Адамзаттың асылы екі дүние сардары ең соңғы елші Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с)-нің дүниеге келген айы – мәуліт айы. Асыл дінімізде Мәуліт айының орны бөлек. Өйткені, бұл айда адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) дүниеге келген. Алла елшісін өз ата-анамызды танып, құрметтегендей сүю ләзім. Өйткені, хадис шарифте: «Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иман келтіре алмайсыздар», – деген. Ол Құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туған жері – дініміз үшін ең қасиетті де құрметті, Алла Тағаланың нұры жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдулла, оның әкесі Әбдүлмүтәліп. Анасының есімі – Әмина. Мәуліт сөзі араб тілінен аударғанда туылу уақыты немесе туылған күн дегенді білдіреді. 571 жылдың Раби`уль-Әууәл айының 12-сі дүйсенбі күні таң ағарып келе жатқанда Абдулла мен Әминаның шаңырағында ең соңғы елші Мұхаммед (с.а.с) дүниеге келді. Дүниеге келуімен әлемді қуанышқа, нұрға бөледі. Оның келуімен бұл әлемге Алланың рақметі жауды, сезімдер оянды, барлық нәрсе ерекше бір мағынаға, ерекше бір әсемдікке бөленді. Алла тағала соңғы елші Мұхаммед (с.а.с) жайында қасиетті Құран Кәрімде былай дейді: «Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік» (Әнбия сүресі, 107-ші аят). Адамзаттың асылы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.у. мына әлемге құт береке әкелумен барлық нәрсе өзгерді, ырыс-береке бүкіл әлемге шашылып нұрды аңсаған көңілдер қуанышқа бөленді. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.у. өзінің бір хадисінде былай деген: «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім». Исі мұсылман үшін бес күндік мына жалған дүниеде Пайғамбар өмірінен алар өнеге көп. Себебі мұсылманның өмірдегі ең басты мақсаты өзінің өмірге келуімен бүкіл әлемді нұрға, қуанышқа бөлеген ең соңғы елшінің сүннетіне еліктей білуі. Өйткені адам баласы өмірде өзіне өнеге тұтар ұлы тұлғаны іздеуі ақиқат. Алла Тағала қасиетті Құранда «Алладан, ақірет күнінен үміттенгендер мен Алланы еске алып тұратындар үшін Алланың елшісінде тамаша өнегелер бар» деген (Ахзаб сүресі, 21-ші аят). Өйткені оны бүкіл әлемдердің Раббысы Алла Тағала тәрбиелеп адамзатқа Пайғамбар етіп жіберді. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) тал бойындағы көркем мінезді өзгелерге үлгі ете білген жан. Өйткені туған-туыстарын аса құрмет тұтатын, үй ішіне аса мән беріп саңлақ сахабаларымен жақсы қарымқатынаста болатын. Айша анамыздан Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) мінез құлқы туралы бір сахаба сұрап келеді. Сонда Айша анамыз «Құран оқымайсың ба?» деді. Сонда ол «Әрине оқимын» деді. Айша анамыз оған «олай болса Расулулланың мінез құлқы Құран болатын еді» деп жауап берді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) көркем мінез-құлықты Құраннан алған, олай болса Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) өмір жолын оқу, оны насихаттау барша мұсылманға қажет. Адамзаттың асылы, пайғамбалардың сұлтаны, үмметінің қамқоршысы хазіреті Мұхаммед (с.а.с) 632 жылы бұл дүниемен қоштасып мәңгілік мекенге көшті. Арада қанша ғасыр өтседе үмметінің Пайғамбарына деген сағынышы артқан үстіне артуда. Барша мұсылман қауымына келіп жеткен мәуліт айы құтты болсын! Алла Тағала халқымызға амандық, елімізге тыныштық, береке-бірлік нәсіп етсін!


Омаров Өмірсерік «Айқап» мешітінің имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38