Жаратушы Алла адамзатты мәңгілік етпеді. Адамға өлшеулі өмір берді. Өлшеулі ғұмыр біткен соң, бұл пәниден бақиға кету бұл дүниенің өзгермейтін құбылысы. Әрбір пенденің бұл дүниедегі мақсаты бір Аллаға құлшылық ету. Ешбір адамзат ғұмырын ұзартып жанын сақтай алмайды, өйткені мәңгілік тек Аллаға тән. Құранда Алла тағала былай баяндайды:
وَلِكُلِّ أُمَّةٍ أَجَلٌ فَإِذَا جَاء أَجَلُهُمْ لاَ يَسْتَأْخِرُونَ سَاعَةً وَلاَ يَسْتَقْدِمُونَ
«Әрбір үмбеттің белгілі мерзімі бар. Олардың мерзімдері келгенде оны бір сағат кешіктіре де, ілгерілете де алмайды» (Ағраф сүресі, 34-аят).
كُلُّ مَنْ عَلَيْهَا فَانٍ. وَيَبْقَى وَجْهُ رَبِّكَ ذُو الْجَلالِ وَالإِكْرَامِ
«Оның (жердің) үстіндегінің бәрі – фәни. Тек ұлылық пен жомарттықтың Иесі – Раббың ғана қалады» (Рахман сүресі, 26-27 аят).
كُلُّ نَفْسٍ ذَآئِقَةُ الْمَوْتِ
«Әрбір жан өлімнің дәмін татады», – деген Әли Имран сүресінің 185-аятында.
وَمَا تَدْرِي نَفْسٌ مَّاذَا تَكْسِبُ غَداً وَمَا تَدْرِي نَفْسٌ بِأَيِّ أَرْضٍ تَمُوتُ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ
«Ешбір жан ертең не болатынын білмейді, ешбір жан қай жерде өлетінін білмейді. Шындығында, Алла – бәрін Білуші һәм Хабардар» (Лұқман сүресі, 34-аят).
Жан алушы періште адамдардың жалбарынғанына қарамайды, Алланың әмірін орындайды. Пенденің ажалы жеткен сәтте қандай күйде, қандай халде болмасын жанын алады. Ол туралы Құранда былай баяндалған:
أَيْنَمَا تَكُونُواْ يُدْرِككُّمُ الْمَوْتُ وَلَوْ كُنتُمْ فِي بُرُوجٍ مُّشَيَّدَةٍ
«Қайда болсаңдар да сендерге ажал жетеді, тіпті, тұрғызылған мұнараларда болсаңдар да» (Ниса сүресі, 78-аят)
Халықта сондай үлгілі сөз бар: «Ажал айтып келмейді«
Ажалдың тосыннан келуі жайында көптеген Хадис Шәрифтер бар.
عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا أَنَّ رَجُلا قَالَ لِلنَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ أُمِّي افْتُلِتَتْ نَفْسُهَا وَأَظُنُّهَا لَوْ تَكَلَّمَتْ تَصَدَّقَتْ فَهَلْ لَهَا أَجْرٌ إِنْ تَصَدَّقْتُ عَنْهَا قَالَ: نَعَمْ. رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Аишадан (р.а.) жеткен риуаятқа қарағанда: «Бір кісі Пайғамбарымыз саллалаһу алейхи уассаламға келіп; «Уа, Расулаллаһ! Менің анам тосыннан дүниеден өтті. Егер менің анам өлуінің келетінін білгенде менің атымнан садақа бер деп өсиет ететін еді, сол үшін анамның атынан садақа берсем болады ма?- деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.); «Ия, әлбетте болады,- деді».(Бухари, Муслим, Абу Дауд, Насаи риуаяты).
Бұл риуаятта тосыннан келуші өлім пендені өсиет етуден, күнәларға тәубе қылып, өлім келуінен алдын ізгі амалдарды орындаудан тосып қоятыны айтылуда. Сол үшін ата-бабаларымыз тосыннан келетін өлімнен Алладан пана сұраған.
عَنْ عَبْدِ اللهِ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: إِنَّ نَفْسَ الْمُؤْمِنُ تَخْرُجُ رَشْحًا وَلا أُحِبُّ مَوْتًا كَمَوْتِ الْحِمَارِ قِيلَ: وَمَا مَوْتُ الْحِمَارِ قَالَ: مَوْتُ الْفَجْأَةِ. رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ وَالطَّبَرَانِيُّ وَسَنَدُهُ ضَعِيفٌ.
