Адамзаттың ардақтысы болғанына қарамастан, әзиз пайғамбарымыз (с.ғ.с. ) тірлікте көп қиындық, машақат көрді. Тіпті, қатарынан бірнеше күн нәр татпаған, бірнеше айлап үйінде қазан көтерілмеген де кездері болды. Аштықтан әлсірегенде орнынан тұруға қиналып, намаздарын отырып оқуға да мәжбүр кездерді де бастан өткерді.
Бірде хазіреті Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) мешітке кіргенде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) намазды отырып өтегенін көреді.
–Сырқаттанып қалдыңыз ба, Алланың Елшісі? – дейді уайым кешіп Әбу Һурайра.
–Жоқ, достым, денсаулығым дұрыс. Тек, аштықтан әлсіредім, сондықтан отырып намаз оқуға тура келді, – деп жауап береді пайғамбарымыз (с.ғ.с.).
Мұны естіген Әбу Һурайра егіліп жылай бастайды.
–Жылама, достым. Тірлікте аш болғандардың қиямет күнгі есебі де жеңіл болады, – дейді сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны жұбатып.
Енді бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хазіреті Омардың жылап отырғанын көреді де:
–Неге жылайсың, ей, Омар?! – деп сұрайды.
–Жыламай қайтейін, – дейді сонда хазіреті Омар. Дәл қазір басқа патшалар мамық құс төсектерде жатыр. Ал, сен адамзаттың ардақтысы, абзалы болсаң да ши төсекте жатырсың. Ши батып, тәніңе із де тастапты. Сен Алланың Елшісісің ғой! Барлық игілікке сен ғана лайық емессің бе?! – деп сөзін аяқтайды.
Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның арқасынан қағып:
–Омар-ау, мына дүние – олардың үлесі ғой. Біздің үлесіміз ақыретте. Әлде, сен бұған разы емессің бе?! – деп жауап береді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірден өткенде артында мұра болып қора толы мал да, қойма толы қазына да қалған жоқ. Дегенмен, мұнан да қымбат, бағалы, пайдалы мирас қалды. Ол – Алладан берілген ілім еді. Ол – қасиетті Құран Кәрім еді. Ол – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сап сүннеті еді. Ол – тура жолды ұстанып өтетін мұсылман үмбеті еді!
Әрине, егер аңсағаны дүние болғанда, оған қол жеткізуге пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) толық мүмкіндігі болған. Жегені алдында, жемегені артында дегендей, арқа-жарқа күн кешерліктей абырой-беделі де жоқ емес-ті. Дегенмен, жалған дүниенің ешкімге опа бермейтінін басқалардан жақсы түсіне білген пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұндай жылтыраққа, алдамшыға қызығудан аулақ болды. Ол үмбетіне алуды емес, беруді үйретті. Ол өзі ішіп-жеуді мақсат тұтпады, керісінше, мұқтаждарды тойындырудан ләззат тапты. Ол өзі қуаныштан кенде болса да, басқалардың бақыт табуынан қуат алды. Ол өзі үшін емес, үмметі үшін, адамзат игілігі үшін өмір сүрді.
Шымкент қаласы орталық мешіті