«Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ұлы ұстанымды тіршілігінің басты қағидасы етіп ұстанған қазақ халқы үшін ар-намыс, ұят-ұждан ұғымдары аса киелі. Дала тұрғыны дүние күйіп кетсе де, ар-намысты таптатпауға тарс бекінген. Жаны үшін малын садақа етсе, ар-ұят үшін жанның өзін пида етуге дайын болған. Өйткені қазақ үшін «өлімнен ұят күшті». Сондықтан да ел арасында мынадай мақалдар кең тараған. «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Ұят бар жерде иман бар», «Ұялмаған бұйырмағаннан ішеді», «Ер болсаң нәпсіңді жең».
Мұндай биік ұстаным айқын иманның белгісі. Қасиетті Құран аяттары мен хадистерде ұятты болуға шақыратын ұлағат сөздерді көп кездестіреміз.
عَنِ بْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ لِكُلِّ دِينٍ خُلُقًا وَإِنَّ خُلُقَ الإِسْلاَمِ اَلْحَيَاءُ». رَوَاهُ ابْنُ مَاجَه.
Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Әрбір діннің өзіне тән мінезі бар, Исламның мінезі – ұяттылық», – деген[1].
عَنْ عِمْرَانِ بْنِ حُصَيْنٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «اَلْحَيَاءُ لاَ يَأْتِي إِلاَّ بِخَيْرٍ». وَفِي رِوَايَةٍ: «اَلْحَيَاءُ خَيْرٌ كُلُّهُ». مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ.
Имран ибн Хусайыннан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Ұят тек жақсылық әкеледі», – деген. Басқа риуаятта: «Ұяттың барлығы да қайырлы», – делінген[2].
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «الْحَيَاءُ مِنْ الإِيمَانِ وَالإِيمَانُ فِي الْجَنَّةِ وَالْبَذَاءُ مِنْ الْجَفَاءِ وَالْجَفَاءُ فِي النَّارِ». رَواهُ التِّرمِذيُّ وابنُ حِبَّانَ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) Алланың Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Ұят – иманнан, ал иман жәннатта болады. Бұзық сөз – дөрекіліктен, ал дөрекілік тозақта болады»[3].
[1] Ибн Мәже риуаят еткен.
[2] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.
[3] Термези, Ибн Хиббан риуаят еткен.