Бүгін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігіне қарасты мешіт имамдары қалалық №13 емханада Ораза айының бірінші күні коронавирусқа қарсы екпе салдырды.
Вакцина салдыруға Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Абдрахманов, найб имам Мұхамеджан Естеміров, Жастар ісі секторының жетекшісі Анарғали Керімбеков, Абай аудан бас имамы Бердалы Жәміш, Әл-Фараби аудандық мешіттің бас имамы Ахметжан Керімбек, Қаратау аудандық мешіттің бас имамы Дастан Желеуов, Еңбекші аудандық мешіттің бас имамы Берік Қалдаров бастаған бір топ имамдар Ораза айының бірінші күні коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.
“Құрметті мұсылман жамағат! Қасиетті Рамазан айының бірінші күні өзімнің және халықтың денсаулығы үшін алаңдап, алдағы уақытта жағдай жақсарсын деген жақсы ниетпен бір топ имам болып вакцина салдырдық. Алдағы уақытта жағдайымыз жақсарып, қалыпты өмірге келуі үшін жұмыла күресуіміз керек. Мешіттер ашылып, құлшылық ғибадатымызды жасасақ. Бұл вакцина адам баласына қажет азық немесе ағзаға қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне инемен екпе егу оразаны бұзбайды» – дейді қаланың бас имамы Б.Нұрматұлы.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы мешіттерде 260-қа тарта имам бар. Жергілікті діни қызметкерлердің барлығы Ораза айында ковидке қарсы вакцина салдыруды жоспарлап отыр.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі