Ислам – адамның өмірдегі әрбір амал-әрекетіне тікелей немесе жанама түрде ықпал ететін белсенді дін. Алланың білдірген бұйрықтары мен тыйымдары адам өміріне өң береді. Алайда адам Алланы ұмытып, Оның әмір мен тыйымдарын елеусіз қалдыратын болса, нәтижесінде дүниенің күйбең тіршілігімен жүргенде діннің ықпалынан мүлде жырақ жағдайда қалады. Осының салдарынан бұл адам, дүниеге басы бүтін беріліп тынады. Құраннан мұның көптеген мысалдарын көруімізге болады. Елі мен жерін өзінің меншікті дүниесі ретінде санап, тек қана қара бас қамының пайдасына қатысты шешімдер шығарған Перғауын және дүние-мүлікке құмарлығымен танылған Қарұн дүниеқор адамдардың айқын мысалдары болып табылады. Олардың ортақ ұқсастықтары – шайтанға еру, сонымен бірге дүниеге келу мақсаты мен оларды жаратқан Раббыларын ұмыту. Осылайша Жаратушыны жатсынып, өмірден имансыз озды. Олардың шайтанға ергендіктері Құранда былай баяндалған: «Оларды әзәзіл шайтан билеп әкетті де Алланы еске алуды ұмыттырды. Олар шайтанның одақтастары. Біліп қойыңдар, шайтанның жақтастары үнемі жеңіліс табады». (Мужадилә, 58/19)

Дүниеқоңызға айналған адамдардың ортақ ерекшелігі Құранда баяндалған. Ол – дүниеден мал, атақ пен билік іспетті пайдаларды көздеу. Раббымыз Құранда осы ақиқатты былай баяндады; «Біз қай елге (Алланың азабынан сақтандыратын) ескертуші (пайғамбар) жіберсек олардың дәулеттілері: «Біз сенің пайғамбарлығыңды мойындамаймыз», – деді». (Сәбә, 34/34.) Олар бұл дүниедегі барлық нәрсе Аллаға тән екендігін ұмытты, барша нәрсе өздерінің иелігінде екендігін ойлап, өздерін тәңір санады. Осылайша дүниенің құлақ кесті құлына айналды. Олар дүниені ақыреттен артық санады. «Кім шектен шықса, дүние тіршілігін (ақыреттен) артық көрсе, оның барар орны тозақ болады». (Назиғат, 79/37-39.)

Күмәнсіз, адам баласының болмысында дүние мен оның нығметтеріне деген қызығушылық бар. Жаратушы Алла пенделерінің болмысындағы осы ақиқатты былай баяндайды: «Әйелдер, әсіресе еркек кіндік балалар, қап-қап алтын мен күміс, асыл тұқымды сәйгүліктер, төрт түлік мал мен егінжай сынды нәпсінің құмарын арттыратын дүниелер адамдардың көз жауын алатындай тартымды етілді. Әсілі, бұлар дүние тіршілігінің (өткінші) қызығы мен сәні ғана. Шүбәсіз, (адам жаны жай табатын) ең тамаша жай Алланың құзырында».( Әли-Имран, 3/14.)

Әзірет Пайғамбар сахабаларын Дүниеқұмарлықтан сақтандырды. Дүниеқұмарлық – Алланы ұмытып, дүниеге бет бұру, өлімді ұмытып дүниеге байлану, дүниеге батып, ақыретті ойланбау. Адамның Алла алдындағы жауапкершіліктерін ұмытып, ақыретке дайындық жасамау да Дүниеқұмарлықтың белгілеріне жатады.

Дүниеқұмарлық Алланы және ақыретті толығымен жоққа шығарудың нәтижесінде әрі Алланың бар екендігін мойындағанымен сеніміне селқос қараудан да туындайды. Алланың бар екенін мойындамайтындардың басым көпшілігі ақыретке сенбегендіктен онсыз да дүниеге ынтық болып келеді. Сондай-ақ Аллаға иман келтірсе де, дүниенің өткінші қызығына алданған көптеген мұсылман Дүниеқұмарлыққа бойалдыруы мүмкін. Ақыретке иман келтірсе де ешқашан өлмейтіндей дүниеге берілген, өлім мен ақыретті ұмытып, ақыретке қамданбаған қаншама мұсылмандар бар. Шындығында, бұл жайт, адам болмысында кездесетін нәрсе. Алла Тағаланың Кітабында баяндалғандай, адам баласы зымырап өте шығатын өмірге құштарланып, ақыретті артта қалдырады.

Алла Елшісін үмбетінің тек дүние нығметі үшін бір-бірімен таласып-тартысатыны ғана алаңдатпады. Дүниеге құнығудың салдарынан дінге деген ықыласы төмендеп, нәтижесінде қолындағы дүниесіне көбірек арқасүйеп кетуіне қатты уайым жұтты. Осыған орай, ол былай деді: «Дүниеге қызықпау – адамның адал нәрселерді өзіне арам етуі немесе бар малын таратып тауысуы емес. Керісінше, дүние тіршілігінде жүріп байлыққа қызықпау деген сөз, қолындағы нәрселерге Алла құзырындағы нәрселерден де артық сеніп кетпеу». (Ибн Мажә, Зухд, 1.) Олай болса, дүниеге құнығу – адамның қолындағы дүниесіне сенім артып, нәтижесінде өзін Аллаға мұқтаж еместей сезіну әрі байлығының өткінші екенін ұмыту. Сондықтан Алла Елшісі: «Мұсылман болып, өзіне жететіндей рызық берілген және Алланың оған бергендеріне қанағат еткен адам ақыреттік мұратына жетеді», – деген. (Мүслім, Зекет, 125.)

Байлық, мансап, атақ-абырой, шалқып өмір сүру секілді нәрселер адамды қызықтырғанымен, мұның арасында әсіресе байлықты жақсы көру қай кезде де алғашқы қатардан түскен емес. Сондықтан да Алла Елшісі: «Әр үмбеттің бір бүлігі (сынағы) бар. Менің үмбетімнің бүлігі дүние-мүлік» деп босқа ескертпесе керек. (Термези, Зухд, 26.)

Үмбетінің ашкөздікпен дүниенің соңына түсуін ұнатпаған Алла Елшісі қолдарындағы дүниенің қадірін білуге байланысты үнемі ескерту жасап отырған. Кейде, «Байлық – малдың көптігі емес, көңілдің тоқтығы»( Термези, Зухд, 34.) деп байлықты мал-мүлікпен өлшеуге болмайтынын білдірсе, кейде «Сендерден кімде-кімнің жаны мен тәні сау болып, күндік азығы болса барлық дүние оның қолына берілгендей болады»(Мүслім, Зухд, 9.) деп денсаулық пен бейбіт өмірдің барлық нәрседен артық екенін білдіреді.

Ендеше, Дүниеқұмарлық – Алланы және ақыретті ұмыту, дүниеге бар ынты-шынтыңмен ұмтылу, дүние ешқашан таусылмайтындай құнығу. Дүниенің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану яки бай-дәулетті болу Дүниеқұмарлыққа жатпайды. Ең бастысы, адам қолындағы материалдық мүмкіндіктерінің құрығына түспей, Алланың разылығына лайықты түрде қолданса болғаны…

Сейтаев Берік Егенович

Қарабастау мешітінің имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38