Алла Тағала өзінің елшілерін адамдардың арасынан іріктеп алды. Олардың басқа адамдардан айырмашылықтары, өздеріне тән сипаттары болды. Олардың бастылары мынадай:
1. Әл-Ъисмат – Күнә-қателіктерден таза болу. Алла Тағала өзінің тапсырмасын орындайтын таңдаулы құлдарын басқаларға үлгі ету үшін оларды күнә-қателіктерден кіршіксіз таза қылды. Олар күпірліктен, екіжүзділіктен, өтірік айтудан, үлкенді-кішілі күнәлардың бәрінен де пәк таза. Өйткені адамдарды тура жолға бастаушылар барлық жағынан олардың алдында әрі оларға үлгі болуы тиіс. Алайда сондай биік қасиеттерге ие болса да пайғамбарлар жасаған құлшылықтарын жеткіліксіз деп санап әрдайым Раббыларына тәубе жасап отырған.
2. Сенімділік. Алла алдындағы шынайы сенімділік пайғамбарларға тән қасиет. Олар өздеріне жүктелген Алланың аманатын жеріне жеткізе орындап, Раббыларының сенімді де, сүйікті құлдары болып қалды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.)-ды да жерлестері пайғамбарлық келместен бұрын сенімділігіне таң қалып Мұхаммед-Әмин, яғни «Сенімді Мұхаммед» деп атаған.
3. Шыншылдық. Пайғамбарлардың барлығы да шыншыл пенделер. Алла Тағала оларға шыншылдық қасиет берген. Қандай да пайғамбар тек шындықты ғана айтқан. Алла Тағала: «Алла да, Оның елшісі де тек шындықты ғана айтты» (Ахзаб, 22), – деген.
4. Аса зеректілік. Пайғамбарлардың ақыл-ой деңгейлері өте жоғары болған. Сол қасиеттері арқылы олар Алла тарапынан келген уахиларды, үкімдерді жатқа айтқан. Керісінше, ұмытшақтық, ғапілеттік сияқты кемшіліктерден ада болған. Кәпір қауымдармен айтысқанда да дәйекті мысалдар мен нақты дәлелдер келтірген.
5. Дінді жеткізу. Пайғамбарлар Раббыларынан келген уахиларды, әмірлерді бұлжытпай орындап, адамдарды тура жолға шақырған. Алла тарапынан түсірген нәрселердің ешқайсысын жасырып қалмаған. Сондықтан да Алла Тағала Өзінің соңғы елшісі Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.): «Уа, елші! Раббың тарапынан өзіңе түсірілгенді жеткіз» (Мәида, 67), – деп бұйырған.
6. Мұғжиза. Алла тағала Өзінің елшілері мен пайғамбарларына адамдарды иландырып, иманға келтірулері үшін ең үлкен керемет дәлел – мұғжизаларды берген. Мысалы, Ибраһим пайғамбардың мұғжизасы – отта жанбай қалу болса, Мұса пайғамбардікі – асатаяқ, Дәуіттікі – таулармен бірге тәсбих айту, Сүлеймендікі – жындар мен адамдарға, жануарларға билік жүргізу, Исанікі өліні тірілту болса, ал соңғы Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.)-нің мұғжизалары да көп, олардың ішіндегі ең үлкені – Құран Кәрім.
7. Ер кісі болуы. Пайғамбарлар тек ер адамдардан шыққан. Уахи да тек ерлерге ғана түскен. Ал Иса пайғамбардың анасы Мариям – Алланың ізгі күңі.
Шымкент қаласы орталық мешіті