Жуырда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітап оқырманға жол тартты. Кітап рух пен тіл тазалығын сақтауға үндейді.
Рух деген сөз жан, күш деген ұғымды білдіреді. Рух – Алланың ғажайып жаратылыстарының бірі. Оның сырын тек Алла біледі. Құранда «Исра» сүресінің 85-аятында былай делінген: «(Уа, Мұхаммед) Олар сенен рух жайлы сұрайды. (Сен оларға): «Рух – Раббымның ғана білетін ісі. Бұл мәселеде сендерге тым аз ілім берілген», – деп айт».
Алла Тағала адам баласына рух туралы өте аз білім берген. Бұл – Жаратушы Иеміздің хикметтерінің бірі. Ислам әлеміне әйгілі Имам Ғазали (оған Алла разы болсын) рух туралы былай деген: «Рух – адам жаратылысының негізі. Барлық дене оған қызмет етеді. Рухтың қайнары – Алла Тағаланың бізге сыйлаған білімі. Рух хайуанда жоқ. Рух – дене емес, бөлінетін зат та емес, оны бір нәзік жауһар десек болады. Періштелер осы жауһар жынысынан болар. Рух – нәзік бір ақиқатты тану, оны талдауға рұқсат жоқ».
Рух мәселесін сөз еткенде жан тазалығы меңзеледі. Халқымызда: «Тәні саудың – жаны сау» деген қанатты сөз бар. Имам Ғазали (оған Алла разы болсын) айтқандай, барлық дене адам рухына қызмет етеді. Адам тәні күнәлі істер мен зиянды әрекеттерден аман болса, оның жаны да жамандық атаулыдан аман болады. Сондықтан өзін жамандықтан сақтаған адам нәпсімен күресіп, жанын тазартып, рухын кемелдендіруге тырысады.
Қасиетті Құранда: «Анығында, Алла істеген күнасына шынайы өкініп, Өзіне бойсұнуға қайтушыларды (тәубе етушілерді) жақсы көреді әрі тазарушыларды жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 222-аят) делінген. Асыл дінімізде жан мен тән тазалығына аса мән беріледі. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ислам діні таза дін, сендер де таза болыңдар, жәннатқа таза болғандар ғана кіреді» деген өсиетін жеткізген. Біз бұл аят-хадистерден Ислам діні тән мен жан тазалығын сақтауға шақыратынын түсінеміз.
Жан тазалығын сақтауға итермелейтін сипаттардың бірі – яқин. Яқин дегеніміз – Алланың әмірлері мен уәделеріне, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рұқсат берген және тыйым салған сөздеріне шын сену, яғни лайықты түрде иман келтіру.
Жаратушы Жаббар Иеміз Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарына және пайғамбарына бірте-бірте түсірген Кітапқа, сондай-ақ бұрын түсірген иләһи кітаптарға лайықты түрде иман келтіріңдер» («Ниса» сүресі, 136-аят) деп әмір еткен.
«Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітаптың «Тұлғалық ихсан» тарауында: «Адам жақсы нәрсені тани түскен сайын соған ынтық болады. Оны көруге асығады. Яқин сенімі күшті мүмин сол ғайып әлемді көзіме көргендей халде болып, амал-харекетке көшеді. Оның сенімі оған маза бермей бейне махшарда жүргендей өмір сүреді. Жаза басудан қорқып, ізгілікке жаны құмар болады. Яқин – иман күшінің шексіз екенін көрсетеді. Жүректегі сенім берік орнықса, онда әлгі адамды яқини сенім иесі деп айтуға толық негіз бар» деп жазылған.
Расында, Аллаға деген сенімі мықты мұсылман кез келген сынаққа сабыр етіп, оны көркем мінезімен жеңеді. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүмин адам жаңа шыққан шөп секілді. Ұйытқыған жел оны жұлып ала алмайды. Мүминнің басына сынақ келсе мойымайды» деген.
Кітаптың «Тұлғалық ихсан» тарауында тіл тазалығына қатысты «Көп сөйлемеу», «Шыншылдық», «Тілді сақтау», «Ғайбат, өсек, өтіріктен сақтану», «Жала жаппау», «Әзілдесу әдептері», «Өзгенің арына тимеу», «Мазақтамау» сынды тақырыптар қамтылған. Бірде Хазіреті Әли (оған Алла разы болсын): «Айтылғанға дейін сөздің иесі сен боласың, айтқан соң сөз сенің иең болады» деген екен. Расында, адамдар арысындағы түсінбеушіліктер мен жан-жалдар көп жағдайда дұрыс сөйлемегеннің салдарынан туындап жатады. Жаратушы Иеміз Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және дұрыс сөз сөйлеңдер» («Ахзаб» сүресі, 70-аят) деп ескерткен. Мына хадистен тіл тазалығы адам тағдырына әсер ететінін анық аңғарамыз: «Адам баласы таңертең ұйқыдан тұрғанда бүкіл дене мүшелері тілдің алдында бас итіп: «Біз үшін Алладан қорық. Шын мәнінде біз саған тәуелдіміз. Егер сен туралықты ұстансаң, біз де тура жолда боламыз. Ал егер тура жолдан тайсаң, біз де таямыз» деп айтады».
Алла Тағала баршамызға тіл мен рух тазалығын сақтауға күш-қуат, мықты сенім нәсіп еткей. Әмин!
Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,
Шымкент қаласының бас имамы