Хазіреті Айша анамыздан (p.a.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді: «Үмбетімнің әйелдерінің ішіндегі ең жақсысы — бет әлпеті әдемі (иман жүзді) әрі мәһрлері аз болғандары».
Мәһр (неке сиы) – Шариғат қағидасы бойынша ер адамның болашақ жарына неке қиярда беретін немесе беремін деп уәде етілген әрі неке шарттарының дұрыс болуының бірі саналатын ақы. Мәһр (неке сиы) тұрмысқа шығып жатқан қыздың өзіне ғана тиесілі. Яғни ер адамның әйеліне беретін сый-сияпаты десе де болады. Мәһірдің көптігіне шек жоқ. Алайда үйленіп жатқан ер адамның шамасы жететін зат болуы керек. Қоғамдағы халықтың материалдық жағдайы бірдей емес. Түрлі жағдайаттарда өмір кешіп жатқан отбасылар бар. Кей кісілердің үйленуге, соның ішінде мәһірді қалаған бағада бере алатын жағдайы бар. Ал кейбір ер кісілердің үйленуге де шамасы жетпейтін жағдайда болып жатады. Міне осындай әр түрлі әлеуметтік жағдайда жүрген халықты шариғатымыз пенденің жағдайына қарап ортақ мәселені таңдауға шақырады. Хазреті Пайғамбарымыз ﷺ : «Мәһірдің абзалы аз болғандығы» – деген. Тұрмысқа шығып жатқан бойжеткеннің мәһір маған тиесілі, өз еркімде не сұрасам да деп, болашақ күйеуін қиын жағдайға салып қою, ынсапқа жатпайтынын аңғарамыз. Сонымен қатар сіз маған некелескенде мынандай силық уәде еткенсіз деп, күнде ер адамның мазасын ала беру нәзік жанды қыз баланың сыпайылығына, сабырлығына, имандылығына нұқсан келтіреді. Керісінше жылы жүзбен мәміле жасап, отбасының беріктігін, берекесін сақтап ынтымақ-бірлікті құруға шақырса. Міне, осындай ынтымақ-бірліктің ұйытқысы болып отырған әйел мұсылман үмметінің ең қайырлы әйелі деуге болады. Хазіреті Пайғамбарымыздың ﷺ осы тақырыпқа қатысты басқа бір хадис шәріпінде: «Бойжеткен қыздың мәһрі мен құрсағының жеңіл болуы оның берекелі әйел екендігіне ишарат етеді» – деген. Яғни, мәһірі аз және үйленгеннен кейін тез құрсақ көтеріп, көп бала табатын әйел берекелі әйел екендігін дәлелдейді.
Абзал Жауһари
Шымкент қаласы, «Имам ағзам» мешітінің найб имамы