Ибн Мәсғуд (р.ә.) жеткізген хадисте Хазіреті Пайғамбар (с.ә.с.) былай деген: «Расында шынайылық ізгілікке, жақсылыққа бастайды. Ал, ізгілік жәннатқа апарады. Бір адам шындықты көп айтса Алла Тағаланың алдында ол шыншыл деп жазылады. Өтірік бұзақылыққа әкеліп соқтырады. Ал, бұзақылық тозаққа апарады. Бір адам өтірік айта берсе, Алланың алдында өтірікші суайт деп жазылады».

Шыншылдық – мұсылманның сипаты. Ол – түбінде жәннатқа жетуге себеп болатын жақсы қасиет. Ал, өтірікшілдік – өте жаман әдет, түбінде тозаққа түсуге себеп болатын жаман қасиет. Пайғамбарымыз (с.ә.с.) жас шағында жұрт арасында шыншыл, сенімді деп аталған.

Адамның кісілік болмысына тән бұл қасиет қашан да қоғам алдында бәрінен де жоғары тұрады. Қоғамда шындық өмір сүрмесе, мемлекет, қоғам тарапынан шынайылық бағаланбаса, ел өмірінде мәдени өзгеріс, даму болған емес.Шындық әлем, қоғам, адам болмысын біріктіріп отыратын ұғым. Шындықсыз мүмкіндік жоқ. Кез келген әлеуметтік дамудың құбылыстарын негіздеп отыратын мүмкіндік шындық арқылы көрінеді және адам өмірінің рухани келбетін айқындаушы мәнге айналып отырады. Шындық болмаса, білім де жетілмейді, білімнің де негізге алатыны шындық. Тарихқа қарайтын болсақ, нағыз зиялы адамдар шындық үшін жігерін сарқа жұмсаған. Себебі білім ілімге айналып, адамзатқа тегіс тарамаған уақытта шындықты тану, жалған нәрселерден сақтану мүмкіндігі қоғамда бірдей тегіс бола бермеген. Осының салдарынан ойшыл адамдар игілік (білім, өнер) жолында, ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырып отыруда, ел мүддесіне аянбай еңбек етуді дәстүрге айналдырған. Сондықтан, шындықты тану үшін қоғамның болмысында шыншылдық қасиет болуы қажет.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38