ОҚО Ордабасы ауданы Темірлан ауылы «Есілбай ата» мешітінде жастар арасында «Менің сүйікті пайғамбарым» атты рухани танымдық іс-шара болып өтті. Жарыс өткізудегі мақсат жастарға пайғамбарымыз ﷺ-ның өмір баянын, мінез-хұлықын және айтқан өсиеттерін бойларына сіңіріп, нағыз мұсылмандық сипаттарға ие болу. Жарыс шарты бойынша сайысқа түскен 18 жігіт бақтарымен баптарын сынады. Жарысқа қатысушылар пайғамбарымыздың өмір баянын 3 минут ішінде толықтырып айту, пайғамбарымыз ﷺ өмірінен бір хикаяны баяндау, пайғамбарымызға ﷺ арнап өлең оқу, уағыз айту, діни негізінде красворд шешу және сұрақ алып бір минут ішінде жауап беру сияқты сынақтардан тұрды. Қазылар алқасы үш кісіден, яғни білікті имамдардан құралды.
Жарыс барысында мешіт жамағатына пайғамбарымыз ﷺ-ға салауаттар айтудың артықшылықтары туралы уағыздар айтылды. Қазылар алқасының ұйғарымымен (балдық көрсеткішпен) бірінші орынға (үздікке) 50 000 теңге және марапат қағазымен «Кәусар» гимназиясы оқушысы Сарыбаев Абдуғаппар, екінші орынға 25 000 теңге және марапат қағазымен Елгендиев Диас (Сарыағаш медресе колледжі шәкірті), үшінші орынға 15 000 теңге және марапат қағазымен Ынталы ауылынан Жамалов Рамазан лайықты деп танылды.
Сонымен қатар ынталандыру сыйлығы бес жігітке «тефаль» шәйнектерімен, «Адамзаттың асыл тәжі» мен «Мұсылман қорғаны» секілді кітаптар тарту етілді. Ынталандыру сыйлықтары Молдабай Оралбай, Тұрсынбаев Ерқасым, Данияр Мұхаммеджан, Билалов Абдусамад, Арыстанбек Асқарларға бұйырды.
«Осында рухани жарыс яғни іс-шара жыл сайын ұйымдастырылатын болып шешілді. Алдағы уақытта жарыс жеңімпаздарына Алла тағала бұйырса кіші қажылық жолдамасы тігілетін болады.-деді ұйымдастыру алқасының төрағасы Дәрібаев Қайрат.
Жалпы, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Алла разы болсын!
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі