Жұртқа уағыз жасау, ақиқатты айту, елге дінді жеткеру өте қиын әрі қауіпті іс екені жасырын емес. Себебі, Алла берген ақылды хақты тануға қолданбайтын, жанашырлығыңды дұшпандық деп қабылдайтын пенделер ел арасында жетерлік. Сол сияқты, Ислам дінін насихаттауды сылтау етіп ұпай жинауға тырысатын, дүние қамын күйттейтін, атақ-даңқты, байлық пен мансапты көксейтін «уағызшылар» да, өкінішке орай, жоқ емес. Мұндайлар ауырдың астымен, жеңілдің үстімен дегендей, қауымның әуеніне ілесіп, Алланың емес, адамардың көңіліне жағатын пәтуалар береді, үкімдерді бұрмалайды. Ең бастысы, тамағы тоқ, көйлегі көк болса болғаны! Бұлардың бәрі де қасірет әкелушілер: өздері де қасірет тартады, басқаларға да қасірет тарттырады.
Дін жолындағы табандылықтың, шынайылықтың нағыз үлгісін пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) көре аламыз.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) уағызына ілесіп, тура жолға түсушілердің саны Меккеде арта бастады. Бұл жағдайға алаңдаған мүшриктер пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немере ағасы Әбу Тәліпке келіп:
–Бауырыңа айт! Егер ол осы уағызы арқылы дүние табуды қалаған болса, біз оған қалағанынша мал-дүние берейік. Егер ол билікті қалаған болса, Меккенің шешімді сөз айтар тұлғасы етейік. Егер әйелдің көңілін табуды қалаған болса, ең сұлу қызға үйлендірейік. Тек, мына уағызын тоқтатсын, біздің тәңірлерімізді жоққа шығармасын! – деген ұсыныс айтады.
Мұны естігенде пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
–Алламен ант етіп айтамын! Оң алақаныма күнді қойып, сол алақаныма айды қондырып берсе де, мен бұл дінімді уағыздауды тоқтатпаймын! – деп жауап береді. Міне, осындай асқан табандылықтың, шынайылықтың нәтижесінде миллиондаған жандар ақиқатты таныды, тура жолға түсті, бір ғана Аллаға ғибадат қылып өтті, жәннатқа кірер қауым болуға мүмкіндік алды. Шынайы мұсылманның арманы да, мақсаты да жұртты тура жолға бастау, бір ғана Аллаға ғибадат қылуға шақыру емес пе?! Ендеше, табандылықтың нағыз үлгісін пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) алуымыз қажет.
Шымкент қаласы орталық мешіті