Абдуллаһ ибн Масүьдтан (р.а.) жеткен риуаятқа қарағанда, Алла Елшісінің былай дегенін естіген: «Мұсылманның жаны тер аққан хәлінде жеңіл шығады. Мен есектің өлімі сияқты өлімді жақсы көрмеймін«. Сонда біз; «Есектің өлімі қандай болады?»- деп сұрадық. Сонда, Ол; «Тосыннан өліп қалады» деді. Бұл риуаятта мұсылман пенденің жаны терлеген хәлінде шығуы, тосыннан келуші өлімнің жақсы еместігін айтылып жатыр.
عَبْدِ اللهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِي أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ اسْتَعَاذَ مِنْ سَبْعِ مَوْتَاتٍ: مَوْتِ الْفَجْأَةِ وَمِنْ لَدْغِ الْحَيَّةِ وَمِنْ السَّبُعِ وَمِنْ الْحَرَقِ وَمِنْ الْغَرَقِ وَمِنْ أَنْ يَخِرَّ عَلَى شَيْءٍ أَوْ يَخِرَّ عَلَيْهِ شَيْءٌ وَمِنْ الْقَتْلِ عِنْدَ فِرَارِ الزَّحْفِ. رَوَاهُ أَحْمَدُ وَالطَّبَرَانِيُّ وَسَنَدُهُ صَحِيحٌ.
Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас (р.а.) риуаят етеді: «Пайғамбарымыз саллалаһу алейхи уассалам жеті түрлі өліммен өлуден Алладан пана сұрайтын еді: Тосыннан келуші өлімнен, жыланның шағуы немесе жыртқыш аңның қолынан өлуден, өртеніп өлуден, суға батудан және бір нәрсе үстіне құлап өлуден немесе бір нәрсе басып қалып өлуден, соғыстан қашып өлуден.
عَنْ عَائِشَةَ قَالَتْ: سَأَلْتُ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ مَوْتِ الْفَجْأَةِ فَقَالَ: رَاحَةٌ لِلْمُؤْمِنِ وَأَخْذَةُ أَسَفٍ لِفَاجِرٍ. رَوَاهُ أَحَمَدُ وَالْبَيْهَقِيُّ وَسَنَدُهُ ضَعِيفٌ.
Аишадан (р.а.) жеткен риуаятқа қарағанда былай дейді: «Мен Расулаллаһтан тосыннан өліп қалу жайында сұрадым. Сонда, Ол: «Ол мүмін үшін рахат, күнәһарға өкініш«-деді.
Кімде-кім күнәдан тыйылып, мұсылмандық міндетін толық орындап, ақыреті үшін дайындық жасаған мүмін үшін тосыннан өлу – Рахат. Осылайша ол дүние қиыншылықтарынан құтылады, Алланың рахметіне бөленеді.
Ал күнәға батқан пенде үшін өлім қайғы-қасірет, өкініштен басқа нәрсе емес. Себебі ол ғибадаттарын орындамай, күнә істерге батып, тәубе етуге үлгермеген болады. Сондықтан да күнәһар пенде өліммен бетпе-бет келгенде өкініште болады.
Ансарлардың бірі біздің сүйікті Пайғамбарымыздан (ﷺ): «Уа, Алла Елшісі! Ең ақылды әрі бақытты жан кім?» – деп сұрайды. «Кімде-кім өлім жайында көп ойланып, өлімге дайын болса – сол ақылды, сол осы дүниеде және о дүниеде қадір-қасиет пен абыройға лайық болады», – деп жауап берген екен (ат-Табарани, Ахмад).
Біздің де ата-бабаларымыз өлім жайында көп өнегелі сөздер қалдырған. Соның бірі ретінде Шәкәрім Құдайбердіұлының мына ғибратты сөздерін келтіруге болады:
Өлімнің хақ екенін көрсең де,
Өлместей омыраулап шатасың.
Тоздақтың барын біліп жүрсең де,
Күнәға, әлің келсе, батасың.
Сауап көп ғибадатта десең де,
Жалығып, жалқауланып жатасың.
Алланың адал ризығын жесең де,
Арамды әдейі іздеп татасың.
Сыртыңды сыланасың өң беріп,
Ішіңнің түзетпейсін қатасын.
Айламен алдағанды жөн көріп,
Адамды аң орнына атасың.
Жалғанның бір пайдасын көргенде,
Арланбай, арыңды да сатасың.
Алланың ақ өлімі келгенде,
Амалсыз қара тастай қатасың.
Тағы бір сөзінде
Адамдар мал-мақтан үшін соғысып, өзі жек көретін өлімге жанын тапсырады.
Құрметті де ардақты мұсылман бауырлар! Шәкәрім бабамыз айтпақшы әр біріміз жанымызды өлімге тапсырамыз. Ажалдың келуі тым тез. Өміріміздің қадірін білейік. Ажал келместен ажалымызға дайын болайық.
Бақытжан Иманқұлов «Әзіреті Әли» мешітінің имамы