаған дұғасы қабыл болады» деген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бала тәрбиесінде Алладан тілек тілеп, дұға жасауда үлкен мән бар екенін осылай ұқтырып отырған.
Сондықтан ата-ананың балаға дұрыс үлгі болуы – игі ұрпақ тәрбиелеп шығарудың басты талабы.
Сәбидің дамуындағы ең маңызды кезең оның өмірінің алғашқы он жылдығы болып саналады. Сонымен бала тәрбиесінің басты ұстындарын былайша бөлуге болады:
1. Жаңа туылған нәрестеге мейлінше сүйіспеншілікпен, мейірім-шапағатпен, ыстық ықыласпен қарау керек.
2. Өзін-өзі ұстай білу, сабырлылық сезімін қалыптастыру. Қалауын орындату талабы нәрестенің бойында алғашқы кезеңнің өзінде-ақ пайда болады. Бірақ оның ырқына көне беруге болмайды.
3. Ата-ананың жақсы үлгі болуы. Алғашқы кезеңде нәресте айналасындағы адамдарға еліктейді. «Ұлың өссе, ұлы жақсы болғанмен көрші бол, қызың өссе, қызы жақсы болғанмен көрші бол» деп қазақ тегін айтпаған.
4. Жақсы білім беру. Жалпы бала тәрбиесінде ислам дінінің қайнар бұлақтары болған кітаптардан сусындауы.
Жалпы баланың тәрбиесіне әсер ететін төрт фактор:
1. Отбасы
2. Сыртқы орта
3. Мектеп
4. Қоғам және жалпы қоғамдық мәдениет.
Демек бала тәрбиесі ата-ананың, мектептің, қала берді жалпы мұсылман қоғамының ортақ ісі.
Халық нақылында: «Алтыға дейін патшаңдай сыйла, алтыдан кейін құлыңдай жұмса, он алтыда досыңдай сырлас» деген.
Қорыта айтқанда кімде-кім баласын тәрбиелеуге, оған пайдалы нәрселер үйретуге салғырт қараса, орны толмас қателік жасаған болады. Балалардың әдепсіз бұзық болып шығуына көбіне ата-аналадың өздері кінәлі.
Өйткені олар балаларына дұрыс тәрбие беруге, діннің алғы шарттары мен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін үйретуге немқұрайлы қарайды. Көбі мұны өздері де білмейді. Баланы жасынан ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелемен соң, есейген кезде олар ешкімге де опа бермесі анық.
Шымкент қаласы, Абай ауданы. Жастар ісі секторы “Темірші ата“ мешітінің имамы Ербол Қалшабеков Тастанбекұлы.